25 Қаңтар, 2013

Ұрыны ұлықтаған қоғамда қасиет қалмайды

418 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұрыны ұлықтаған қоғамда қасиет қалмайды

Жұма, 25 қаңтар 2013 7:08

Бір аптадан аса уақыттан бері Ресейдің, сондай-ақ біздің де кейбір ақпарат құралдарымыз посткеңестік кеңістіктегі қылмыстық дүниенің ең беделді қайраткері Аслан Усоянның (лақап аты Хасан ата) өлтірілуін барынша қазбалап көрсетті. Оған әлемдік БАҚ та біраз назар аударды.

 

Жұма, 25 қаңтар 2013 7:08

Бір аптадан аса уақыттан бері Ресейдің, сондай-ақ біздің де кейбір ақпарат құралдарымыз посткеңестік кеңістіктегі қылмыстық дүниенің ең беделді қайраткері Аслан Усоянның (лақап аты Хасан ата) өлтірілуін барынша қазбалап көрсетті. Оған әлемдік БАҚ та біраз назар аударды.

Оның атына қосылып айтылатын сипаттама көп: орыс мафия­сының королі, «Әлем ұрыларының ұлы патриархы», заңдағы №1 ұры. Біреулерге бұл ғайбаттап айтыл­ғандай көрінер, ал Ресей қауы­мын­да аса үлкен бедел. Оған оқ атылып, жараланғаны белгілі бол­ған­да, сол жерге Мәскеу полиция­сының бастығы Олег Баранов, РФ Тергеу комиссиясының Мәскеу бо­йынша бас тергеу басқарма­сының бастығы Вадим Яковлев жан ұшы­рып жеткен. Бәлкім, басқа бір бел­гілі қоғам не өнер қайраткері қаза тауып жатса, бұлар бармауы да мүмкін. Ал Хасан ата өліп жат­қанда, бармай тұра алмайды.
Оның өмірбаяны тек қыл­мыс­тан тұрады. Отыз жасында «заңда­ғы ұры» тәжін киеді. Бұдан кейін оған ешкім тимейтін болған. 1994 жылы Санкт-Петербургке орныға­ды. Кә­дімгі қызметке орналасқан­дай. Құ­қық қорғау орындары ғана емес, қала басшылары да, ел басшылары да оның қылмысты әлем­нің же­текшісі екенін біледі. Бірақ оған ешкім тиіспейді. Бұлар жасырынбайды да, ең қымбат шетел көлігі солардың тақымында. Жасаулы үй-жай солардікі. Жалғыз жүр­мейді, мәшинелер эскортымен қоз­ғалады.
Құқық қорғау органдары тиіс­пегенмен, бұл елдегі қылмыстық патшалықта оның бақталастары же­терлік. Қауіп солардан. Хасан атаға бұған дейін де қастандық жасалып, 2010 жылғы қыркүйекте бұл елдің ақпарат құралдары біраз шулаған. Оқ тигенмен, атақты Боткин ауруханасының дәрігерлері оның жанын сақтап қалды. Сонда ауруханада жатқанда сол меди­ци­налық мекеменің ішінде қылмыс­керлер мафиясының королін Ре­сей­дің ең озық полиция бөлімдері мен арнаулы қызметінің және бан­диттердің жүз қаралы адамы қор­ғауға алды.
Бұл жолы Ресейдің медицинасы, осы елдің қылмыстық әлемінің қаржылық құдіреті Хасан атаны құтқара алмады. Енді оны жерлеу ғана қалған. Бұл жерде де қыл­мыс­керді құрметтеудің, ұрыны ұлық­таудың «өнегесі» көрсетілді. Мәс­кеудің Троекуров зиратында аза­мат­тық жаназасын шығару өткі­зілді. Оған бірнеше мың адам қа­тыс­қан. Арасында қылмыстық әлем­нің басшылары бар. Бұл зи­ратқа барар жолда ең қымбат шет­елдік көліктердің кептелегі болған.
Жаназасын қылмыстық дү­ниенің орталығында шығарға­ны­мен, Хасан атаның өсиетімен оны туған жері Грузияда жерлемек болады. Ұлы ұрының мүрдесі са­лынған ұшақ солай қарай ұшады, сірә, орыс мафиясы королінің мұ­рагерлері оны туған жері құшақ жая қарсы алады деп ойласа керек, бірақ қылмысқа қарсы қол көтер­ген Грузия оны қабылдамады. Мұ­рагерлер амалсыз қылмыстыларға құрмет көрсететін жерге қайта оралуға мәжбүр болды.
Хасан ата Мәскеудің Хован зиратында жерленді. Ұлы ұрыны ұлықтау, қылмыскерді құрметтеу тағы жалғасты. Тағы да оған қыл­мыстық дүниенің қайраткерлері қатысты. Олар ешкімнен қорық­пай­ды, бой тасаламайды. Қазір бас­пасөзде ұлы ұрының жақын серіктерінің, мұрагерлерінің аты-жөні жазылып жатыр. Олар барлық жерде бар көрінеді. Астапыралла, бізде де бар екен! Аты-жөні курд-езид Гади Калоян. Оны біздің орындар да білетін шығар. Біл­месе, бұлар шошқа тағалап жүр ме дейсің. Ал білсе, неге тұқымын құ­рытпайды. Бұлар да ұлыны ұлық­тай ма деген сұрақ туындайды.

Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».