Қоғам • 07 Маусым, 2019

Жазықсыз жапа шеккен әйелдің шындық үшін шырылдаған жан дауысы әлі байыз табар емес

1232 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Жазықсыз жапа шеккен әйелдің шындық үшін шырылдаған жан дауысы әлі байыз табар емес

Тергеушінің тәлкегі

Нұржамал Нұрғалиеваның құқық қорғау органдарын жағалап, табан тоздырғанына үшінші жылға айналып барады. Өйткені адам тағдыры безбенге түсетін екіұдай сәтте мәселенің біржақты бағалануы салдарынан еш жазығы жоқ ол қылмыскер санатына қосылып кете барған. Жап-жақсы қызметінен айрылып, жып-жылы орнын суытып, сүттей ұйып отырған отбасы ойран етіліп, басқа жаққа амалсыз көшуге мәжбүрлегенін, мысқалдап жинаған абырой-беделінің шөміштеп төгілгенін ойласа, кеудесін ащы өксік қысып, жанары жасқа толады. Әділдік іздеп сандалып, жанын қоярға жер таппаған оның өңменіне пышақтай, жүрегіне тікен­дей қадалатыны – намысын аяққа тап­тап, ауыл-аймаққа масқара ет­ке­ні. Шырғалаңға толы шытырман оқиғалардың басты кейіпкеріне айна­ламын деу өңі түгілі түсіне енбеген тәрізді. Жамбыл ауданының орталығы Пресновка кентіндегі «Айна­гүл» балабақшасына 2014 жыл­дан жетекшілік етіп келе жатқан оны қайыршыға сада­қа етіп бергендей етіп бөлі­не­тін қаражаттың мекемені ағым­дық жөндеуден өткізбек түгілі жыртығын да жамауға жет­пей­ті­ні қайран қалдыратын. Оның өзін жылап-сықтап, бұлдап беретін. Ғимараттың аңғал-саң­ғал ішкі-сыртқы жұтаң кейпі тіпті қораш көрінетін. Ты­ғы­рық­тан шығудың жолын шарқ ұрып іздеп, оқу бөліміне қанша барса да, тауы жығылып, тауаны шағылып қайтатын. «Үмітсіз шайтан» деген, сонда да 1,5 миллион теңге мөлшерінде шығын есебін жасап, қалдырып кеткен. Кейін естуінше, қазынаның тапшы­лы­ғын желеу еткен мәслихат де­путаттары оның ұсынысын қабыл­дамай тастаған. Сөйтіп жүр­генде А.Уатаев деген от жа­ғушы басқа жаққа көшетін бол­ып, бұған бір ой келген. Оған мән-жайды тәптіштеп түсін­діріп, жұмыстан шығу тура­лы өтініш жазбауын өтінген. Ерік­ті келісімін алғаннан кейін шаруа­шылық меңгерушісі Р.Ап­па­қо­ваға оның ай сайынғы еңбекақысын бір тиынын да шашау шығармастан рет-реті­мен балабақшаның бірінші к­е­­зек­тегі мұқтаждықтарына жұ­м­сап отыруды нығырлап тап­­сырған. Сөз арасында сан мәрте тексерістер барысында Ап­пақоваға ешқандай кінәрат тағыл­мағанын айта кеткен жөн. Ол өз міндетін барынша адал атқарып, сатып алынған зат­тар­дың қайда жұмсалғанына дейін арнайы журналға тіркеп, түбір­тек­теріне дейін сақтап қойған. 

Ал сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрес ұлттық бюросы об­лыс­тық департаментінің тер­­­геушісі Серда­линов болса Н.Нұрғалиеваның әре­ке­тін қыл­мысқа жатқызып, 294 мың 44 теңге мемлекет қаражатын жым­қырды деген ауыр айып тақ­қан. Мен тергеушінің кінәңді мойындап, ақшаны қайтарсаң қыл­мыстық іс қозғалмайды де­ген сөздеріне имандай се­ніп қалдым. Сөйтсе, онысы алдар­қату екенін айыптау қоры­тын­дысымен танысқанда бір-ақ біл­дім. Қаржылық құжаттар бойынша ешқандай сараптама жасал­маған. Қаржының қайда жұм­­сал­ғаны жайлы нақты дәйек­тер іске тіркелмеген. Бір сөз­бен айтқанда, лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланып, қыз­мет­тік көзбояушылыққа барды деген бірыңғай қаралау мақсатын ұста­нып, қолдан «қылмыскер атан­дыр­ғаны» жанына қатты батты. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары бұр­маланғаны туралы сотқа шағым­да­нуына, шығынданып адвокат жал­­дауына, көп күн­дер­ді ұйқысыз өт­ке­ру­­ге тура келді. 

