Президент • 03 Маусым, 2019

Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келді

1158 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келді. Әуелі Мемлекет басшысы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Минералды тыңайтқыштар» зауытына атбасын бұрып, аталған кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келді

  Қазақстан Республикасының Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде жүзеге асырылған химиялық зауыт ауыл шаруашылығы үшін фторсыздандырылған минералды тыңайтқыш шығарады. Президентке өндірістің қазіргі көрсеткіштері мен экспорт көлемін ұлғайту жөнінде есеп берілді. Сонымен қатар, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров 2016 жылы жүргізілген зауытты қайта жабдықтау жұмыстары өндіріс көлемін екі есеге ұлғайтуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Жамбыл облысына сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа ағымдағы жылдың басынан бері зауыттың 29,1 миллиард теңгенің өнімін өндіргені баяндалды. Оның ішінде 24 мың тонна азот тыңайтқышы болса, 122 мың тоннаға жуық фосфор тыңайтқышы өндірілген. Өнім ішкі нарықты толық қамтамасыз ете отырып, Америка Құрама Штаттары, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей елдеріне экспортталады. Бүгінгі таңда аталған кәсіпорында барлығы 1 мыңнан астам адам жұмыс атқаратын болса, оның ішінде 344 әйел адамдар бар. Айта кетейік, еліміз бойынша Жамбыл облысы химия саласының дамыған аймағының бірінен саналады. Өңірдің химия өнеркәсібін дамыту саласындағы әлеуеті жоғары. Химия саласы өңірдің бүкіл өнеркәсіп өндірісінің 20 пайыздан астамын құрайды. Қазіргі кезде аймақта заманауи химия кластерін құру жөнінде жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, Қаратау және Жаңатас қалаларындағы жобаларды, «Химпарк-Тараз» арнайы экономикалық аймағын іске қосу арқылы облыстың өнеркәсіп өндірісінің көлемін едәуір арттыру шаралары қолға алынған.

  Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың шаңырағына барды. Тараз қаласында аса қауіпті лаңкес қылмыскерді құрықтау барысында қаза тапқан батырдың жары мен балаларының жағдайымен танысқан Мемлекет басшысы олардың қажеттіліктеріне де көңіл бөлді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Ғазиз Байтасовтың ерен ерлігінің бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екендігін атап өтіп, батыр есімінің ел жадында мәңгі сақтала беретінін жеткізді. Қазақстан Президентіне қызмет барысында ерлікпен қаза тапқан Ғазиз Байтасовтың құрметіне қойылған ескерткіш тақта, фотосуреттері, медальдары мен жеке заттары көрсетілді. Қаһармандықтың үлгісін көрсеткен Ғазиз Байтасовтың атына Тараз қаласынан көше беріліп, тұрған үйіне ескерткіш тақта қойылған болатын.

  Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында болды. Мұнда Мемлекет басшысы «Көне Тараз» кешенінің саябағы аумағынан археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған экспонаттармен танысты. Аталған орталықта 20 гектар алқапта шолу мұнарасы, «Достық үйі» мен конгресс-холлы бар мәдени орталық, «Тараз саздары» стелласы, «Мыңбұлақ» саябағы, қазба жұмыстары барысында табылған экспонаттар қойылған музей нысаны орналасқан. Табылған, қойылған көне заттардың бәрі де нақышына келтіріліп салынған ою-өрнекке бай әрі қолдан жасалған. Бұл жерде алтын және күміс тиындар, қыш ыдыс-аяқтар, қыш құбыр жүйелері мен өзге ортағасырлық жәдігерлерді атауға болады. «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ашылған маңызды нысанның бірі. Аталған орталыққа өткен жылы 145 мыңнан астам турист келсе, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 16 мың келуші Тараз тарихымен танысқан.

  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған орталыққа таяу «Шахристан» тарихи-мәдени кешенінде бой көтеретін нысандардың эскиздерімен танысты. Президентке «Шахристан» кешені аумағында алдағы уақытта көркем сурет галереясы, өлкетану музейі, көрме залы және руханият орталығы, арбат, қолөнер шеберханасы, амфитеатр, сонымен қатар көлемді сағат стелласы сияқты нысандардың бой көтеретіндігі туралы баяндалды. Олардың құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы 25 мамырдан басталып та кетті.

