Руханият • 05 Маусым, 2019

Бабалардың һәм балалардың арманы не?

3016 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«...Арманымның бәрін жазар болсам, дәптерге сыймас еді!.. Оған ешкім сене де қоймас. Сенсе, тек Рахманов ағай ғана сенер...» Бұл «Менің атым Қожадағы» бас кейіпкердің монологы екенін бірден таныған боларсыз. Қожа ұстазы Рахманов ағайдың сабағында «Менің арманым» деген тақырыпта шығарма жазып отырып, арман-қиялына ерік беріп, қоңырау соғылғанын байқамай қалушы еді ғой.

Бабалардың һәм балалардың арманы не?
Қожаның арманы қандай ғажап, мөлдір десеңізші. Сыныптың терезесінен тысқа қарап отырып қиялымен «Бауырында ақ бұлттар қалықтаған биік тауларға» самғап кететін. Ғарышкер болуды, ғарыш сапарынан оралып анасын, ұстаздарын қуантуды, Жанардың жүрегін жаулауды армандайды. Жантас сияқты жауларын мұқатуды да ұмытпайды, әрине. 

Өткен жексенбіде телеарнадан осы фильмді көрген едім. Көріп отырып, қазіргі балалар не туралы армандайды екен деп ойладым. Қоғамдағы кейбір оқиғаларға қарап отырып, балалардың да арманын болжауға болатын сияқты. Адам не нәрсеге көбірек мұқтаж, соны армандайтыны түсі­­­нікті. Орта мектепте мұғалім болып жұмыс істейтіндердің айтуына қарағанда, балалардың біразы жеке үйі болғанын армандайды екен. Шығарма жазса, арманындағы кең де жайлы пәтерді сатып алғанын жазады. Сурет салса да үй салады. 

Гагарин адамзатты аспанға қарап ар­мандау­ды үйреткеннен кейін бала біткен ғарышкер болуды армандаған көрінеді. Ол туралы көркем фильмдерден де, көркем шығармалардан да талай оқыдық. Ал қазір үйі-күйі жоқ балалар төбесі көк тіреген зәулім ғимараттарға қарап тұрып, бақытын сол үйлермен байланыстыруын заңдылық деуге болатын шығар. Иә, әр адамның көкейіндегі бақыттың өлшемі әртүрлі болғанымен, басты бақыт оттың басы, ошақтың қасындағы берекеден басталатыны дау туғызбайды. Миллиондаған бала үшін баспана – бақыттың баламасы болып тұрғаны сол. Мемлекеттің парызы да сол балалардың бақытты өмірін қамтамасыз ету болса керек. 

Бала дейміз-ау, үлкендердің арманын да аздап білетін сияқтымыз. Бәрі болмағанмен, басым көпшілігі материалдық игілікпен байланысты екеніне бәс тігеміз. Жақсы үй, қымбат көлік, саяхаттау... Орыстың классик жазушысы Михалил Булгаковтың «Квартирный вопрос испортил москвичей» деген сөзі бар. Жасыратын несі бар, біздің халық та баспананың қамын ойлап жүріп бұзылып бара жатқаны байқалады. Бұрын ток-шоуларда пәтерге таласқан ағайындылар туралы дау-дамайды ресейлік телеарналардан ғана көруші едік. Қазір өзіміздің қазекең де осы тақырыпта дауласуға келгенде орыстардан қалыспайтын болған. 

Бір жағынан жайлы баспана үшін жанын салып жүргендерді де жазғыру қиын. Бүгінгілерді айтпағанда, бұрынғы өткен хан-сұлтандардың заманында өмір сүрген Жиренше шешеннің өзі:

«Қайран менің өз үйім,

Кең сарайдай боз үйім», деген деседі күркесінен аяғы сыртқа шығып жатып. 
Ақтамбердінің толғауын тыңдасаңыз, онда да:
«Өзенге бие байлатып, 
Төскейде орда орнатып, 
Төрткілдеп ошақ қаздырып,
Төбел бие сойғызып, 
Төменде бидің кеңесін, 

Біз де бір құрар ма екенбіз» деп келеді. 

Қысқасы, бұрынғы бабаларымыз бен бүгінгі балаларымыздың арманы ұқсас. Қазақ атам заманнан қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманды, бақуатты өмірді, отбасының бақ-берекесін аңсаған. Қазақтың ғана емес, жалпы адамзаттың да аңсары сол шығар бәлкім. Әйтпесе, «Сананы тұрмыс билейді» деп еуропалық ғалымдардың айтқаны мен «Ораза, намаз тоқтықта» деген қазақтың мақалы үндеспес еді ғой. 

Кеңес кезінде де жетім бұрыш жаға­лағандар аз болмаған еді. Тәуелсіздік жылдарында қаншама бағдарлама қабылданып, мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, миллиардтар құйылып жатса да, мәселенің шешілетін түрі көрінбейді. Шешілмек түгілі, соңғы жылдары ушығып бара жатқандай әсер қалдырады. 

Мұхтар Шахановтың әл-Фараби бабамыз туралы дастаны: 

«Үлкен адам болу үшін ғаламда, 

Үлкен арман керек екен адамға» деп аяқталушы еді. Әйтеуір балаларымыздың арманы аласарып кетпесе болғаны.