Тергеушінің алдап соққан айласымен, отбасы өмірін мүлдем басқа арнаға бұрып жіберген тәлкегімен ақырына дейін кү­ре­суге бел буған ол алдында жүй­кені жұқартатын қаншама бейнеттің күтіп тұрғанын білген жоқ.

Үмітті үзген үкім

«Хатшы қыздың «Сот келе жатыр! Тұрыңыздар!» деген қатқыл дауысынан ұйқыдан бей­мезгіл оянғандай селк еттім. Сотқа бірінші рет келіп отыр­ған­дықтан ба, өкпем аузыма тығылып, ұялғанымнан қара жердің тесігіне кіріп кететіндей ауыр күй кештім. Қара қылды қақ жарып, шындықтың шырайын шарболаттай шыр айналдырады деген судья тергеушінің қолдан құрастырған «сценариі» жетегінде кетіп, үкілі үмітті үзетіндей үкім шығарғанда төбемнен суық су құйып жібер­ген­дей болды. «Менің мұң-зарымды тыңдар адамның қал­мағаны ма?» деп күбірлей беріп­пін. Шарасыздықтан жаман қорландым», деді бізге небір теперішті басынан кешірген Нұржамал әңгімені әріден өрбітіп.

Обалы не керек, сотта оқу бөлі­мінің бухгалтері Ирина Баты­рева 2014-2015 жылдары қаржы кеңсе заттары мен кір жуу ұнтақтарына ғана қарастырылғанын, линолеум алуға – 139 мың, қазандыққа – 833 мың, мұржа орнатуға – 981 мың, логопед пен от жағушы штаттық бірліктеріне 294 мың теңге сұраған өтініші кері қайтарылғанын айтқан. Басқа куәлер де біраз шындықты жайып салған. Алайда Жамбыл аудандық соты  (19.02.2016.) олардың бірде-бірін ескермеген. Күдікті лауазымын асыра пайдаланып, жалған құжат жасады, мемлекет мүддесіне нұқсан келтірді, ұжымның қалыпты жұмыс ырғағын бұзды деген секілді небір айыптауларды тізбелеп, 1.010.820 теңге айыппұл төлеуге міндеттеген. Мемлекеттік қызметтен өмір бойы шеттеткен. Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы (18.05.2016.) қарсы тараптың апелляциялық шағымын қанағаттандырмай үкімді өзгеріссіз қалдырған. Жалғыз жалақыға күнелтіп отырған Нұржамал мұндай мол соманы қапелімде қайдан таба қойсын? 2,5 миллион теңгеге бағаланатын үйін 1,5 миллион теңгеге сатып, айыппұлды төлеу қадамына амалсыз барған. Ал моральдық жанкүйзелісті, күйіністі, бала-шағаның қайғы-уайымын тілмен айтып жеткізу тіпті қиын. Ауылдастарының «жемқор», «ұры» деген көзтүр­ткі­сіне күйік болмау үшін отба­сы облыс орталығына көшіп, төрт жан пәтер жалдап тұруға мәжбүр болған. 

«Бозторғай зорлық көріп тұрым­тайдан, таяныш таба алмап­ты қыр­дан-ойдан» демекші, жергілікті жерде маңдайы тасқа тиген жәбір­ленуші тәжірибелі адвокат Нұр­ба­қыт Теменовтің көме­гімен Жоғарғы сотқа арыз­да­нуға тәуекел еткен. 

