Шарайна
Бейсенбі, 31 қаңтар 2013 7:39
Джон Керридің кандидатурасын мақұлдады
АҚШ Конгресінің жоғарғы палатасы басым көпшілік дауыспен Джон Керридің кандидатурасын Мемлекеттік департамент басшылығы қызметіне тағайындауды мақұлдады. «Франс-пресс» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Д.Керридің кандидатурасын 94 сенатор жақтап дауыс берген, үш сенатор қарсы болған.
Бейсенбі, 31 қаңтар 2013 7:39
Джон Керридің кандидатурасын мақұлдады
АҚШ Конгресінің жоғарғы палатасы басым көпшілік дауыспен Джон Керридің кандидатурасын Мемлекеттік департамент басшылығы қызметіне тағайындауды мақұлдады. «Франс-пресс» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Д.Керридің кандидатурасын 94 сенатор жақтап дауыс берген, үш сенатор қарсы болған.
АҚШ президенті Барак Обама Массачусетс штатынан сенаторлыққа сайланған Джон Керриді мемлекеттік хатшы қызметіне 2012 жылғы желтоқсанның ортасында ұсынған еді. Енді ол 2009 жылдан бері Мемлекеттік хатшы қызметін атқарып келе жатқан Хиллари Клинтонды алмастырады. Клинтон Б.Обама президенттікке қайта сайланғаннан кейін өзінің отставкаға кететінін мәлімдеген болатын. Керри 2004 жылы Демократиялық партиядан президенттік сайлауға түсіп, кіші Д.Буштан жеңілген еді.
Малиге 350 әскери қызметші жібермек
Ұлыбритания Малидегі әскери қимылдарға қатысып жүрген француз әскерилеріне қолдау көрсету үшін Батыс Африкаға 350-ге жуық әскери қызметші жіберетін болды. Бұл жөнінде Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронның кеңсесі мәлімдеді.
ВВС News-тің жазуына қарағанда, жіберілетін әскери қызметшілердің 40-ы малилік армияның даярлығын жақсартумен айналысатын болады. Қалғандары көршілес африкалық елдерге әскери кеңесші ретінде қызмет көрсетеді. Кейбір дерек көздері бойынша бірқатар елдер Малидегі әскери миссияға қаржылай да көмек беруге ниет танытып отыр.Оның жалпы мөлшері 445,5 миллион долларды құрайды. Мысалы, Еуропа Одағы – 67 миллион, Жапония – 120 миллион, АҚШ 96 миллион доллар бөлуге келіскен.
Сайлау науқанын 8 ай бұрын бастады
Австралияның премьер-министрі Джулия Гиллард келесі парламенттік сайлау науқанын күтпеген жерден мерзімінен ерте жариялады. Сайлау осы жылдың 14 қыркүйегінде өткізілуі тиіс. Осылайша бұл мемлекет ел тарихында сайлау науқанын тым ерте бастап жіберді.
Австралиялық басылымдардың жазуынша, 12 тамызда Елизавета ІІ-нің осы елдегі ресми өкілі генерал-губернатор Квентин Брайсқа баратын көрінеді. Онымен кездесуде Д.Гиллард парламентті таратып, сайлау өткізу туралы өкім шығаруды ұсынбақ. Премьер-министр сегіз айды қамтитын сайлау науқаны дау-дамайсыз өтетініне сенімді. Парламенттік сайлауға әлі 226 күн бар. Бұл елде премьер-министрдің сайлауды тағайындауына және оны өткізу мерзімін жариялауға құқығы бар. Австралияда парламенттік сайлау 2010 жылы өткен еді.
Алғашқы зымыранын ғарышқа шығарды
Оңтүстік Кореяның KSLV-1 зымыраны STSAT-2S жер серігін орбитаға ойдағыдай шығарды. Олар бұл жер серігін ресейліктердің қатысуымен жасаған еді. Бұл жөнінде «Интерфакс» ақпарат агенттігі хабарлады.
Бұдан бұрын зымыранның бірінші және екінші басқышында орын алған ақауларға байланысты аппаратты ұшыру екі рет кейінге қалдырылған болатын. KSLV-1 зымыранын алғаш рет 2009 жылы ұшырған еді. Бірақ ақау салдарынан жер серігі орбитаға шыға алмай, атмосферада жанып кетті. Ал екінші ретте де осындай жағдай қайталанды.
80-ге жуық адамның өлі денесі табылды
Сириялық көтерілісшілер Алепподағы Кувейк өзенінен 80-ге жуық адамның өлі денесін алып шықты. Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, олардың барлығы жақын қашықтықтан бастан атып өлтірілген.
Өлтірілгендердің барлығы ер адамдар болған, олардың ең үлкені 30 жаста, ал ең кішісі 11-12 жастардағы жасөспірімдер көрінеді. Оппозициядағылар өзенде әлі де ондаған адамның денесі жатқандығын айтады. Оларды алып шығуға қазірге болмайды, өйткені, бұл учаскені үкіметтік әскерлердің мергендері бақылауға алған. Өзеннен шығарылған өлі денелердің кімдікі екені тексеріліп жатыр.
Шетел валюталарын сатуға тыйым салды
Өзбекстан банктеріне жеке тұлғаларға шетел валюталарын қолма-қол сатуға тыйым салынды. Ол осы жылдың 1 ақпанынан бастап күшіне енеді.
«Bank.uz» басылымының хабарлауынша, бұл жаңа ереже Өзбекстан президентінің қаулысымен бекітілетін болады және соған байланысты республиканың орталық банкі ереже әзірлейді. Жаңа ережеге сәйкес, енді шетел валюталарын сату тек қолма-қол ақшасыз жүзеге асырылады. Ол үшін жеке тұлғалар халықаралық пластикалық карточка алуы тиіс. Сонымен бірге, оларда ұлттық валюта – суммен есеп айырысатын банктік карта болуы қажет.
Қысқа қайырып айтқанда:
Ресейлік оппозиционер Борис Немцовты тергеу комитеті жауап беруге шақырды. Оның адвокаты Вадим Прохоровтың айтуынша, ол «Оңшыл күштер одағы» партиясындағы ақша алаяқтығына қатысты іс бойынша сұралады.
Израильдің әскери ұшақтары соңғы бір тәулікте Оңтүстік Ливан аумағымен үш рет ұшып өткен. Бұл жөнінде Ливан ақпарат құралдары мәлімдеді.
Мьянма билігі 25 жыл бойы жаппай шаралар өткізуге салынған тыйымды алып тастады. Кезінде бұл азаматтардың құқығы мен сөз бостандығын бұзу деп танылған еді.
Болгариядағы есірткі мафиясы басшыларының бірі – Златомир Иванов сот ғимаратына көтеріліп келе жатқан кезде оған қарсы оқ атылған. Ол аяғынан және бүйрегінен жараланған.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.