Өзбек байымаса да там салады
Сенбі, 8 маусым 2013 2:39
«Қишлоқ тараққий топса, юртимиз обод, ҳаётимиз янада фаровон бўлади»
Өзбекстанда шешілмеген мәселе көп екені рас. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Біз өзгелердей қарыз алмаймыз, бәрін өзіміз істейміз» деген сияқты уәжбен шетел инвестицияларынан қағылған көршілеріміз индустриялық дамуда көш кейін қалып қойғаны бар. Ауылдық жердегі, қалалардағы әл-ауқат әлі төмен екені рас. Кедейшілік баршылық. Сонымен бірге көршілеріміздің назар аударарлықтай игі істері де бар. Соның бір саласы – ауылдық жердегі тұрғын үй құрылысы. Бұл мәселе бала туу деңгейі жоғары Өзбекстан үшін өте маңызды.
Сенбі, 8 маусым 2013 2:39
«Қишлоқ тараққий топса, юртимиз обод, ҳаётимиз янада фаровон бўлади»
Өзбекстанда шешілмеген мәселе көп екені рас. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Біз өзгелердей қарыз алмаймыз, бәрін өзіміз істейміз» деген сияқты уәжбен шетел инвестицияларынан қағылған көршілеріміз индустриялық дамуда көш кейін қалып қойғаны бар. Ауылдық жердегі, қалалардағы әл-ауқат әлі төмен екені рас. Кедейшілік баршылық. Сонымен бірге көршілеріміздің назар аударарлықтай игі істері де бар. Соның бір саласы – ауылдық жердегі тұрғын үй құрылысы. Бұл мәселе бала туу деңгейі жоғары Өзбекстан үшін өте маңызды.
Өмір бар жерде адам өсетіні, ұрпақ көбейетіні белгілі ғой. Қазір халқының саны 30 миллионға (2013 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша 29 994 600 адам) жетіп жығылған өзбек ағайындардың басты мәселесінің бірі – баспана. Бұл елде жыл сайын шамамен 150 мыңнан астам отбасы құрылып, еншісін алып жатады. Ала тақиялы көршілеріміздің 15 миллионнан астам халқы қышлақта өмір сүретіндіктен, Өзбекстан үшін де ауылдық жерлерді абаттандырып, жас отауларды үй-жаймен қамтамасыз ету өзекті жәйт. Оған қоса «Елу жылда ел жаңа» дегендей, ескі жаңамен алмасуы керек. Сондықтан заманауи тамдар тұрғызу шындап қолға алған өзбектердің де өзгелерге үлгі етер ілкімді тірліктері бар екен.
Басқа мемлекеттердің бұл мәселеде жинақтаған тәжірибесі, үйренетін үрдісі қандай деген болулары керек, сәуір айында бізге Ташкент қаласында өткен «Заманауи үй-жай құрылысы – қышлақтарды қайта жаңғырту мен кешенді дамытудың және халық тұрмысын жақсартудың локомотиві» атты халықаралық конференцияға ортақтасудың сәті түскен-ді.
Конференциядан бір күн бұрын 50 мемлекеттен шақырылған 300-ден астам мейман алдымен үшке бөлініп, Самарқанд, Бұқара, Ташкент облыстарында болып, 2009 жылдан бері салынып жатқан типтік үйлерді аралап көрді.
Жүз рет айтқаннан бір рет көрген жақсы, расында да өзбек ағайындар тынбай тұрғызып жатқан жаңа баспаналар алыс-жақын шетелдерден шақырылған қонақтарға ұнағаны байқалды. Оның үстіне, бұл шараны көктемнің шуақты күндеріне орайластырған көршілеріміз меймандарына ұлттық дәстүрін де, тарихи көркем қалаларын да көрсетуге тырысып бағатыны аян емес пе?!
Баяғыда ұмыт бола бастаған өзбекшемізді еске түсірсек, біз тақырыпшаға шығарған жолдарды «Ауыл дамыса – жұртымыз абат, өміріміз сабат болады» деп аударып алуға болады.
