Аймақтар • 04 Маусым, 2019

Панфилов ауданында сел шайып кеткен ауылға жедел көмек көрсетілді

1319 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Күн райының қысқа күнде қырық құбылып, жауын-шашын мөлшерінің көп түсуі табиғат апатына себеп болуда. Кеше Алматы облысының Панфилов ауданына қарасты Пенжім ауылы селден кейін көтерілген тасқын судың астында қалды.

Панфилов ауданында сел шайып кеткен ауылға жедел көмек көрсетілді

Алдын ала есептеу бойынша Пенжімдегі 270 үйдің ауласын су басып, ауыл көшелеріндегі қозғалыс қиындаған. Қазір оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеуде. Ал төтенше жағдай туралы хабар жария болысымен ауылға арнайы топ жіберілген. Төтенше жағдайлар басқармасы мен «Қазселденқорғау» мекемесінің арнайы жасағы және әскери қызметкерлерден құралған 200 адам қырық шақты техникамен жайылған суды сорып, көшедегі қатынасты қалпына келтірген. Бүгін ауылдың су шайған көшелеріне құм төселіп, көліктер жүретін жолдар жасалды. Сел тасқынынан тұрғын үйлер мен адамдар зардап шеккен жоқ.

- 3 маусым күні Пенжім ауылдық округінде  тоқтаусыз жауған жаңбырдан кейін сел жүріп, 270 үйдің ауласына су жайылды. Тұрғын үйлерге қауіп төнген жоқ, адамдар дін аман, мал басы түгел. Қазір арнайы комиссия әр үйді тексеріп, материалдық шығындарды анықтауға кірісті. Ауыл тұрғындарына қажеті көмек көрсетілуде. Жергілікті кәсіпкерлер отбасыларға азық-түлік таратып, ыстық тамақпен қамтамасыз етуді қолға алды. Ауылда жарық, су тарату жүйесі қалыпты жұмыс істеп тұр, - деді бізге Панфилов ауданының әкімі Темірлан Бектасов.

Жалпы, Панфилов ауданында сел жүру қауіпі соңғы он жылдан бері тіркелмеген екен. Ал Пенжім ауылының тұрғындары дәл мұндай сел тасқыны 90 жылы болғанын айтады.