12 Маусым, 2013

Екпеден неге бас тартамыз?

662 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Екпеден неге бас тартамыз?

Сәрсенбі, 12 маусым 2013 2:34

Балаларға екпе (вакцинация) жасау адамзаттың үздік жетістіктерінің қатарына жатады. Екпе арқылы жер шарында миллиондаған балалар өлімнен, мүгедектіктен құтқарылады, яғни толыққанды өмір сүруге мүмкіндік алады. Оған дәлел – жер бетінде шешек (оспа) ауруының жойылуы. Өткен ғасырдың 77-жылының қазан айынан бастап Жер шарында шешекпен ауырған бірде-бір науқас тіркелмеген. Осыған байланысты бұрынғы КСРО-да 1979 жылы шешек ауруына қарсы балаларды егу тоқтатылып, ол екпе күнтізбесінен алынып тас­талды. Күні бүгінге шейін қауіпті жұқпалы аурулардың қатарында саналатын полиомелит те жойылудың қарсаңында, бұл да екпе жасаудың нәтижесі.

Сәрсенбі, 12 маусым 2013 2:34

Балаларға екпе (вакцинация) жасау адамзаттың үздік жетістіктерінің қатарына жатады. Екпе арқылы жер шарында миллиондаған балалар өлімнен, мүгедектіктен құтқарылады, яғни толыққанды өмір сүруге мүмкіндік алады. Оған дәлел – жер бетінде шешек (оспа) ауруының жойылуы. Өткен ғасырдың 77-жылының қазан айынан бастап Жер шарында шешекпен ауырған бірде-бір науқас тіркелмеген. Осыған байланысты бұрынғы КСРО-да 1979 жылы шешек ауруына қарсы балаларды егу тоқтатылып, ол екпе күнтізбесінен алынып тас­талды. Күні бүгінге шейін қауіпті жұқпалы аурулардың қатарында саналатын полиомелит те жойылудың қарсаңында, бұл да екпе жасаудың нәтижесі. Өкінішке қарай, осындай жетістіктер бар бола тұра әлі де екпе жасау арқылы жоюға немесе әлсіретуге болатын жұқпалардан дүние жүзінде жылма-жыл 4 миллионға жуық бала  өледі. Инфекциялық ауруды басынан өткерген балалардың қаншасының мүгедек болғандығы және оларды емдеуге, сауықтыруға кеткен қаражаттың мөлшерін нақты есептеп шығару мүмкін емес.