Сонымен, не десек те, кез келген мемлекет өз астанасының айналасындағы көркем ғимараттармен бітпейтіні белгілі. Бұл елде де тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында бас жоспар дегенге бағынбай, әркім шамасы келгенінше, бұйырған жерден, әртүрлі құрылыс материалдарымен, ешқандай инженерлік құрылғылдарды ескермей үй сала берген. Әрине, әр өзбектің өзі біліп салып алған баспаналары уақыт өте келе берекесіздік туғызып, бірқатар мәселелерді туындата түскен.
Тек 2009 жылдан бастап жағдай өзгереді. Өзбекстанның Президенті Ислам Каримов арнайы шешім шығарып, бұл жылды ауылдық жерлерді дамыту мен абаттандыру жылы деп жариялайды да, жоғарыдағы игі идеяны ұлттық ұранға айналдырып, мемлекеттік бағдарлама аясында басқа да әлеуметтік мәселелермен сабақтастырып, алға жылжыта бастайды.
Нәтижесін сонау Еуропаның төрінен, Азия, Америка мен Африка елдерінің өзінен келген қонақтар көріп, ризашылықтарын жасырмағандығын айту ләзім.
Біз Самарқанд, Бұқара, Ташкент облыстарында жаппай салынып жатқан бір тектес үйлерді көріп қайтқаннан кейін, ертесіне 17 сәуірде жоғарыда атап өткен «Заманауи үй-жай құрылысы – қышлақтарды қайта жаңғырту мен кешенді дамытудың және халық тұрмысын жақсартудың локомотиві» деп аталатын халықаралық мәжіліс басталды.
Бұл конференцияны Өзбекстанның Президенті Ислам Каримовтің өзі ашып, өз еліндегі соны өзгерістерді атап өтті. Әлемдік қаржылық дағдарысты өзбектер еңсере алды ма деген сауал төңірегінде сөз саптап, негізгі мәселеге ойысты.
Осы арада Ташкенттегі Симпозиумдар сарайында Өзбекстан Президентінің бастамасымен өткен жиынға БҰҰ, Дүниежүзілік банктің, Халықаралық валюта қорының, Азия Даму банкі, Ислам Даму банкі, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің ассоциациясы (АСЕАН), ЮНЕСКО сияқты беделді ұйымдардың жетекшілері мен өкілдері келіп қатысып, жақсы пікірлерін білдіргенін айта кетуге болады.
Ал халықаралық конференцияға шақырылған қонақтар негізінен құрылыс саласының майталмандары, жобалаушылар, сәулет өнерінің мамандары, құрылыс компаниялары мен инвестициялық ұйымдардың басшылары болғандықтан, олар Самарқанд, Бұқара сапарларында жаңадан салынып жатқан типтік үйлердің сапасына көп мән беріп жатты. Құрылысқа қандай заманауи материалдар қолданылғанын байқастап жүрді.
Таяудағы жылдарға дейін бұл елде баспана тұрғызуда бірқатар бассыздықтар орын алып, әркім өз бетінше үй сала бастағанын айттық қой. Сондықтан да тек тәуелсіздік жылдарының өзінде 2,6 миллион неке тіркеліп, осынша жаңа отбасы құрылған ел бұл мәселені реттеуге бел шешіп кіріскен.
Бізге ұнағаны жаңа қолжетімді үйлерді тұрғызуда жергілікті халықтың менталитеті, ұлттық болмысы, өсіп-өнетіні барынша ескерілген.
Осы арада бізді түптің түбінде Ташкенттен бір-ақ шығарған оқиғаның басына орала кету керек. Өзбекстанның Қазақстандағы жаңа елшісі Алишер Салахитдинов мырза сөзінде тұрып, араға жиырма жыл салып Ташкентке тартып кетудің сәті түскені.
Ал елші мырза реті келсе талай шоқайымыз тозған тәуелсіз Ташкентке апаруға ықпал жасауға уәде берген. Көңілжықпастықпен айтылған сөз шығар, деп біз бұл туралы тіпті, ұмытып кеткен күні өзбек консулы хабарласып, Өзбекстан еліне сапарлатудың сәті түсіп тұрғанын жеткізді. Және мұндай мүмкіндік тек «Егемен Қазақстан» газетіне ғана беріліп тұрғандығын да айтып қоюды ұмытқан жоқ.
Қышлақтағы құрылыс қарқынды
Сонымен, Самарқанд, Бұқара және Ташкент облыстарына топ-топ болып, бөлініп барған конференция қонақтары өмірі өзгерген Өзбекстанның қышлақтық тұрмысын көріп қайтты.
2009 жылдан бері салынып жатқан типтік үйлер 15 жылға несиеге беріледі. Үйдің жаңа қожайыны бастапқыда 25 пайызын төлейді. Шамамен мұндай қолжетімді үйлердің бағасы 50 мың АҚШ долларындай болмақ. Егер тұрғын үйлердің жалпы көлемі 150 шаршы метр екендігін және жаңадан бой көтеріп жатқан махаллаларда мектеп, балабақша, тұрмыстық қызмет көрсету үйлері қоса салынып жатқанын айтсақ, бәрі де көңілден шықты.
Қысқасы, Өзбекстан Президентінің 2009 жылғы бастамасының нәтижесінде, «Қишлоқ жойларда уй-жой қурилиши кўламини кенгайтиришга оид қўшимча чора-тадбирлар тўғрисида» («Ауылдық жерлерде үй құрылысы көлемін кеңейтуге байланысты қосымша іс-шаралар туралы») атты қаулыға сәйкес, сол жылы Самарқандта 60 үй пайдалануға беріледі.
Заманға сай етіп салынған мұндай үйге қызығушылар да, мұқтаждар да көп болғандықтан, Самарқанд облысында келер жылы, яғни 2010 жылы – 650 үй, 2011 жылы – 695 үй, 2012 жылы – 900 жаңа баспана жұрттың игілігіне берілген. Биыл Самарқанд облысының аудандарында 1 050 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатқаны белгілі болды.
Біздер Янгиарык, Киркдархон массивтерінде қоныс тойын тойлаған өзбектердің өміріне бір күн болса да араластық. Ал Акдория ауданындағы Пулатдархон махалласында 2010 жылы тек 20 үй тұрғызылса, биыл 169 типтік үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр екен.
Жоғарыда айтып өткендей, жаңадан бой көтеріп жатқан махаллаларда мектеп, балабақша, спорт алаңдары, дәрігерлік бекет, сауда кешені, тұрмыстық үйлер қоса салынуда.
Бұл үрдістен Ташкент облысы да қалысып отырған жоқ, дейді өзбектер. Тек өткен жылы астаналық облыстың 42 елді мекенінде 1 160 типтік жоба жүзеге асқан.
Осы арада, айта кету керек, өзбек елі жаңадан салынып жатқан үйлердің құрылысына тек өз елдерінде шығарылатын құрылыс материалдарын қолдануға күш салып бағуда.
Австрия, Үндістан, Эстониядан келген әріптестеріміз Ташкент облысының Зангиота ауданындағы «Обод турмуш» махалласындағы жаңа үйлерді көріп келгенін айтты. Сол сияқты Ортоул селосында 173 үй иелерін тауып, қоныс тойын өткізіпті.
Біз Бұқараға бара алмадық. Бұқараға кеткендер алдымен өздерінің тарихи орындарда болғанын, сан ғасырлар тұрған Саманилер мавзолейін, Пойи-Калон, Лабиҳовуз ансамбльдерін, Нодир Девон бегінің медресесін тамашалаудың сәті түскенін айтып келді. Ол жаққа барғандар ежелгі Бұқараның рухы ескен Токи-Заргарон, Токи-Телпак – Фурушон сауда кешендерін аралапты, тарихы терең ұлттық сәулет өнері заманауи ғимараттарға көшкенін сөз етті.
Содан кейін Ғиждувон ауданының Ғаждумак махалласында тұрғызылған 35 типтік үйлерді аралап, тұрғындарымен сұхбаттасып қайтыпты.
Ал біз Самарқандтағы Регистонды аралап, Әмір Темірдің мавзолейінде болып, сан ғасырдың куәсі болған сәулет өнерінің жауһарларына тағзым етіп, Ташкентке қайтып келдік.
Қазақ ауылын, өзбек қышлағын, неміс селосын, еврей кибуцын ойлайды
Конференция барысында өте қызықты баяндамалар жасалды. Мәселен, немістер Германиядағы Кронсберг ауданы қалай бой көтергенін айтса, Израиль елі кибуцтар селолық жерлерді тиімді дамытудың жолы екендігін айтады. Мәселен, типтік үйлер салуды қаржыландыру мен құқықтық нормативтік құжаттармен қамтамасыз ету де көп ойласуды қажет етеді. Бельгия да бұл мәселеде фламанд тәжірибесімен бөліссе, Норвегия 1945 жылдан кейін өзінің солтүстік бөлігіндегі елді мекендерді қалай қалпына келтіргенін айтады.
Ал Қазақстан атынан Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің Т.Бәсенов атындағы сәулет және құрылыс институтының директоры, профессор Ізім Дүйсембаев пен техника ғылымдарының докторы, профессор Ерік Бесімбаев сынды ғалымдар әріптестерімен тәжірибе алмасты. Ауылды жерлерді өркендетуге қатысты өз еліміздің мысалын атады.
Қысқасы, ауылдық жерлерде типтік үйлер салу мәселесіне қатысты шетелден келген мамандар 80-нен астам баяндама жасай отырып, селолық жерлерді дамытудың барлық қырын қарастырды деп айтуға болады. Өзбекстан Қарақалпақстанда және облыстарында 2009-2012 жылдар аралығында 23,6 мың заманауи үй тұрғызған. Қазір де ауқымды құрылыс жүріп жатқан елдің ауылдық жерлерінде 10 мыңдай баспана салынуда.
«Узкурилишматериаллари», «Узметкомбинат», «Узмонтажмахсускурилиш», «Кишлок курилиш инвест» компаниялары құрылыс материалдарын дер кезінде және жеңілдетілген бағамен тиісті жеріне жеткізіп отыруды мойындарына алған. Өзбектер тек өткен жылы қышлақ құрылысына 410 мың тонна цемент жұмсағанын айтады. Дәл қазіргі таңда көрші елде 800 кірпіш зауыты жұмыс істеп тұрған көрінеді.
Сонымен, араға жиырма жыл салып оралған Өзбекстанмен де қоштасатын күн келді. Бізді әуежайдан қарсы алып, Алматыға шығарып салғанша қасымыздан бір елі қалмай, қонақжайлық көрсеткен өзбек ағайындармен ежелгі әдетімізге басып, қағытып қалжыңдасып қоштастық.
– Өзбек байыса там салады, – дейміз. Олар да қалыспай:
– Қазір қазақ байыса астана салатын болыпты, – дейді.
Өз ауылымызда жүрген өзбектер көп, бірақ, өмірінде Қазақстанға келіп көрмеген көршілеріміз де бар екен. Олар да біз он жылда Арқада тұрғызған астанамызды қайта-қайта сұраумен болды. Өзбек ағайындар біздегі құрылыс қарқынына да қызыға қарайды.
«Өзбек байыса там салады» деген сөз баяғыдан бар. Дәл қазіргі өзбекті бай деуге болмайды. Сонда да, байымаса да үй салып жатыр бұлар. Өйткені, ала топылы ағайындар үй болмай күй болмайтынын жақсы біледі.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ – ТАШКЕНТ – САМАРҚАНД – ТАШКЕНТ – АЛМАТЫ.