Қазақстан • 05 Маусым, 2019

Жұмыс күні Әнұран айтудан басталды

1259 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекеттік рәміздер күні Нұр-Сұлтан қаласындағы мекемелерде қызметкерлердің жұмыс күні Мемлекеттік әнұранды шырқаумен басталды. Елорда әкімдігінің алдына жиылған мың қаралы адам әуезді Әнұранымызға қосыла кеткенде, елорда көгінен құдды бір отаншылдықтың, елдік пен өрліктің өшпес рухы сезілгендей әсер қалдырды.

Жұмыс күні Әнұран айтудан басталды

Қазақ даласына бойлай енген бұл рух 27 жыл бойына тек өрлеу­мен келеді. Осынау салтанат­ты мерекеге арналған іс-шара бары­сында сөз алған Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қаналимов бұл мәселелерге айрықша тоқталды.

– Рәміздер халқымыздың мұ­қалмас рухын, қаһармандығын, арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер. 1992 жылдан бері Мем­лекеттік рәміздер күнін атап өту қалыпты дәстүрге айналды. Рәміз­дер азат елдіктің айғағы болса, оны ұлықтау саналы ұрпақтың салиқалы ісі. Сондықтан да адамзат тарихында елін кіршіксіз сүйген арда ұлдары мен қыздары елдіктің символы болған ел рәміздерін әрдайым биік ұстаған, – деді Е.Қаналимов.

Ал Елтаңба авторларының бірі  Жандарбек Мәлібеков Мемлекеттік рәміздеріміздің әлем­ге танылғанына аса қуанышты екенін білдірді.

– Осыдан 27 жыл бұрын қабыл­данған Туымыз, Әнұранымыз, Ел­таңбамыз қазір әлемге танылды. Бұл рәміздер қазір халқымызды рухтандырып тұр. Өткен жылы Елтаңбамызға латын қарпі енгі­зілген кезде өзім өлшеп-пішіп Ел­ба­сына көрсеттім. Тарихымызға жа­қындата түскен жаңа әліппе Қазақ елі тәуелсіздігінің шынайы көрінісі болып отыр. Оған қоса, Елтаңба бекітілер тұста оның төбесіне бес жұлдызды Елбасының өзі қадап, еліміздің жұлдызы жарқырай берсін деген болатын. Міне, сол күнге де жеттік, – деді белгілі сәулетші.

Осы ретте, Мемлекеттік рә­міз­дерге қатысты мына бір де­рек­тің де артығы болмас. Сол уақыт куәгерлерінің айтуларына қара­ғанда, тәуелсіздік таңы атқан соң Мемлекеттік рәміздер пішініне жа­­рия­ланған байқау өте тартысты өткен. Атап айтқанда, бір ғана Ту­дың өзіне 600 адамнан 1 200 нұс­қа түссе, Елтаңбаның 245 жобасы, Ән­ұранның 750 үлгісі байқауға қат­ысқан.

Жалпы, Мемлекеттік рәміздер күнін Нұр-Сұлтан қаласында мерекелеу ауқымы өте кең болды.

Мереке құрметіне мемлекеттік ме­ке­мелерде, оқу орындарында,­ қала алаңдарында 40-тан ас­там та­қырыптық, мәдени іс-шара­лар өтті. Бұл күні мектептер мен колледждерде фотоконкурс­тар, кездесулер, викториналар ұйымдастырылып, патриотизм, еліміздің мемлекеттік рәміздерін білудің маңыздылығы және оның біздің мемлекетіміздің тарихындағы маңыздылығы туралы айтылады. Сәкен Сейфуллин мұражайы мен Тәуелсіздік сара­йында тақырыптық көрмелер ұйым­дастырылды. Қаланың барлық кі­тап­­ханаларында әдеби кештер, сол сияқты концерттер, дәрістер, дөң­гелек үстелдер, семинарлар қа­ла тұрғындары мен қонақтарының көз­айымына айналды. 

Жалпы, осы тектес шаралар еліміздің барлық қалалары мен ел­ді мекендерінде жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өткен жөн.