Қоғам • 06 Маусым, 2019

Ұлт ұяты

1817 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлтты сақтайтын – ұлы қасиеттері. Ұлы қасиетінен жаңылып жаза басқан ұлт ұтылады. Ұтылу өз алдына жұтылып, ұрпақ алдында ұятқа қалады. Салғырттығынан сабақ алып, ес жиған жұрттар бар. Кер заманда өз ұлтына шекесінен қарап, шіреніп күн кешкендер, кейінгі буынның алдында жасып, жасқанып шерменде болары сөзсіз.

Ұлт ұяты

Ұлттың бар өкілі ұлт ұятына жауапты. Бұл жолдағы ақиқатты өзгеге сілтеп, өзіңді ақтап ала алмайсың. Жансарайың таза болмай сыртың жылтырап, сөзің сөлкебайдай, сыңғырлаған күлкің бүгін дұрыс көрінгенмен ертең құпиясы ашылып қалуы ғажап емес.

Ұлт ұлылары: «Атадан қалған сара жолың бар» (Төле би) деп, жолдан жаңылмауды нұсқаған еді. Жолдан жаңылып, жортақтасаң: «Арылмайтын сорың бар... Еркек болып туды деп мына сені кім айтар» (Төле би) дейді.

Бұл сөздердің арғы жағы жеке адамға айтылғандай көрінгенмен – ұлт намысы жатыр. Ұлтты ұятқа қалдырмайық деген идея менмұндалап тұр.

Анау заманда Алаш  қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы: «Жұрт ісіне жаны ашып, жұрт намысына қаны қызатын қазақта адамдар аз болады... ұлт намысы деген сөз қазақтың көбіне түсініксіз нәрсе. Отбасына келерлік бәле болмаса, жұрт басына бәлені ойлап, уа­йымдамайды. Қуанышы, қайғысы отбасынан аспайды. Ұлт намысы дегенді қазақтың көбі екі ауылдың, екі таптың я екі рудың намысы деп ұғады», дейді.

Одан бері де бір ғасыр өтті. Заман өзгерді. Өзінен басқаны көрмейтін көрсоқырлық өшіп, қазаққа ұлт ұятын ойлайтын күн келгелі қашан. «Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс» (А.Байтұрсынұлы) екенін сезінсек керек еді. Бірақ Абай айтқандай, заманға күйлеп, нарық билеп кеткен тұста ұлт ұятынан гөрі, қарабастың қамы алға озып кеткендей. Әсіресе бұл істе қарапайым жұрттан бұрын, уақыт ағымы деп кейбір қолы ұзындарды, есебін түгендеуге ұмтылғандарды, басқаны тарпып, өзі қарпып қалуға жүгіргендерді алға түсіп кете беретіндерді «тәрбиелеп» шығарғандаймыз.

 Ондайлардың жат қылығы көп жағдайда артынан ашылып қалып, өзі ғана емес, ұлтты да ұятқа қалдырып жүр. Оны бадырайтып айтып, баяндамасақ та халық жегі жемқорлықты, сыбайластықта көріп, біліп отыр. Тыйылар дейді, бірақ ұсталғандар азаймайды. Аттары жиі естіледі. Ондай қылық айналасын ғана емес, ұлтқа, қазаққа қасірет болып тұрғандай.

Тіпті атын әспеттеп, үлгісін ұлықтап жүрген азаматтардың арасынан «әй, кәпірді» аңғарғанда аузыңды ашып, көзіңді жұму былай тұрсын, «Бұл не сұмдық, ұлт намысын қалай естен шығарып отыр? Оның аты мен затын былай қой, ұлт атына кір келтіріп, кірменің қылығын жасағаны несі?» демеске шараң қайсы? Тіпті ұлт бетіне дақ болып түсіп, дат болып жабысып жатыр емес пе?

«Енді Жұбаныш – жалғыз біз бе, елдің бәрі сүйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген – ұлы той» (Абай) – бұл уәж қазаққа қазір жат болуы керек. Еңсесін жаңа тіктеп келе жатқан ұлтымызға «көппен бірге болса болды» (Абай) жұбаныш еместей. Кеңдікке салып «е» дегенімізбен, жағаластырып тұрған жаһандану толқыны ұлтты бір жағаға ықтырып жібермей ме? Жұбаныштың да жұбанышы бар.

Ұлт ұятын жан бағыстың жайы осы деген алдыңғы толқын, оның ішінде ауқаттылар болып шыға келгендер, тізгін ұстағандар ойламаса, кейінгі буын сол қарекетке қарап, «дұрыс екен бізде сөйтелік» деген қадамға бет бұра беруі мүмкін. Содан да шығар, кейбір жастардың арасындағы өресіздік өрісімізді тарылтып, үрейге бой алдыратындай. Оны бүгін жасырғанмен ертең опындырып жүрмей ме деген бір ой мазалайды.

Кезінде еркіндікті еріккеннің ісіндей көрген оралымсыздық мыңдаған жастың адасуына әкелді. Олардың бір шоғыры Сириядан бір-ақ шықты. Бұл да ұлтты ұятқа қалдырды. Бейкүнә ұл мен қыз ол жақтан жетім болып оралып жатыр.

Кешегі Алаш арыстары ұлт пен жұрт, ұлт намысы, ұлт ары дегенді ауыздарынан тастамаған. Бұл жолда олар шыбын жанын аямай жақсы мағынасында ұлтшылдық танытты. Жасанды сөзге, орны кем жұбанышқа бой алдырған жоқ. Ұлт ісіне иманындай ұйыды. Біз дүрмекпен жүріп сол қасиетті жоғалтып алғандаймыз. Ұлтымен мақтана алмаған, оның үлгісін ұлықтамаған өзгенің қызылына жығылмай қоймаса керек.

Ұлтты сақтайтын – ұлт ұяты. Ұлт ұятын ойламасаң ашық-шашық қала берерің анық. Ашық-шашық қалу өзгенің басынуына әкелуі кәдік. Ендеше, Мағжан ақын сөзіне жүгініп «Азамат! Анау қазақ қаным десең, Жұмақтың суын апар, жаным десең. Болмаса, ібіліс бол да, у алып бар, Тоқтатам тұншықтырып зарын десең... Ұмытпаған өз ұлтын, Қайратты жас жігіттер!» деген сөзіне бағуымыз керек. Бұл ұлы ақынның ұлтқа айтқан сөзі, артында ұлт ұяты жатқаны да рас.