Қоғам • 07 Маусым, 2019

Псевдосалафилердің «идеялық тартымдылығын» қалай тоқтатамыз?

1152 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазір әлемде діни-саяси ахуал тұрақты емес екені, оған түрлі саяси-экономикалық астыртын күштердің жағымсыз әсер етіп отырғаны жалпы халыққа белгілі. Таяу Шығыс елдерінде орын алған діни экстремистік топтардың елдер ішінде лаң салып, бүлік шығарғаны, одан қаншама жазықсыз азаматтардың жапа шеккенін білеміз. Өкініштісі, кейбір теріс идеялардың жастар санасына сынамалап еніп отырғаны жағдайды ушықтырмаса, жақсартпайтыны анық. Елімізде жүздеген, мыңдаған азаматтарымыздың теріс ағымдардың жетегінде жүргені белгілі жағдай.

Псевдосалафилердің «идеялық тартымдылығын» қалай тоқтатамыз?

Бүгінгі ел арасында радикалды іс-әрекеттерге итермелеп отырған псевдосалафилердің (уахабилердің), теолог мамандардың пікірінше, «идеялық тартымдылығы» тоқтар емес. Бұл діни дүрдараздықтың тоқ­та­майтындығын білдіреді. Деген­мен, діни экстремизмге қарсы кү­рес мекемелері жыл сайын күрес тәсіл­дерін жақсартып, оны заман ағымына орай өзгерткенімен, теріс идеядағы азаматтардың санасына интернет құралдарының ықпалы азаймай отыр.

Елдегі діни экстремизммен күрес­те  шетелдік теріс ағым жолын­да­ғы ұстаздың діни түсінігіне, өз­ге шетел­дегі басқа бір ұстаздың түсі­нігімен жауап беру орын алған. Бұл, түп­теп келгенде, ұлттық мүддені түген­демейді. Бұл радикалды ағымдармен күрестегі мамандардың да рухани жаңғыруы қажеттігін туындатады. Ол үшін өзіміздің төл ұлттық жобамыз тарихи санамен ғана қарсы тұрып, жоғымызды түгендей алмақпыз. Псев­досалафизмге қарсы «идеялық тар­тымдылықтың» орнын тарихи сана ғана алмастыра алатынына сенімім мол. Өйткені генеологиялық жады ұр­пақтың санасында болады және әрқашан жаңғыруды күтіп, бұғып жатады.

Халықтың ұлттық болмысы мен ғылымға деген махаббатын, азамат­тарымыздың рухын Ислам діні арқы­лы да тәрбиелеуге болады. Сонда оның ұлттық ойлауы имани деңгейге, ал­ ғылымға құштарлығы екідүниелік ой­лау болмысына  айналады. Алайда мұның бәрі дінді дұрыс тәпсірлеуге байланысты деп ұғамын. Сондықтан мәселе Ислам дінінде емес, оны ха­лыққа дұрыс түсіндіруде болып тұр. Шын мәнінде дінімізде ұлттық рух­­ты имани деңгейге көтеретін де,­ адамның рухын ғылымға бау­лып,­ итермелейтін де орасан күш бар. Тәпсіршінің өзінің санасы тө­мен, білімі таяз, көкірек көзі ашыл­ма­ған болса, онда оның ойынан діни араз­дықты қоздыратын, радикалды, санасыз мағыналар  шығады. 

Біз әлі де Исламның сыртқы қалып­тан гөрі ішкі мәнге түскенін түсін­бей келеміз. Шәкәрімше айтқанда, «сырт тазасы не керек, тазарт әуел ішіңді». Қазақтың жаңғыруының түп негізінің бірі осында жатыр. Яғни  ішкі рухани күш пен ішкі мән. Ис­ламды түсіндіргенде ішкі қалыпқа (ішкі жан дүниеге) басымдық беру ке­рек. Қазіргі жағдайда сыртқы қа­лыпты көбірек насихаттау діндар аза­маттардың сырт көз үшін ғана діннің қағидаларын ұстап, ішкі тазалыққа мән бермеуіне алып келуде. 

