Шарайна
Сейсенбі, 29 қаңтар 2013 7:31
Саяси үнқатысуға келісті
Үш күнге созылған тәртіпсіздіктерден кейін Египет президенті оппозициямен саяси үнқатысуға келісті
Египет президенті Мухамменд Мурси тәртіпсіздіктердің тоқтамауына байланысты елдің үш провинциясында төтенше жағдай режімін енгізуге мәжбүр болды. Бұрынғы режімді құлатудың екінші жылдығына тура келген наразылық акцияларын ол контрреволюция жүргізуге талпыныс деп атады.
Сейсенбі, 29 қаңтар 2013 7:31
Саяси үнқатысуға келісті
Үш күнге созылған тәртіпсіздіктерден кейін Египет президенті оппозициямен саяси үнқатысуға келісті
Египет президенті Мухамменд Мурси тәртіпсіздіктердің тоқтамауына байланысты елдің үш провинциясында төтенше жағдай режімін енгізуге мәжбүр болды. Бұрынғы режімді құлатудың екінші жылдығына тура келген наразылық акцияларын ол контрреволюция жүргізуге талпыныс деп атады. Төтенше жағдайдың енгізілуіне жауап ретінде египеттіктер «түнгі қыдырыс» ұйымдастырды. Бірқатар өңірлерде үш күнге созылған тәртіпсіздік салдарынан ондаған адам қаза тапты. Мурси өзінің саяси қарсыластарын тұрақтылық пен қауіпсіздікке қол жеткізу үшін үнқатысуға шақырып отыр.
Тимбукту қаласын шабуылдамақ
Малиде үкімет армиясының солдаттары мен француз бөлімшелері Тимбукту бағытына қарай жылжуда. Кейбір мәліметтерге қарағанда, әскер исламистер тарапынан ешқандай қарсылық кездестірмей отыр.
Өткен демалыс күндері француз авиациясы содырлардың Тимбукту және Гао аудандарындағы позицияларына ондаған соққылар жасады. Сенбі күні малай және француз әскерилері Гао қаласын бақылауға алды. Бамакодан 1,2 шақырым жерде орналасқан Гао Малидің солтүстігіндегі исламистердің тірек қаласының бірі болып табылады. Сонымен бірге, Чад пен Нигердің әскери контингенттері де жергілікті әуежайға келе бастады. Олар Гао қаласына бақылау орнатуы тиіс.
Экс-премьер ес жинай бастады
Израильде медициналық орталық мамандары зерттеу барысында елдің бұрынғы премьер-министрі Ариэль Шаронның миындағы нейрондардың айтарлықтай белсенділік таныта бастағанын байқаған.
Бұл әдеттегі тестілер болатын, бірақ оның нәтижелері күткендегіден едәуір өзгеше болып шықты. Оң көрсеткіштердің бар екендігі байқалды, деп атап көрсеткен Шаронның бұрынғы көмекшісі Раанан Гиссин. Дәрігерлер бұрынғы премьер-министрдің миына екі сағаттық магнитті-резонасты томография жасап, оның барысында отбасы мүшелерінің фотосуретін оған көрсеткен. Сондай-ақ, медиктер Шаронның ми нейрондарының реакциясын тексеру үшін оның ұлы Гиладтың дауысын да тыңдатқан. Қорытындысында мамандар 2006 жылдан бері комада жатқан экс-премьердің белгілі бір дәрежеде ес жинау нышандарын байқаған.
Иран Еуроодаққа мұнай мен газ сатуды тоқтатты
Иран өзінің мұнайы мен газын Еуропаға сатуды тоқтатты. Иран мұнайы мен газын экспорттауға салынған тыйым ЕО дұшпандық шешімдер қабылдауын тоқтатқанға дейін сақталмақ.
Иранның мұнайы мен газын Еуроодақ елдеріне экспорттауды тоқтату Еуропа мемлекеттері мен АҚШ-тың Тегеранға қатысты енгізген экономикалық санкцияларына жауап ретінде жүзеге асырылып отыр. Бұл туралы Иранның мұнай министрлігінің өкілі Алиреза Никзад-Рахбар хабарлаған. Еуроодақ санкция енгізгенге дейін ЕО-ға импортталатын Иран мұнайының көлемі бүкіл ел импортының 18 пайызын құраған еді. Айта кету керек, 21 желтоқсанда Еуроодақ Иранға қатысты санкциялардың анағұрлым қатаң пакетін қабылдаған болатын.
Берлускони Муссолиниді мақтады
Сильвио Берлускони тағы да дау-жанжалдардың ортасында қалды. Бұл жолы италиялық саясаткер Миланда өткен Холокост құрбандарын еске алу салтанатында әдепсіз сөз айтқан көрінеді.
Сильвио Берлускони осы өткен салтанатта Бенито Муссолини режімін және оның жеке басын мақтаған. Саясаткердің пікірінше, оның ел үшін көп жақсылықтар жасағаны сондай, оның еврей халқын концлагерлерге депортациялау туралы бұйрығы соншалықты бір маңызды қылмыс болып табылмайды. Осы сөзден кейін оның атына көптеген қоғам және саяси қайраткерлер тарапынан сын айтылса да, Берлусконидің әзірге кешірім сұрауға асығатын түрі жоқ.
Хиллари Клинтонның екіұшты жауабы
АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон 2016 жылы өтетін АҚШ президенті сайлауында өз кандидатурасын президент лауазымына ұсына ма деген журналистер сауалына жауап қайтармаған көрінеді.
Президент Барак Обамамен бірге америкалық CBS телеарнасына берген сұхбатында ол мені және президентті біздің елімізді не күтіп тұрғаны алаңдатады. Біз ертең не боларын, алдағы жылы не боларын алдын ала айта аламыз деп ойламаймын деп жауап берген. Хиллари Клинтон өзінің әлі де мемлекеттік хатшы екенін, саясатқа араласпайтынын айтып, ондай сауалдарды тыңдағысы да келмейтінін жеткізген.
Қыз алып қашқандарға жаза қатаң
Қырғызстанда әйелді некеге отыруға мәжбүрлегені үшін жазаны қатайтты. Соған орай ел өкіметі қылмыстық кодекске түзету енгізу туралы заң қабылдаған.
Құжатқа сәйкес республикада қызды алып қашып, еркінен тыс некеге тұруға мәжбүрлегені үшін 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде қылмыстық жауапкершілік енгізілетін болады. Егер жасы 17-ге толмаған қызды некеге мәжбүрлейтін болса «күйеу бала» 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.