Дау түйіні әлі шешілер емес

Қылмыстық істер жөнін­де­гі алқа (15.08.2018.) істі жан-жақты сараптай келіп, шағым­да­нушыны кінәсіз деп тапқан. «Н.Нұрғалиева жеке бас мақ­са­тын күйттемеген. Қаражат бала­бақ­ша қажеттіліктеріне толық жұмсалған. Еңбек ұжы­мы­на ешқандай нұқсан келмеген» делінген қаулыда. Оның іс-әрекетінде қылмыстық құрам­ның болмауына байланысты төменгі сот үкімдерінің күші жойылып, бұрынғы қызметіне орналастыру, материалдық, моральдық шығындарды төлеу міндеттелген. Ақтау үкімі қолына тиген Нұржамалдың қуанышы қойнына сыймай салып ұрып оқу бөліміне келгенімен, тағы да біраз әуре-сарсаңға кезіккен. Жұмысқа орналасу туралы өтінішін қабылдамай, сот арқылы шешіледі деген негізсіз талап қойған. Аудандық сот мәселенің азаматтық сот өндірісі арқылы қара­ла­тынын алға тартып, талап арызын қанағат­тандырмаған. Келісім комис­сиясы арқылы мәмілеге келуге кеңес берген. Ондағылар өндіріліп алуға тиіс төлемнен бас тарту туралы қисынсыз ұсыныстар айтқан. Не керек, екі арада допша қақпақылға түсіп, облыстық сот арқылы ғана әділдік салтанат құрған. Мұның бәрі айтуға оңай болғанымен, бұралаң-бұлтаңы көп қаншама бюрократтық кедергілерге кез болғаны жапа шегушінің шаршаң­қы жүзінен, мұңлы көзінен анық аңғарылады. «Шындық пен өтіріктің, әділдік пен әлімжеттіктің арасы бір-ақ қадам десе де үш жыл ішінде атан түйеге жүк боларлық көрген қиянатым мен мехнатымды есептейтін болсам, жазық­сыз жанды күстәналау оңай да ал оның кіршіксіз қалы­бы­на өзге­лерді қайта сендіру, ақиқаттың ақ-қарасын, аражігін ажырату ащы ішектей созылып кететіні неліктен?» деп нали, қажи сөйлеген оның сөзінен жуық арада дау түйінінің тар­қа­ты­ла қоя­тынына сенімінің аздығын ұқтық. Атап айтқанда, 4,8 миллион мөл­ше­ріндегі жалақы, тағы басқа тиесілі төлемақылардан 600 мың теңге моральдық шығын ғана төленген. Материалдық шығындарды өтеу Қаржы министрлігіне жүктелген. (28.07.2018.) Республикалық ведомост­во­ның шешімді өзгерту туралы талап арызы қолдау таппаған. Ендеше сот талабы неге орындалмай отырған деген сауал еріксіз туындап, мәселенің жай-жапсарын білмек болып Жамбыл аудандық сот кеңсесінің меңгерушісі Азамат Жаңабергеновпен сөйлес­ке­ні­міз­де төмендегідей жауап алдық:

– Иә, Н.Нұрғалиева кеңсе қыз­мет­керлеріне қалған қара­жат әлі түспей жатқанын айтып, хабарласқан болатын. Осы­ған байланысты зерттеу жүргізіліп, нәтижесінде мыналар анықталды. Өндірілуге тиісті бастапқы сома мөлшері түзетіліп, қайтадан аудандық соттың қаулысы шыққан. Бар мәселе қате кеткен алғашқы атқару парағын Астанадағы сот орындаушының кері қай­тар­мағанына, оны түзе­тіл­ме­ген күйі Қаржы министрлігіне өткізгеніне келіп тіреледі. Нұр­жамалдың ескертуінен кейін іле-шала екінші атқару парағы министрлікке де, сот орын­дау­шы­ға да қайтадан жолданды. Қаражаттың қашан түсетінін болжап айту қиын, – деді ол күмілжіп. 

Өткен жылдың қоңыр күзінде дайын болған атқару парағы тиісті орындарға уақтылы жет­пе­уіне кім жауап берер екен? Бәрінен де балабақшадағы көздері жаутаңдаған сәбилер­дің аянышты жайын ойлап, тығырықтан шығудың қаре­ке­тіне ұмтылған нәзік жанды жаптым жала, жақтым күйенің құрбанына айналдырып, шала қар­пылған киізге ұқсаған сыңар­жақ шешімдерімен бір отба­сыны қаңғытып, үйсіз-күй­сіз қалдырған тергеуші мен судьядан сұрау бола ма? Әділ­дік қалпына келтірілгендей көрінгенімен, түбегейлі шешімін тапты деуге әлі ерте. 
 
 Солтүстік Қазақстан облысы