Арт индустрияны кім басқарады?
Максим картиналар сатады. Оның әкесі де картина сатумен айналысқан. Атасы да осы салада жұмыс істеген. Максим бұл іспен әлем бойынша ауқымды деңгейде шұғылданады. Жақын күндері ол Нью-Йоркке екі суретшіні апарып қайтпақ. Олардың жұмыстарын маған да көрсетті. Шеберлердің жасы шамамен 80-ге таяп қалған. «Суретшілер бақилық болғанда жұмыстарының құны аспандап кететін шығар», деген әзіліме Максим қысқа да нұсқа былай деп жауап берді: «Өлгеннен соң танымал болады деген бизнес-модель ескіріп қалған. Суретшілер дүние салысымен еңбектерінің құны керісінше арзандайды. Шындығына келгенде, бұл салада алыпсатарлық жүйе басымдыққа ие. Егер де суретші кәсіби коллекционерлермен жұмыс істесе, тіпті мардымсыз туындыларын аукцион, галереялар арқылы жасанды саудамен жоғары бағада сатуына болады». Бұл – ресейлік криптоинвестор Михаил Жуховицкийдің фейсбукте қалдырған жазбасы. Осы мазмұндағы пікірлер әлеуметтік желіде сап түзеп тұр. Рас, бүгінгі заманауи өнердегі конъюнктура бағалы қағаздар немесе цифрлы валюта нарығындағы ахуалға жетеғабыл. Бірақ та мұндағы инвестициялық климатты суретшілер емес, тіс қаққан коллекционерлер жасап жүр. Мәселе мынада, әлдебір сатып алушы яки жалған коллекционер бір жұмысқа ақшаны миллиондап төгеді. Әлгі шығарма туралы қауесет лезде тарайды. Шым-шытырық саудаға кәсіби мамандар да тартылып, бәске тігілген жұмысқа инвестиция құйылады. Демек, аталған еңбектің бағасы шарықтаған сайын қызығушылардың да қатары арта берері анық.
Міне, осы тұста бай-бағландар құны жоғарының барлығын қалдырмай бірінші болып иемденеді. Ал бұдан тек алыпсатардың ғана ұпайы түгенделетін көрінеді. Нәтижесінде картинаның капиталы осылайша қалыптасады. Мейлі Сальвадор Дали немесе Пабло Пикассодан кем түспесеңіз де ол маңызды емес. Мәселе көркем мұраңызды кім иеленіп, кім спекуляциялық әрекеттер жасайды?! Гәптің бәрі осында жатса керек.
Ең бай суретші
Әйтсе де арт-индустрияда өз атын қалыптастырып, өнерде соңғы трендтерді енгізген тұлғалар да баршылық. Олардың қатарынан британдық Дэмьен Херст ойып тұрып орын алған. Оның бір ғана «Құдайдың махаббаты үшін» жұмысы қоғамда әжептәуір резонанс тудырды және суретшінің қоржынын 100 млн АҚШ долларына толтырған. Бұл әзірге ең қымбат заманауи өнер туындысы. Адамның бассүйегі пішініндегі экспонат платинадан жасалып, сырты түгелдей 1106,18 карат болатын гауһартаспен безендіріліпті. Ұзын саны 8 601 бағалы тас жұмсалған. Мейрам Баймұқанов, Херстің бұдан бөлек жұмыстары да қоғамның қызу талқысына түскенін айтып Contemporary art-тағы (Заманауи өнердегі) жалпақ жұртқа беймәлім қырларымен бөлісті.
– Дэмьен Херст шығармашылығының басты тақырыбы – өлім. «Жан санасындағы ажалдың физикалық мүмкінсіздігі» («The Impossibility of Death in the Mind of Someone Living») атты жұмысына қарасаңыз, формалинге толтырылған аквариумдегі акуланың бейнесін көресіз. Осы арқылы автор қауіп пен өлімнің символын әспеттегісі келді. Аталған инсталляция жайлы түрлі әңгімелер таралған. Бірде инвесторға аквариумдегі акуланың бейнесі ұнамай, британдық шебер оны басқасына ауыстыруға бел буады. Бірақ тапсырыс беруші райынан қайтып, жыртқыш балықты орнына қайтаруды сұрайды. Сөйтіп өлі акуланың бағасы еселене түскен деседі. Естуімше, бұл еңбекті Стив Коэн есімді коллекционер 12 млн долларға сатып алған, – дейді ол.
Батыстық таблоидтардың дерегінше, Херст әлемдегі ең бай суретшілердің қатарына жатады. Оның жеке қоры 1 млрд доллардан асады екен. Ол «Beautiful Inside My Head Forever» атты толық жинағын Sotheby's аукционында 198 млн долларға сатып, жалғыз өзі аукциондағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізген. Ұлыбританиялықтан басқа ең ауқатты суретшілердің санатына Джеф Кунс, Такаси Мураками, Джаспер Джонс сынды майталмандар кіреді. Жуырда Нью-Йорктегі Christie's аукционында Кунстың «Қоян» атты мүсіні 91, 1 млн долларға сатылыпты. Блумберг агенттігінің мәліметінше, қымбат экспонатқа АҚШ-тың қаржы министрі Стивен Мнучиннің әкесі, коллекционер Роберт Мнучин ие болған.
