Сұхбат • 06 Маусым, 2019

Левон Джулфалакян: Қазақстанға келуге қашанда асығамыз

1004 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен Болат Тұрлыхановтың кубогы жолындағы жарысқа бірқатар мемлекеттен атақты спортшылардың келгені жайында біз бұған дейін де жаздық. Солардың бірі – грек-рим күресінен Сеул Олимпиадасының жеңімпазы, әлем және Еуропа чемпионы Левон Джулфалакян. Бұл күндері Арменияның ұлттық құрамасын баптап жүрген әйгілі балуанмен айтулы жарыс барысында сұхбаттасудың сәті түсті.

Левон Джулфалакян: Қазақстанға келуге  қашанда асығамыз

– Даңқты балуан Дәулет Тұрлыхановпен бұрыннан бері жақсы араласамыз,– деп бастады өз әңгімесін Левон Арсенұлы. – Талай жылдар КСРО құрамасы сапында бірге күрестік. Көптеген оқу-жаттығу жиындары мен дүбірлі додаларда жұбымыз жазылған жоқ. Екеуміздің де спорттық ғұмырымызда қуаныш пен шаттыққа толы сәттер көп болды. Сол себепті де осындай керемет кездерді бірге өткізген Дәулет досымның әкесі – Болат Тұрлыхановты еске түсіруге арналған турнирді біздер асыға кү­теміз. Қазақстанға келуге әр кез асығамыз. Қазақ өте қо­нақжай халық. Оған көзіміз әл­­­деқашан жеткен. Әр келген сайын біз ұмытылмас әсер алып, өз елімізге керемет көңіл күйде ора­ламыз.

– Өзіңіздің бозкілемдегі табыстарыңыз туралы қыс­қа­ша баяндап берсеңіз?

– Әуелі жасөспірімдер мен жастар арасындағы Еуро­па бірін­шілігін үш мәр­те ұттым. 1984 және 1985 жыл­­дары ере­сек­­тер дуына қосыл­ған бет­те КСРО чемпио­нат­тарын­да қола және күміс медаль­дар­ды иелендім. Осы жеңістердің ар­қасында Одақ­тың бас командасы сапына қабылдандым. 1985 жылы әлем кубогын олжаладым. 1986 жылы Пирейде Еуропа және Будапеште әлем чемпионы атандым. 1988 жы­лы Сеулде алауы тұтанған Олим­­пия ойындарында жеңіс тұғырының ең биік сатысына кө­терілдім. 1989 жылы Мар­ти­ниде өткен әлемдік до­­­­дада қола медаль­ды мойныма ілдім. Осы жарыстар­дың барлығында мен 68 кило сал­мақ дәрежесінде өнер көр­сеттім.

– Жоғарыда өзіңіз атаған жарыстардың соңғы екеуінде Дәулет Тұрлыхановтың да та­­­­бысты өнер көрсеткені бар­­­шаға мәлім. Сеулде ол кү­міс алса, Мартиниде бас жүл­дені олжалады ғой...

– Иә, Швейцарияның Мар­тини қаласында Дәулет керемет өнер көрсетіп, әлем чемпионы атанды. Содан бері та­баны күректей 30 жыл өтсе де сол жарыстың әрбір сәті кү­ні бүгінгідей көз алдымда. Төрт­­күл дүниенің теңдессіздері бас қосқан байрақты бәсекеде қазақ балуанымен бірге Олег Ку­черенко, Александр Игна­­­тенко, Камандар Маджидов және Александр Карелин сынды саңлақтар бас жүлдені олжалады. Сол кезде командалық әріптестерімнің бұл табысына дәп бір өзім чемпион бол­ғандай шын жүректен қуан­дым. Ал Сеулдің жай-күйі бар­шаға мәлім. Олимпиадада Тұр­лыханов алтын тұғырға кө­терілуге тиіс еді. Алайда ақ­тық айқаста арамза қазылар әділдікті белден басып, жеңісті жергілікті балуанға берді. Сол көпе-көрінеу қиянаттың ке­сірінен дара туған Дәулет күміс медальды қанағат тұтуға мәжбүр болды.

– Бозкілемнен қол үз­ген­нен кейін бапкерлік қыз­метті таңдап, қазіргі кезде Ар­­менияның ұлт­тық құрама ко­мандасын жат­тықтырып жүр­сіз. Алматыдағы жарысқа да біраз мықты балуандарды әкел­ген екенсіздер...

– Біріншіден, бұл – Дәулет досыма және Дәулеттей мық­ты балуанның алғашқы ұста­зы болған әкесі Болат Тұрлы­ханұлына деген құрмет. Екін­ші­ден, бұл – біріккен күрес әлемінің күнтізбесіне енген ірі дода. Айтулы жарысқа кіл мық­­­тылар жиналатындықтан, біз де таңдаулы спортшыларымызды аламанға қосуды құп көрдік. Оның үстіне, мау­сым айының соңында Минскіде Еуропа ойындары өте­ді. Осы жарыс қарсаңында өз шәкірттерімнің бабын бай­қап көру қажет болды. Сол себепті де Арменияның бел­ді балуандарының біразы Алматыда тер төкті.

– Жарыстың ұйымдасты­рылу деңгейі мен өз шәкірт­те­рі­ңіздің өнеріне риза бол­дыңыз ба?

– Ұйымдастырылу деңгейін­де еш гәп жоқ. Барлығы ең жо­ғарғы талаптарға сай болды. Ал Армения балуандары арасынан Артур Алексанянға ерекше риза болдым. Иә, оның Рио Олим­пиадасының жеңімпазы, Лондон Олимпиадасының қо­ла жүлдегері, әлемнің үш және Еуропаның төрт дүркін чем­пионы деген атағы бар. Алай­да жарақат алуы салдарынан Алексанянның алты айдан аса уақыт бойы бозкілемге шық­­­­пағанын ескерген жөн. Соған қарамастан ол Алматы бозкілемінде өзін өте керемет қырынан көрсетіп, 97 кило сал­мақ дәрежесінде дара шықты.

– Сіздің жеңісті жолы­ңыз­ды ұлыңыз жалғастырып жүр емес пе? Арсеннің қазіргі аяқ­алысы қалай?

– Балуандық өнерде Арсен Джулфалакян да біраз белестер­ді бағындырды. Атап айтсақ, Лондон Олимпиадасында күміс медальды иеленді. 2010-2013 жылдар аралығындағы үш әлем чемпионатында жүлдегерлер санатынан көрінсе, 2014 жылы бас жүлдені қанжығасына байлады. Еуропа чемпионы атанып, сол жарыста тағы үш мәр­те­ үздік үштіктің қатарынан кө­рінді. Биыл Бухаресте өткен құр­лықтың басты додасын қола медальмен қорытындылады.

– Биыл күзде Нұр-Сұлтан­­­да күрес түрлерінен әлем чем­­­­­­­­­­­­­­пионаты өтетіні белгілі. Олим­­­­­­­­пия ойындарының лицензиялары сарапқа салына­тын жарысқа даярланып жат­қан боларсыздар?

– Әрине! Күзде Армения құра­масы әлем чемпионатына тыңғылықты даярлықпен ке­леді. Осы қонақжай қазақ же­рінде біз қалайда Токио Олим­пиадасының жолдамасын молынан иеленуге барынша күш саламыз.

– Әңгімеңізге рахмет.


Әңгімелескен Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»