Құранда «мен құдіретімді адамдар арқылы көрсетемін» деген аят бар. Мұның мәні рухты таза ұстап, ғы­лым арқылы құдайдың құдіретінің көрі­нісіне куә бола аласың  деген мағына. Тарихта Ислам әлемі неге ғы­лымның биік шыңына шығып (сол кездің дәуірінде), классикалық Ислам деген атпен танылды. «Құдай жоқтан бар жасаса, біз бардан бар жа­сауымыз керек» деген қазақтың аталы сөзі неге қазір басты мағына бола алмайды.  Өкініштісі, қазіргі айтыс-тартыспен псев­досалафизмді тү­бегейлі жеңеміз деу бекершілік екенін жағдай ұқтырды. Кез келген қауіпті идеологияға қарсы өзіміздің қуатты идео­логиямызды қар­сы қойғанда ғана олқылықтың орнын толтыра аламыз. Ол идеологияның аты жо­ғарыда сипаттағанымыздай – тарихи сана. Айтып өткеніміздей, жас ­ұрпақтың санасында ата-бабала­рынан сіңген ұлттық жады бар. Біз со­ны қозғай білуіміз қажет. Бүгінгі ел арасын бүлдірген жат идео­­логиялардың негізі сырттан та­ңылғандықтан, оған қарсы күш ұлттық болмыс екенін ұғамыз. Мәуләнә Ру­мидің: «Сыртыңа қарағанда ішіңді тазарт. Сыртың – халықтың, ал ішің – Хақтың назарында тұр» деген сөзін діндарлар мен діншілдерге түсіндіруді жұ­мысымызда ту етіп алуымыз қажет деп санаймын. Теріс ағым жолындағы аза­маттарға тарихи сананы алға тарта отырып, данышпан Абай айтқан «жү­рек ілімін» дұрыс қолдана білуіміз қа­жет. Батыс философтарының айтуы бойынша батыс пен шығыс өрке­ниеттер қақтығысын жүрек ілімі (бір құдіреттің бар екеніне бас ұра отырып, адам баласын сүюге бағытталған ұс­таным) ғана жұмсарта алады екен.

Адасудың негізі танымның дұрыс болмағанынан туындамақ. Ислам философы имам Ғазали былай дейді: «Пенде нені таныса, соны сүйеді. Нені сүйсе, соның соңында болады». Бұл адам неге сенсе, сол оның әлемі болады дегенді ұқтырады. Тарихи сананың маңыздылығы да осында.

Исламда ұлтжандылықтың  жа­ғым­сыз дүние емес екенін, керісінше адам исламды таныған сайын ұлтын сүйе бастайтыны анық. Ислам діні ал­дымен өз ұлтыңды құрметтеп сүю арқылы өзге ұлттарды құрметтеуге жол ашады. Біз осыны дұрыс түсін­діріп, дұрыс мағынада көрсете біл­сек, псевдосалафилік түсініктегі аза­мат­тардың идеялық тартымдылық кеңістігін алмастыра алар едік. 

Радикалдармен күресте Қазақ елі­­нің Еуразия кеңістігіндегі алып империяның мұрагері екенін санаға сіңіріп отыру маңызды. Осының ар­қасында ұлттық құндылықтарға деген мақтаныш сезімі артып, бас­қа жұртқа еліктемейтін болады. Псев­досалафилердің санасында­ Ис­лам діні мен ұлттық бастаулар арасында идеялық қақтығыс көп. Ақпараттық саламызда антиэкстремистік идео­­ло­гияның тек діни процесс­ пен құ­рылымдар арасында қалып қойма­ғаны абзал деп санаймын. Кейбір мұсылман елдерінде (Малайзия, Түр­кия) Ислам мен ұлттық патрио­тизм сезімін ұштастыра біледі. Ал бізде керісінше Ислам діні мен ұлт­тық бастауларымыздың арасында қақтығыс жиі туындап отырады. Жоғарыда сипаттағанымыздай, адам­ның санасында тарихи жадыны, сананы қайтадан жаңғырту маңызды. Бұл – жады атадан балаға беріліп, адам санасында сақталып тұрады. Псев­досалафизм мен дәстүрлі діннің тарихы тым тереңде, оларды ұстанған адам­ның бір пікірге келуі неғайбіл деген қоғамда түсініктер берік орын алған. Бұл – қате пікір. Мысалы бүгінгі салафит ата-бабасынан бері салафит емес екені түсінікті. Демек, саналық жадында теріс түсінік берік ор­намаған, ол уақытша ғана ақпарат. Сон­дықтан теріс ағымдағылардың арғы жағындағы генеологиялық жа­дын жаңғыртсақ қана, бергі жа­ғындағы теріс ақпарат жуылып-ша­йы­лып кетпек.


Жарас АХАН,

дінтанушы