Жүрейік жүрек ауыртпай
Бейсенбі, 6 маусым 2013 2:13
ХХ ғасырдың 70-80-ші жылдарынан бастап осы кезге дейін жүрек-қан тамырлары ауруларының (ЖҚА) эпидемиясы жүріп жатыр деуге болады. Қазіргі заманда әлемде жыл сайын болатын адам өлімінің 50%-ынан астамы сол ЖҚА-мен байланысты. Ал олардың ішінде жүректің ишемиялық ауруының клиникалық түрлері, әсіресе миокард инфарктісі адам өлімінің негізгі себепшісі болып отыр.
Бейсенбі, 6 маусым 2013 2:13
ХХ ғасырдың 70-80-ші жылдарынан бастап осы кезге дейін жүрек-қан тамырлары ауруларының (ЖҚА) эпидемиясы жүріп жатыр деуге болады. Қазіргі заманда әлемде жыл сайын болатын адам өлімінің 50%-ынан астамы сол ЖҚА-мен байланысты. Ал олардың ішінде жүректің ишемиялық ауруының клиникалық түрлері, әсіресе миокард инфарктісі адам өлімінің негізгі себепшісі болып отыр. Сол өткен ғасырдың 80-90-шы жылдарында Америка Құрама Штаттарында, Батыс Еуропаның техникалық дамыған елдерінде ЖҚА-ны диагностикалауға және емдеуге жоғары технологиялық әдістер пайдаланыла бастады. Олардың ішінде ангиография, компьютерлік томография, магниттік резонансты томография, жүректі ультрадыбыспен зерттеу және жүрек электрофизиологиясын тексеретін жүйені айтқан дұрыс. Емдеу тәсілдерінің ішінде қолқа және коронарлық артерияларды шунттау, мамарлық шунттау, жүрек клапандарын пластикалау және протездеу, коронарлық артерияларды пластикалау және стенттеу сияқты амалдар аса пайдалы болып табылады. 1977 жылы Алматы қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының кардиология бөлімшесі жанынан еліміздегі бірінші Кардиология ғылыми-зерттеу институты ашылды. 2001 жылы экономикалық дағдарыстың салдарынан Аймақтық патология ғылыми-зерттеу институты жабылды. Оның терапиялық бейіндегі бөлімшелері Кардиология институтына қосылып, жаңадан Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты болып қайта құрылды. Екі мекеменің басы біріккеннен кейін біраз уақыт бойы дәстүрлі консервативтік бағытта қызмет көрсетумен айналысты. 2004 жылға дейін бүкіл Қазақстанда жалғыз ғана кардиохирургия бөлімшесі А.Н. Сызганов атындағы Хирургия орталығының құрамында болды. Бұл бөлімшеде әр уақытта А.Сергиевский, С.Жошыбаев сияқты белгілі кардиохирургтер қызмет істеді. Олар жүрек клапандарын протездеу, туа біткен жүрек ақауларын кардиохирургиялық тәсілдермен емдеуде үлкен жетістіктерге жеткен мамандар еді. Алайда, Кеңес Одағы ыдырап, дағдарыс жайлаған кезеңде жаңа технологиялардан қол үзіп, батыс елдеріндегі әріптестерінен көп артта қалып қойды. Сол себептен Қазақстан азаматтары көбіне кардиохирургиялық операцияларды жасату үшін Ресейге немесе Еуропа елдеріне баратын еді. Қазақстанда кардиохирургияның қайта өрлеуі 2004 жылы Астанадағы профессор А.Байгенжин жетекшілік ететін Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың құрамында кардиохирургия орталығының ашылуымен жанданды. Бұл клиниканы белгілі кардиохирург Ю.Пя басқарды. Аз уақыттың ішінде аталған бөлімше халықаралық деңгейдегі кардиохирургия орталығына айналды.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен 2007 жылы Үкімет «Қазақстан Республикасында 2007-2009 жылдардағы кардиологияның және кардиохирургияның дамуы» атты мемлекеттік бағдарламаны қабылдады. Осы бағдарламаны іске асыру аясында елімізде үш кардиохирургия орталығы (Астана, Ақтөбе, Павлодар қалаларында) ашылды. Олардың ең үлкені Астана қаласында салынған 180 орындық Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы еді. Орталық техникалық жабдықталуы, жасалатын операциялар деңгейі және кардиохирургтердің біліктілік дәрежесі жағынан әлемдегі ең алдыңғы қатарлы кардиохирургия мекемелерінің қатарына кірді. Өткен жылы профессор Ю.Пя чехиялық әріптесі Я.Пиркпен бірлесіп Қазақстандағы ең алғашқы жүрек трансплантациясын жасады. Сонымен қатар, ол жүрек жетіспеушілігіне шалдыққан 50 емделушіге жасанды жүректің сол жақ қарыншасын қондырды.
