Ізгіліктің қайнар көзі
Сәрсенбі, 1 мамыр 2013 2:13
Қазақта «Ырыс алды – ынтымақ» деген аталы сөз бар. Осы ұлағатты берік ұстанып, нақтылы өмірде жүзеге асырып жүрген жетісулықтар қоғамдық тұрақтылықты сақтап, бірлікті нығайтқан үстіне нығайта түсуде. Соның жанды дәлелі ретінде мерекелік күндерде шадыман шаттыққа бөлене әр халық ұлттық киімдерін киіп шығып, көңілдерге қуаныш сыйлайтынын айтуға болады.
Сәрсенбі, 1 мамыр 2013 2:13
Қазақта «Ырыс алды – ынтымақ» деген аталы сөз бар. Осы ұлағатты берік ұстанып, нақтылы өмірде жүзеге асырып жүрген жетісулықтар қоғамдық тұрақтылықты сақтап, бірлікті нығайтқан үстіне нығайта түсуде. Соның жанды дәлелі ретінде мерекелік күндерде шадыман шаттыққа бөлене әр халық ұлттық киімдерін киіп шығып, көңілдерге қуаныш сыйлайтынын айтуға болады.
«Облыста 103 этнос өкілдері тұрады. 71 этномәдени бірлестіктер осы этностық топтардың мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін дамыту мақсатында жүйелі жұмыс атқаруда. Олардың 48-і аудандар мен қалаларда болса, облыс орталығындағы Достық үйінде 23 бірлестік бар. Қазір Достық үйінде 5 би ансамблі, 2 вокалды топ: халықтық атағы бар «Ачимноуль», «Туған тель», «Сударушка», «Арзу», үлгілі хореографиялық «Солнышко», «Курдистан», «Назугум» ансамбльдері, балалардың «Көркем-ай» өнер-тәлім отауы жұмыс істейді. «Көркем-ай» былтыр Алматы қаласында өткен балалардың халықаралық «Кинотаврик» байқауына қатысып, әр номинация бойынша жеңімпаз атанды», дейді Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай.
Өмір қажеттілігі үшін осыдан екі жыл бұрын бірліктің беріктігін сақтау мақсатында Қаратал ауданының орталығындағы үштөбелік жылыжайда ұйымдастырылған «Ауыл шаруашылығындағы инновациялар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар жұмысына Қазақстан, Ресей және Оңтүстік Корея республикасының ғалымдары арнайы келіп қатысқан еді. Нәтижесінде көкөністі жылыжайда өсірудің оңтүстіккорейлік технологиясын оқып-үйрену орталығы ашылып, тұрғылықты халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, берекенің бір бұлағын ағызуда.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әлеуметтік жауапкершілік форумына» осы өңірден индустриялық-инновациялық және әлеуметтік бағыттағы 6 жоба қатысты. Сөйтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясы тәртіп, тұрақтылық, діни-ізгілік дәстүрлердің негізгі сақтаушысы – орта таптың мүдделерін ескеріп, оның одан әрі қалыптасып, дами түсуіне ықпал ететін шараларға белсене атсалысуда. Бұған қоса, халқымыздың ұлттық-мәдени сабақтастығын сақтай отырып, шағын кәсіпкерлікті ынталандыру, бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, «Халықтық ІРО» мемлекеттік бағдарламасын түсіндіру және басқа да бірқатар жұмыстар атқарылып жатқаны тағы бар.
Қазақстанның Ел бірлігі доктринасының негізгі қағидаттары Елбасымыздың «Қазақстан-2050» Стратегиясының тарауларымен тығыз астасып жатыр. Тәрбие, білім беру, мәдениет және ақпарат саласы арқылы, азаматтық қоғам институттарын жұмылдыру арқылы кешенді шаралар Жетісу жерінде де жүйелі түрде жүзеге асуда. Ел бірлігі доктринасында айтылған, халықтың бірлігін негіздейтін бірінші қағидат «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» ұғымы ортақ мүддемізге жұмылдыруда. Барлық елді мекендерде жергілікті әкім, полиция инспекторы, этномәдени бірлестік төрағасы немесе жергілікті белсенді азаматтардан тұратын қоғамдық кеңестер құрылып, тұрғылықты халықпен үздіксіз жұмыс жүргізуде. Соның бір дәлелі ретінде облыс халқының полиэтностық құрамы қалыптасуын, тұрақталуы мен дамуын зерттеу мақсатында І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде аймақтық «Инновация» байқауы аясында «Бір ел – бір тағдыр: Алматы облысы этностарының даму және құрылу тарихы» жобасын айтуға болады.
Доктринадағы екінші қағидат – этностық, болмаса, басқа да шыққан тегіне, діни ұстанымына және әлеуметтік жағдайына қарамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру болса, үшінші қағидат біріктіруші және бекітуші бастау ретінде ұлт рухын нығайту және дамытуға үлкен мән беріліп келеді. Бұл, ең алдымен, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданыс аясын кеңейтуге қатысты екені анық. Сондықтан бейбітшілік пен тұрақтылықтың өздігінен бола қалмайтыны бәрімізге айқын. Ол – қоғам мен мемлекеттің күнделікті және жүйелі жұмысының нәтижесі. Оның ішінде этномәдени бірлестіктердің де үлесі мол.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.