Шаңырақ аясындағы шаттық үн
Бейсенбі, 2 мамыр 2013 1:59
Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясынан оралысымен маңғыстаулық делегация мүшелері шаттық шараларына кірісіп кетті. Ынтымақ пен бірліктен асқан бақыт жоқ екендігін, тәуелсіз Қазақстанның шаңырағын биік ету үшін өздерінің нық уық болуы қажеттігін жақсы түсінетін олар 1 мамыр мерекесі қарсаңын көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын салтанатты шараларға толтырды.
Бейсенбі, 2 мамыр 2013 1:59
Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясынан оралысымен маңғыстаулық делегация мүшелері шаттық шараларына кірісіп кетті. Ынтымақ пен бірліктен асқан бақыт жоқ екендігін, тәуелсіз Қазақстанның шаңырағын биік ету үшін өздерінің нық уық болуы қажеттігін жақсы түсінетін олар 1 мамыр мерекесі қарсаңын көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын салтанатты шараларға толтырды.
Киелі Маңғыстау өңірі – қашаннан бірнеше ұлттың ұрпағы өрбіген алтын бесік. Қазаққа тән қонақжайлықпен өзге ұлттарға құшағын ашып, қиындықтардан қол ұстасып бірге шыққан олар азат елдің арайлы тірлігін бірге кешуде. Маңғыстау жерін зерттеу үшін немесе жер аудару арқылы келу секілді арғы тарихтың кейбір деректерін айтпағанда, берідегі түбектегі кен орындарын барлау, мұнайды игеру, Ақтау қаласының іргетасын қалау сынды сүбелі істердің басында жергілікті ұлтпен бірге өзге ұлт өкілдерінің қажыр-қайраты тұрғандығын айтуымыз керек.
«Бір шаңырақ астында» деп ұрандатқан Маңғыстау облыстық Ассамблея хатшылығы мен этномәдени бірлестіктер төрағалары бірлік мерекесі мен Маңғыстау облысының – 40, Ақтау қаласының 50 жылдық мерейтойларын тойлауды сәуірдің соңына таман бастап кетті. Бұл қуаныш санатынан облыс пен облыстық Ассамблея хатшылығының өзара бірлесе жұмыс істеуінің 10 жылдығы да қалыс қалған жоқ. Он жыл бойы достықтың ұясындай болып келген қаладағы №6 мектепте этномәдени бірлестіктерге арналып көрме дайындалып, әр ұлттың киімі киіліп, әні шырқалды. Әсіресе, бірнеше ұлт өкілдерінің қазақша «Жаса менің қазағым, жаса Қазақстаным!» деп хормен тербеле ән шырқағаны әсерлі шықты.
Маңғыстау облыстық жастар саясаты орталығы мен қаладағы 4 орта кәсіптік білім мекемелерінде болып, жастармен жүздесті. «Ел бірлігі – ертеңіміз» тақырыбындағы кездесуде жастарға қазақ тарихы, еліміздің қазіргі даму үрдісі, Ассамблея мен оның құрылымы, ұлтаралық және діни татулық тұрғысында түсінік берді. «Мемлекеттік тіл – менің тілім» байқауында 15-30 жас аралығындағы 24 үміткердің қазақ тілін білуін сарапқа салған ұйымдастырушылар бұл байқауда лезгин, құмық, әзербайжан, орыс, украин, беларусь жастарының арасынан табылды.
– ІІД-нің «Күзет» мекемесі мен Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі «Батыс» өңірлік басқармасы өздеріне шақырып Қазақстан қоғамындағы ұлтаралық келісім тақырыбында дәріс оқуды өтініш етті. Қазір Ассамблея хатшылығы мен этномәдени бірлестіктер төрағалары осы дәрістерді оқу үстіндеміз, – дейді қашанда зыр жүгіре қызмет етіп, татулыққа дәнекер болып жүретін, жоғарыда айтылған бүкіл шараның ұйымдастырушысы – Маңғыстау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының төрайымы Гүлжан Исмурзина.
Маңғыстаулықтар достық мерекесін күнілгері осылай бастап кеткеніне көпшілік куә.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.