Сайлау • 06 Маусым, 2019

Ұлттық викторинаның екінші кезеңі өтті

904 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясы сайлау құқығы мен сайлау процесі мәселелері бойынша Қазақстанның жоғары оқу орындары студенттерінің арасында ұлттық викторинаның екінші кезеңін өткізді.

Ұлттық викторинаның екінші кезеңі өтті

Бұдан бұрын жоғары оқу орындары­ның студенттері арасында сайлау құқығы және сайлау процесі мәселелері бойынша ұлттық викторинаның бірінші туры өткенін хабардар еткенбіз. Енді міне, Орталық сайлау комиссиясы сайлау құқығы мен сайлау процесі мәселелері бойынша Қазақстанның жоғары оқу орындары студенттерінің арасындағы ұлттық викторинаның екінші кезеңін өткізді. Аталған викторина – мем­лекетаралық жобаның ұлттық кезеңі және оны Орталық сайлау комиссиясы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері Парламентаралық Ассам­блеясының кеңесімен және Демо­кратияны, парламентаризмді дамыту және ТМД ПАА-ға қатысушы мемлекеттер азаматтарының сайлау құқықтарын сақтау мониторингінің халықаралық институтымен бірлесе ұйымдастырып отыр.

Жалпы, бұл іс-шара болашақ сайлау­шы­лардың құқықтық мәдениетін арттыру, олардың бойында сайлау құқықтарын саналы түрде іске асыра алу үшін машықтары мен дағдыларын қалыптастырып, білім­дерін жетілдіру мақсатында өткізіледі. Ал екінші турда ұлттық қазылар алқасы пікір­талас өткізу дағдыларын бағалау негізінде 10 үміткерден бір жеңімпаз бен екі жүлдегерді анықтады. Сөйтіп бірін­ші орын қазақ-орыс халықаралық универ­си­тетінің студенті (Ақтөбе қ.) Роман Есена­линге, екінші орын Каспий қоғамдық уни­вер­ситетінің студенті (Алматы қ.) Рус­лан Букеновке және үшінші орын Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік уни­верситетінің студенті (Түркістан қ.) Гүлназ Серікқалиеваға бұйырды.

Енді ұлттық викторинаның шарттарына сәйкес бірінші орын алған жеңімпаз биылғы жылдың қыркүйегінде ТМД елдерінің құрама командасы сапында Санкт-Петербург қаласында өте­тін халықаралық ғылыми пікірталас­тар­ға қатысады. Орталық сайлау комис­сиясы­ның хатшысы Сәбила Мұстафина өзінің құт­тықтау сөзінде атап өткендей, Жастар жылын­да өткізіліп отырған викторинада сту­дент­тердің белсенділік танытуы – дәл осы сайлау алдындағы кезеңде біздің жас ұрпақ­тың сайлау процестеріне саналы көз­қарасы мен сайлау заңнамасына деген қызығу­шылығының үлгісі.

Қазылар алқасының құра­мын­дағы Білім және ғылым министр­лігінің өкі­лі К.Әбуова, ғылыми сараптау қоғам­дас­тығы­нан – М.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ қылмыстық сот төрелігі және ғы­лы­ми-құқықтық сараптау мәселелері бо­йын­ша ғылыми-зерттеу жобаларының жетекшісі, заң ғылымдарының докторы, профессор М.Қоғамов, Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Е.Нұрпейісов викторинаны бағалап, қоры­тынды шығарды.