Жер шарының 70 пайызын су алып жатқанымен, қазірдің өзінде әлем халқының 70 пайызы суға зәру. 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 80 пайызға дейін жетуі мүмкін. Елімізде 39 мың өзен мен су арнасы, 48 мыңдай көл бола тұра су қорының жетіспейтіндігі байқалады. Өткен ғасырдың 60-70-жылдары жүргізілген зерттеулерде елдегі су қорының 126 мың текше шақырым екені анықталса, қазір 100 мың текше шақырымға азайған. Конгресте сөз алған «Байтақ – Болашақ» республикалық экологиялық альянсының президенті Азаматхан Әміртаев осылай деді. Оның айтуынша, 2050 жылы Қазақстанда мұздықтар еріп бітеді деген болжам бар. «Сарапшылар 2050 жылдарға қарай ғаламдық жылынудың салдарынан Қазақстанның ауа температурасы 3 градусқа дейін артатынын айтады. Соның салдарынан елімізде шөлейт жерлердің көлемі оңтүстікке қарай 300-400 шақырымға дейін ендеп, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнеді екен. Ауа температурасының көтерілуі жем-шөп қорының 30-90 пайызға кемуіне, Қостанай, Ақмола және Павлодар облыстарындағы астық шығымының 25-60 пайызға, Солтүстік Қазақстан облысында 70-90 пайызға кемуіне әсер етеді», дейді А.Әміртаев.
Еліміздегі ең үлкен сегіз өзеннің жетеуі – трансшекаралық. Бұған байланысты да шешілмеген мәселелер көп. «Әлемде халық саны көбейіп келеді. Оның үстіне Қытай бізбен шекаралас Шыңжаң өлкесіндегі халық санын 100 миллионға дейін жеткізуі көздеп отыр. Егер ондағы жан саны 100 миллионға жететін болса бізге Қытайдан келетін Ертіс пен Іле өзендерінің су көлемі азаяды. Балқашты толтырып тұрған Іле өзені. Яғни Іленің суы азайса, біз Балқашымыздан айырылып қаламыз. Негізі оның шешу жолдары бар. Солтүстік облыстардағы еріген қар арқылы Қытайды сумен қамтамасыз етіп, Ілеге тиіспеуге келіссөз жасауға болады. Бұны тек қана дипломатиялық түрде шешу керек», деген альянс президенті жаңа технологиялар арқылы жер асты суын пайдалану керектігін айтты.
Сондай-ақ басқосуда еліміздегі жер үсті және жер асты суының ластануы және оны шешудің жолдары сөз болды. Мысалы, Ақтөбедегі Көкжиде жер асты суының ластануына сондағы 4 мұнай компаниясының бұрғылау жұмысы себеп болып отыр. Экологтар Көкжиде жер асты суының Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе сынды үш облысты асырайтын мүмкіндігі барын алға тартып, оның бүгінгі жағдайына алаңдаушылық білдірді.