Қазақ суретшілері әлемдік көшке ілесе ала ма?
Отандық мейнстримге тоқталсақ, біздегі арт-индустрияның күретамырына енді ғана қан жүгіргендей. Мұны сарапшылар елдің экономикалық әл-ауқатымен және мәдени интеграциялық үдерістермен байланыстырады. Әзірге қазақстандық авторлардың арасынан әлемдік деңгейдегі беделге Алмагүл Меңлібаева ие. Жаңа медиа, атап айтқанда фото әрі видеоинсталляция бағытында жұмыс істейтін оның шығармашылығы әсіресе шет мемлекеттерде жоғары бағаланады. Қазақ суретшісінің «Курчатов 22» секілді экологиялық тақырыптағы еңбектері өнер әлемінде кең танымал. Автордың бір картинасы шамамен 100 мың долларға дейін бағаланады. Еуропаға қоныс аударған отандасымыз бірнеше биеннале, сол секілді Берлин, Милан, Париж және Лондон сынды қалалардағы ауқымды көрмелерге жиі қатысып келеді. Одан өзге Рашид Нұрекеев, Асхат Ахмедьяров, Сәуле Сүлейменова, Молдақұл Нарымбетов, Саид Атабеков және Эдуард Казаряндай өнер иелері де бұл салада табысты еңбек етіп жүр. Қазақстандық суретшілердің ішкі нарықтағы кіріс айналымы 40-100 мың доллардың айналасында. Дей тұрғанмен, отандық шеберлердің жұмысына сырттан қызығушылар көп сыңайлы. Сол себепті бұдан артық тауып жүрген авторлар да жоқ емес, дейді сарапшылар.
– Қазақстанда аса танылмаған суретшілер, кейде шет мемлекеттерде жақсы бағаланады. Сол сияқты басқа елдің суретшісі қазақ елінде атақты болуы мүмкін. Бұл шебердің қай бағытта жұмыс істеуіне де байланысты. Бізде коммерциялық және социалистік реализм бағытында айналысатын авторлардың еңбектері кең сатылымда. Ал заманауи өнер жөнінде айтсақ, бұл өнер саласы енді ғана қанат жайып келеді. Жасыратыны жоқ, оны біздің қоғам әлі жете түсіне бермейді. Жаңа бағыттың лайықты бағаланбауының себебі осында шығар. Тиісті дәрежесін алу үшін халықтың мәдени сауатын көтеру керек. Осы ретте өнертанушылар күш салу керек. Әр өнер иесі өз заманында абыройға кенелуі тиіс. Елімізде түрлі жанрдағы еңбектерді саудалайтын орындар жеткіліксіз. Мысалы, Алматыдағы «Есентай молл» сауда-мәдени кешені, сондай-ақ ел астанасындағы сәулет ғимараттарын алып қарайық. Көбінесе шетелдік майталмандардың жұмысын байқайсыз. Әрине қазақ қылқалам шеберлерінің, мүсіншілерінің де туындылары қойылған. Бірақ өзге елдің жаңа бағыттағы еңбектері көптеп кездеседі. Соған қарағанда біз оған мұқтажбыз. Біз мұны талқылап жатқанда өзге мемлекеттің суретшілері көрермендерімізді жаулап жатыр. Аталған істі сөзсіз тездетіп қолға алғанымыз жөн болады. Тұтастай айтқанда, өнерге деген көзқарасты түбегейлі өзгерту – бүгінгі заманның талабы. Өйткені өнер – дәуірдің бет бейнесі, – дейді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Шаттық Батан.
Кәсіби коллекцияларды жинақтайтын ұйымдарды айтсақ, Қазақстанда олардың саны көп емес. Елордадағы «Хас Санат», алматылық «Ұлар», «Tengri Umai» және Ark сынды галереялар аталған индустрияда кәсіптерін жолға қойған. Десек те, бұл көшке ілескен коммерциялық ұйымдардың да қатары жыл санап артып келе жатыр. Қалың топтың арасында әсіресе Aspan Gallery, TSE заманауи өнер галереясы, Art Future, Artmeken және Kazarian Art Center нарықтағы орындарына нық жайғасқан. 2000 жылдардың басында ресми органдардың көмегімен Ұлы дала суретшілері әлемдік кеңістікті жаулауға тырысып көрді. Christie's және Sotheby's аукцион үйлерінде 100-ге жуық қазақстандықтың шығармалары қойылғанымен, одан айтарлықтай нәтиже болмаған сыңайлы. Дегенмен, отандастарымыз жекелеген арт-студиялар арқылы бұдан шығатын амалды тапқан сияқты.
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»