Егер 2004 жылға дейін бүкіл Қазақстанда екі ангиографиялық қондырғы болса, бүгінгі таңда олардың саны 37-ге жетті. Соның нәтижесінде, әрбір облыс орталығында, Астана және Алматы қалаларында жіті коронарлық синдромды диагностикалау және интервенттік тәсілдермен емдеу үшін тәулік бойы қызмет көрсететін ангиографиялық және интервенциялық кардиология бөлімшелері қызмет көрсетеді.
Жоғарыда айтылған өзгерістер Қазақстан кардиологиясы мен кардиохирургиясының деңгейін жоғары сатыға көтерді. ЖҚА-мен ауыратындардың өлімін азайтуға мүмкіндік берді. Егер ЖҚА-ның салдарынан болған өлім көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 526-ға тең болса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 319 өлімге тең болды. Өте қысқа мерзімде мұндай көрсеткішке көтерілу елімізде кардиология саласының жақсы дамып келе жатқандығын көрсетеді. Қазақстан Республикасында денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасына сәйкес еліміздің азаматтарына барлық кардиохирургиялық операциялар, интервенциялық кардиология амалдары, консервативтік кардиологияда қолданылатын дәрі-дәрмектер медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде тегін беріледі.
2012 жылдың тамыз айында Қазақстан кардиологтары ассоциациясы Еуропа кардиологтары ұйымының 55-ші мүшесі болып қабылданды. Сол себептен 2013 жылдан бастап жүрек-қантамыр ауруларының негізгі түрлерін диагностикалау және емдеу үшін Еуропа кардиологтары ұйымының әдістемелері қолданылуда. «Жүрек жетіспеушілігін диагностикалау және емдеу», «ST-сегментін жоғарылауы бар миокард инфарктісін диагностикалау және емдеу», «Профилактикалық кардиология» тәрізді әдістемелік нұсқаулықтары орыс және қазақ тілдеріне аударылып, еліміздің кардиологтарына таратылмақ. Сонымен бірге, Еуропада өтетін түрлі симпозиумдар мен конгрестерге қатысуға мүмкіндік жасалады.
Биыл Қазақстанның жас дәрігерлері 25 кардиология мамандығы бойынша дипломнан кейінгі дайындықтан өту үшін конкурсқа қатысуға мүмкіндік алады.
Ағымдағы жылдың 5-7 маусымында Алматы қаласында Қазақстан кардиологтарының V конгресі мен Қазақстан терапевтерінің III cъезі бірлесіп өткізіледі. Онда еліміздегі профилактикалық кардиологияны дамыту мәселелері жан-жақты қарастырылады. Ал әлемдік тәжірибеге бет бұрсақ, ЖҚА-мен байланысты болатын адам өлімін азайтудың негізгі тәсілдері профилактикалық іс-шаралар болып саналады.
Сондықтан да кардиологиялық себептерге байланысты болатын өлімді азайтуға баса назар аударып, алдын алу жұмыстарын барынша кеңінен қолдануымыз қажет. Бұл орайда әсіресе, шылым шекпеуге, артериялық гипертонияны дұрыс бақылауға, қандағы холестерин деңгейін қалыпты деңгейде ұстауға, гиподинамиямен күресіп, спортпен шұғылдануға көп көңіл бөлу керек.
Ең бастысы – жүректі ауыртып ем іздегенше, ауыртпайтын жол іздеген абзал.
Сәлім БЕРКІНБАЕВ,
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу
институтының директоры, медицина
ғылымдарының докторы, профессор.
АЛМАТЫ.