Аймақтар • 04 Маусым, 2019

Қайырымдылық балынан 3 миллион теңге жиналды

928 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Назарбаев зияткерлік мектебі студенттерінің ұйымдастыруымен «Әлемге жақсылық сыйла» атты кеш өтті.

Қайырымдылық балынан 3 миллион теңге жиналды

Қайырымдылық шарасы барысында жиналған 3 миллион теңгеден астам қаржы ауыр науқасқа ұшыраған балалар үшін қоларбалар мен есту аппараттарын сатып алуға жұмсалады.  Сондай-ақ 3 балаға ақшалай көмек беріледі.

«Біздің мақсатымыз – көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беріп қана қоймай, жас ұрпақты өзгенің қиындығын бірге бөлісе білуге баулу. Мектебімізде түрлі әлеуметтік жобалар жүзеге асырылады. Биыл қайырымдылық балын өткізуді ұйғардық. Осындай шараны екі жылда бір рет ұйымдастыратын боламыз», дейді мектеп хореографы Виктория Тихонко.

Аукционға 12 лот шығарылып, картиналар, қыштан жасалған бұйымдар лезде  сатылып кеткен. 9 сынып оқушысы Аружан Бекеттің қолынан шыққан «Піл» атты картина 136 мың теңгеге саудаланған.

«Піл – даналықтың, ақылдың, сабырдың символы. Бұл картина өзі барған шаңыраққа сенім, махаббат, береке әкелетініне сенімдімін. Осы суретті салу үшін 5 күн еңбектендім. Бойымдағы бар өнерімді дарытуға тырыстым.  Аз да болса көмек болатыны жайындағы ой мені алға итермеледі. Бағасы 8 мың теңгеден басталған картинам бүгінгі аукционда ең қымбатқа бағаланды. Еңбегімнің ақталғанына қатты қуандым. Себебі дәл осындай бағаға сатылады деп ойламаппын. Кәсіби суретші  емеспін ғой. Оны сатып алған кәсіпкерге алғысым шексіз», - дейді  Аружан ішкі толқынысын жасыра амай.

Аукционға шығарылған бұйымдардан ғана  түскен қаражат 569 мың теңгені құрады. Демеушілер айтарлықтай үлестерін қосты. Жиналған қаражат туа бітті сал кеселіне шалдыққан 2 балаға арнайы арба мен құлағында мүкісі бар 3 жеткіншекке есту аппараттарын алуға жұмсалмақ.

«Менің балама есту аппаратын сыйға тартқандарыңыз үшін рахмет. Осындай ізгі ұрпақ өсіп келе жатқан қоғамда өмір сүріп жатқаныма қуанамын. Шығармашыл, ізденімпаз, талантты жастар барда еліміздің болашағы жарқын болатынына сенімдімін. Баршаңызға мың алғыс», - деді көпшілік алдында сөз алған Ирина Диденко.

Қайырымдылық балы барысында 8 отбасына материалдық көмек көрсетілді.