05 Маусым, 2019

«Қылмыскер» аю түрмеден босады

1803 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайдағы «УК-161/2» қоныс колониясында 15 жыл бойы қамауда болған Екатерина есімді аю Петропавл қаласында орналасқан «Абакшино» демалыс базасына жіберілді. Ұзақ уақыт түрмеде қамалған «қылмыскер» аң қаладағы шағын хайуанаттар бағында ұзаққа созылатын адаптациядан және медициналық тексерулерден өтетін болды. Сондай-ақ аюды өмір сүру жағдайына бейімдеп, табиғатқа жақындатуды көздейді екен. Бізге бұл туралы «УК-161/2» мекемесінің аға инспекторы, психолог Татьяна Мощенко хабарлады.

«Қылмыскер» аю түрмеден босады

Түрме қызметкерлері мен жазасын өтеушілер «қылмыскер» аюды еркелетіп Катя деп атап кетіпті. Өз темір торынан ешқайда шықпаған оны күтіп, баптаған да жазасын өтеушілер екен.  

Байғұс аңның не үшін түрмеге қамалғанына тоқталар болсақ, оның басынан өткен шырғалаң тарихы он бес жыл бұрын басталған. 2004 жылы аты-жөні бізге беймәлім бір цирк үйретушісі туристік агенттіктен қарызға жарты миллион теңге ақша алып, аюды жергілікті «Белая юрта» лагеріне кепіл ретінде қалдырып кеткен екен. Ал жыртқыш аң сол кездері екі адамға шабуыл жасап үлгерген көрінеді. Алғаш рет Қостанайға жарысқа келген 11 жасар Нұрсұлтан есімді спортшының аяғын тістеп алған. Оның бар «жазығы» – тамақ бермекке ұмтылған екен. Сондай-ақ ащы судан ұрттап алған 28 жасар Виктор да Катямен қол беріп амандаспақшы болыпты. Алайда, маң далада еркін өскен аңның темір торда жатып жүйкесі әбден жұқарса керек, бұл жолы да өзін қызықтауға келген жігітті аямаған. Осы оқиғалардан соң лагерь әкімшілігі Екатеринаның «нәзік жанды» емес екенін түсініп, түрмеге қамауды ұйғарыпты. 

Сөйтіп, адамдарға арналған колонияда түз тағысы 15 жыл қамауда болған. Түрме  қызметкерлері аюдың қандай заң нормалары негізінде колонияда болғандығы жайлы мәлімет бермеді. Масс-медиа "өмір бойы бас бостандығынан айырылған аю" деп атап кеткен хайуанға қандай да бір жаза тағайындалды ма, жоқ па, ол жағы да беймәлім. Белгілісі, қоныс колониясындағы 750 адаммен бірге болыпты. Ал биылғы сәуір айында британдық The Sun  таблоиды әлгі аю туралы репортаж жасаған еді. 

Айтпақшы, 2010 жылы Қостанайда аюдың құрметіне ескерткіш-бюст орнатылған.

Енді, міне, қостанайлық қоныс колония қызметкерлері мен жазасын өтеушілердің 15 жыл бойы досына айналған «қылмыскер» Катя Петропавл қаласына жол тартты.