Аймақтар • 05 Маусым, 2019

Шетел сарапшыларымен бейресми кездесу өтті

889 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Yessenov University алаңында АҚШ Мемлекеттік департаменті жанындағы Fulbright халықаралық білім беру бағдарламасының өкілдерімен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобасы шеңберінде бейресми форматтағы кездесуі өтті. Бұл жайында аталмыш департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.

Шетел сарапшыларымен бейресми кездесу өтті

Іс-шараға Агенттіктің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова, АҚШ-тан келген қонақтар        Ли Хэдлстон, Грэйди Воган, Джо Уилсон, Дэн Дуонг, Джош Дюфо және жобаның қазақстандық үйлестірушісі Елена Феоктистова, аумақтық департамент қызметкерлері, «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері, өңірдегі ағылшын тілін меңгерген жас мемлекеттік қызметшілер және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының тілшілері қатысты.

Айта кету қажет, кездесуге еліміздің Премьер-Министрінің ресми делегациясы құрамында өңірімізге іссапармен келген білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова, мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Раимкулова да ат басын бұрды.

Департамент басшысы Н.Жанназарова өз сөзінде Агенттіктің бастамасымен қолға алынған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы «Маңғыстау – адалдық алаңы», «Саналы ұрпақ», Protecting business and investments жобалары жайында баяндап, тұрғындармен кері байланыс механизмдерін жетілдіру туралы айтты.

Американдық әріптестердің іссапар мақсаты АҚШ Мемлекеттік департаменті жанындағы Fulbright халықаралық білім беру бағдарламасының аясында қазақстандық жоғары оқу орындары студенттеріне тілдік орта қалыптастыру. Оқытушылар бір жыл бойы отандық университеттерде, яғни Алматы, Шымкент, Өскемен және Павлодар қалаларында жұмыстарын атқарып, Ақтау қаласындағы жоғары білім ордасының білім беру үрдісімен танысып, баса назарды студенттердің шет тілдерін меңгеруіне аударды.

Кездесу барысында шетелдік меймандар Қазақстандағы заманауи сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына қатысты өз көзқарастарымен бөлісті, атап айқанда «Жемқорлықтан ада өңірлер» жобасына қызығушылықтарын білдірді. Спикерлердің айтуынша, АҚШ-тың оқу орындарында академиялық адалдық деңгейін анықтау мақсатында студенттер арасында әлеуметтік сауалнама әдісіне көп көңіл бөлінеді. Сонымен бірге, тұрғындар тарапынан шағымдар түскен жағдайда, әрбір штаттағы органдар жедел түрде азаматтардың өтініштеріне әрекет етеді.        

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың халықаралық тәжірибесіне шетел сарапшылардың пікірлерін мемлекеттік қызметшілерге кеңірек таныстыру мақсатындағы іс-шаралар аумақтық департамент тарапынан одан әрі жалғасатын болады.