  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Арай Плаза» кешенінде өткен қорытынды жиынға қатысып, өңірдің білім, денсаулық сақтау сияқты өзге де маңызды салаларына тоқталды. Жамбыл облысында атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарға оң бағасын берді. Алайда, облыстағы қылмыс көлемін азайтуға күш салу керектігін де баса айтты. « Облыстағы қылмыс көлемін азайту керек. Қазақ амандасқанда «Мал-жан аман ба?» деп жөн сұрасқан. Дегенмен, соңғы кезде қорадағы малын таппай қалатын азаматтар көбейіп барады. Өткен жылы елімізде 5,5 мың мал ұрлығы тіркелген. Ұрлық жақсылыққа апармайды! Бұған тыйым салу керек! Адал еңбек етіп, күнін көріп отырған малшыларды қорғауымыз қажет! Заңды қатайтып, қылмыскерлерді сыбайластарымен қосып, қатаң жазалау керек. Ішкі істер министрлігі қызметкерлерімен кездесуде осы мәселеге қатысты нақты тапсырмалар бердім. Сондықтан, әкімдіктер мен жергілікті полиция барымтаға қарсы шұғыл шаралар қабылдауы тиіс. Қылмыстық кодекске тиісті өзгертулер енгізу қажет. Парламент депутаттары осы бастаманы қолдап, мәселенің оң шешім табуына атсалысады деп сенемін», деді Президент.

  Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі қылмысының ушығуы жайына да тоқталды. «Облыстағы келесі өткір мәселе – есірткі қылмысының ушығуы. Бұл – бүкіл қоғамды алаңдатқан өзекті мәселе. Өкінішке қарай, қазіргі озық технология дамыған заманда «есірткі бизнесінің» дәурені жүріп тұр. Есірткі сататын «астыртын» жарнамалар қаптап кетті. Тіпті, арнайы сайттар ашылған. Бұл, ең алдымен, жастардың санасын және ел денсаулығын улайтын кесел. Мұны тоқтату қажет! Жол бермеу керек! Заң жүзінде тосқауыл қоюымыз аса маңызды! Есірткі сатуды кәсіпке айналдырған қылмыскерлер қатаң жазалануы керек! Полиция қызметкерлеріне осы мәселе бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын», деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, өңірде туризм индустриясын дамытудың маңыздылығын ескеріп, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовке Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарын байланыстыратын «Жаңа Жібек жолы» экспедициялық маршрутының туристік инфрақұрылымын дамытуды тапсырды. «Әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орны туризм саласымен байланысты. Бұл бағытқа ерекше көңіл бөлу керек. Өңірде туристерді қызықтыратын тарихи орындар жеткілікті. Бес нысанға ЮНЕСКО тарапынан халықаралық мәртебе берілген ежелгі қалашықтар: Ақтөбе-Баласағұн, Құлан, Өрнек, Қостөбе, Ақыртас. Жамбыл жеріндегі Айша бибі және Қарахан кесенелері, Жайсаң киелі жері, Көксай шатқалы және басқа да тарихи орындар – халқымыз үшін ортақ мәдени құндылықтар. Үкімет туризм саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдауда. Оған ең маңызды 10 туристік нысан кіреді. Оның екеуі Алматы өңірінің тау кластері. Ал, Түркістанның тарихи-мәдени туристік орталығы Жамбыл облысымен шекаралас орналасқан. Өңірдің тарихи-мәдени маңызын ескере отырып, Жамбыл облысының әкіміне үш облыс аумағымен өтетін «Жаңа Жібек жолы» экспедициялық маршрутының (Алматы, Түркістан, Жамбыл) туристік инфрақұрылымын дамытуды тапсырамын. Аймақтың туристік қуатын арттырып, инвестиция тарту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Үкімет пен әкімдік бұл саланы бірлесе дамытуға күш салуы керек», деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар, жұртшылықпен кездесу барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы «Президент ретінде мен үшін басты міндет – биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыру», деп атап өтті.

  Президентпен кездесу барысында Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Мейрамбек Төлепберген еңбек қауіпсіздігін сақтау туралы айтса, кәсіпкер Анар Бексұлтанова І және ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға несие берілмейтіні туралы мәселе көтерді. Сонымен қатар, Байзақ ауданы Ғ.Мұратбаев атындағы гимназияның биология пәнінің мұғалімі Евгений Кравчук, «Біз біргеміз» волонтерлар қозғалысының төрағасы Уәлихан Болатбек мемлекеттің жастарға жасап отырған қамқорлығы жөнінде әңгімелесе, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов ғылым саласын ілгерілету туралы ойымен бөлісті. Өз сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жарыссөзге шыққан азаматтардың ұсынысы орынды екенін, тиісті мәселелер бойынша Үкіметке тапсырма берілетінін атап өтті. Жиын соңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еңбекте табысқа жеткен бірқатар азаматтарды Алғыс хатпен марапаттап, Жамбыл облысындағы жұмыс сапарын қорытындылады.


Жамбыл облысы