Жалпы, адамзат осы жұқпаға қарсы егуді қажеттіліктен ойлап тапқаны белгілі. Өйткені, тарихи деректерде адамзатқа қасірет әкелген қара шешектен, холерадан адамдар мыңдап, миллиондап қырылып қалғаны, тірі қалғандары отырған мекендерін тастап көшуге мәжбүр болғаны жазылады.
Медициналық ресми тарихи деректерде жалпы инфекцияның иммундық алдын алу шарасын 1796 жылы ағылшын дәрігері Эдвард Дженнер шешекке қарсы алғашқы екпе жасау­дан бастады. Ол Лондонда шешекке қарсы екпе бекеттерін ашып, ауруға қарсы белсенді иммунизацияны жүргізуді жолға қойып, осы әдістің инфекциялы аурулардың алдын алудағы ең нәтижелі әдіс екендігін дәлелдеді. Ескеретін жәйт, шешекке қарсы нәтижелі екпе әдісін біздің бабамыз Жәнібек хан мен Жиренше шешеннің замандасы, 1388-1487 жылдары өмір сүрген Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы енгізген, сөйтіп, осы әдісті европалықтардан бірнеше ғасыр бұрын пайдаланған және өзінің «Шипагерлiк баян» атты еңбегінде жариялаған.
Вакциналар дегеніміз  –  белгілі бір жұқпаны (инфекцияны) қабылдамаушылықты қалыптастыру мақсатында егілетін иммунобилогиялық белсенді препараттар.
Дүние жүзінде 200 жылдан астам уақыт ретті түрде жүргізіліп келе жатқан екпе жасау халықтың 95 пайызын  қамтығанда нәтижелі болады. Екпе жасау арқылы бірқатар онкологиялық аурулардың алдын алуға болады. Мысалы, әйелдерде кездесетін адам папилломасы вирусының салдарынан туындайтын жатыр мойнының обырын (қатерлі ісігін) сол вирусқа жасөспірім қыздарды екпе жасау арқылы алдын алуға болатындығын бүгінгі күні клиникалық иммунология дәлелдеп отыр және оны өткізу біздің елімізде қолға алынып жатыр.
Өкінішке қарай, Ақтөбе облысының денсаулық сақтау департаментінің өткен жылғы қорытынды мәліметтері бойынша, облыста 765, Ақтөбе қаласында 410 бала толық көлемде екпе алмай отыр, оның ішінде 200-ден астамы қандай да бір екпеге қарсы мүлде егілмеген. Егілмей жатқан балалардың басым көпшілігі Темір (122 бала), Мұғалжар (90 бала) аудандарында тұрады. Бұлай болудың себебі түсінікті, аталған аудандарда кейбір діни ағымдардың ата-аналарға ықпалының әлі де болса күшті екендігін көрсетеді. Екпеден бас тартушылық Қазақстанның басқа да облыстарында баршылық.
Айта кететін жәйт, вакциналар биопрепараттар болған соң егуден кейін асқынулар (баланың дене қызуының жоғарылауы, жергілікті ісінулер, аллергиялық реакциялар, сирек энцефалиттер) болуы ықтимал. Олардың саны 10000-100000 балаға шаққанда бірен-саран жағдайда кездеседі. Бірқатар ата-аналар осы аталған асқынуларды желеу қылып, екпеден бас тартып жүр. Ұрпағымыздың дені сау болып, өмір сүру сапасын жақсартуы және ұзақ өмір сүруі үшін мемлекет өзі тегін ұсынып отырған екпелерден неге бас тартуымыз керек? Жұқпаға қарсы егілмеген бала сол жұқпалардың қайнар көзі болып саналады, яғни инфекцияны таратушы. Ал егілген бала, тіпті ауырып қалған жағдайда да ауруы өте жеңіл түрде өтеді.
Елімізде балалардың құқығын, денсаулығын қорғау Ата Заңмен және басқа да құқықтық нормативтермен белгіленген. Қазақстан Респуб­ликасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодек­­­сінің 89-бабының 1.1-тармағында әрбір бала «денсаулық сақтау жүйесінің заманауи және тиімді қызметін, ауруларды емдеу құралдарын пайдалануға және денсаулығын қалпына келтіруге» құқылы және 156-бабының 1-тармағына сәйкес «Қазақстанда тұратын физикалық тұлғалар кепілді ақысыз медици­налық көмек шеңберіндегі инфекциялық және паразитарлық ауруларға қарсы алдын алу екпелерін алуға міндетті» делінген. Олай болса, балаларына екпе өткізуден бас тартып отырған ата-аналар, олардың құқығын бұзып, ұрпақ денсаулығына нұсқан келтіріп отырғандарынан және жауапқа тартылуы мүмкін екендігінен хабарсыз.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау, сани­тарлық-эпидемиологиялық департаменттері, саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы жұқпалы ауруларға қарсы екпені өткізуге қарсы ата-аналарға үгіт-насихатты ауқымды түрде жүргізіп келеді. Соған қарамастан, олар­дың саны азаятын емес, сондықтан бұл шараға дін қызметкерлері, мұғалімдер, құ­қық қорғау қызметкерлерінің, ата-аналар қауымдастықтарының араласуының қажеттілігі айқын. Дана халқымыз «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағидасын іске асыратын жұқпалы ауруларға қарсы екпенің қажеттілігі тайға таңба басқандай белгілі. Олай болса, ел болып осы шараға атсалысайық.
Қуанғали Әбдірахманов, 
Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің №2 балалар аурулары кафедрасының жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы.