Аймақтар • 07 Маусым, 2019

Саяжайдың да салмақты мәселесі бар

1199 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Көкшетау қаласындағы барлығы 21 000-нан астам саяжайдың 11 981-і иесіз тұр. Ұзақ жыл бойы қаңырап, бос тұрған соң тастанды саяжайлардың маңын арамшөп басып, барына зиян келтіруде.

Саяжайдың да салмақты мәселесі бар

Туырылып түскен қазы-қар­та болмаса, өздерінің ті­лімен айтқанда «шөп-ша­ламды» ас деп бағалай қой­майтын Арқа қазағының ен­жарлығы басым. Жарты күн бойы екі бағыттағы мыңдаған саяжайдың мәселелерін жете түсінбек болып сүзіп шық­­сақ та, жермен айналы­сып жатқан жергілікті жұрт­­ты көре алмадық. Саяжай­лардағы тұнып тұрған қиын­дықпен алысып жатқан­дар­дың дені, бәлкім түгелге жуы­­ғы өзге ұлт өкілдері. Қай­ тарапқа қарасаң да ға­ра­­сат майданы осы жерде бо­л­ған сияқты. Әсіресе, Зе­рен­ді тас жолының оң жақ қап­талындағы тұсы оңбай ойсырай қираған. Шатыры жұ­лынған, қабырғасы қаусаған саяжайлардың түрін көріп, тіршілігінен түңілесің.  

– Себебі, – дейді Көкшетау қа­ласының тұрғыны Петр Алексеев, – Кеңес одағы ыды­рағаннан кейін саяжайлар қараусыз қалды. Әйтпесе бұ­рын тәп-тәуір еді. Жаз бо­­йы жер тырмалап жүріп, күз­­дің күні тосабымызды қай­натып, жеміс-жидегімізді жи­­нап, азын-аулақ картобымыз­ды дайындап алушы едік. Жал­ғыз дастарқанның ырысы ға­на емес, саяжай дегеніміз ден­саулыққа да пайдалы ғой. Бір уақыт табиғаттың аясында дем алып жүріп жұмыс істесең, құр атқа мінгендей қунап қаласың. 

Әр жыл сайын көктемде қала іргесіндегі ауылдардан көң әкеліп сатады. Бо­лар-бол­мас кәсіп. Оның өзін­де де кө­се­гелері көгеріп тұрған­да­ры шамалы екен.

– Бұрнағы жылдары аздап өтуші еді. Биыл тіпті, көң алушылардың қарасы кө­рінбейді, – дейді Болат Батыров, – бір қорабын 15 мың теңгеден сатамыз. Өйт­ке­ні таза болсын деп қол­мен артамыз. Жанар-жағармай­дың шығыны бар. Біздің­ше, қымбат емес. Бірақ соның өзін­де алушы жоқ.  

Алушы қайдан болсын, саяжай атаулы қаңырап бос жатса. Себебін сараладық. 

– Кеше биылғы маусымда бірінші рет су берді, – дейді сая­жайшы Сергей Степанов, – былтыр су ақысы деп әр­бір саяжай иесінен 16 мың теңге қаржы жинаған. Биыл қым­баттапты, 20 мың теңге деп отыр. Су құбырлары әбден то­зып, тесік-тесік болып жа­тыр. Қаншама су далаға аға­ды. Сонда оның ақысын біз төлеп отырмыз. Егер осы жер­дегі саяжайлардың бәрі бір­дей пайдаланса, су ақысы да төмендер еді. 

Айтуларына қарағанда, қалған саяжайлардың өзінде ұрлық өршіп тұр. Мәселен, осы Сергей Степановтың сая­­жайын қыстың күні қарау­­сыз жатқанда бірнеше мәр­те тонаған. Алғашында темір қоршауын металл қалдық­тарын жинап кәсіп ететіндер бұ­зып әкетсе, ендігі бір жо­лы су құятын бөшкесін де артып алып кеткен. Қанша­ма шығын. Тастанды сая­жай­лардың маңында бере­кесіздіктің белгісіндей қу­рай өседі. Өткен күзде әлдекім­дердің қырсығынан қураған қу­райға от тиіп, өрттен 4-5 саяжай үйі түгі қалмай жанып кетіпті. Тырбанып тіршілік етеміз дегендердің жолын әбд­ен бел алып кеткен ұрлық кесіп тұр. 

– Қазір, – дейді Сергей Сте­панов, – картоп қана еге­мін. Қияр, қызанақ, сәбіз егу қорқынышты. Талай рет күз­дің күні пісіп-жетіліп тұр­ған­да, қазып алып кетті. Сөй­тіп алты ай жаз ала шап­қын  болған еңбегім зая кет­ті. Тіпті, картопты да қаз­ып алып кететіндер бар. Өзіміз­дің «Рябинушка» саяжай коопе­ративінің басшыларына талай рет өтініш айттық. Кү­зетшіні жалдау үшін әрбір саяжайдың иесінен қаражат жинау керек екен. Бірақ оған елдің бәрі қосыла бермейді. Салт атты полиция күзетеді дейді. Бірақ өзім көрген емеспін.

«Дачник» кооперативінің төрағасы Алексей Шумейко­ның айтуына қарағанда, бір кезде барлық кооперативтер иесіз қалған. Сол кезден бас­тап барлық саяжайларға осы кооператив қожалық етіп ке­леді. Иесіз қалған саяжайларды ниет білдірушілер болса, алудың ешбір қиындығы жоқ. Ең алдымен саяжайдың иесі жоқ екендігі туралы анық­тама алады. Ережеге сәй­кес 15 мың теңге ақшасын төле­ген соң қа­­­­лалық комиссия қа­рап, заң аясына сиятын болса, жаңа қожайынның иелігіне өтеді. Төрағаның айтуына қарағанда, мыңдаған саяжайлардың бос қалуының кесірі, шын мәнінде қалған­дарына тиіп тұр екен. Өйт­кені бірлесіп электр же­лісін, су құбырын тарту керек. Бәрі бірдей қосылса, әрине ар­занға түсер еді. Бірақ қанша­ма хабарландыру беріп, ел­ді құлақтандырғанымен, сая­жай­мен айналысуға ті­лек біл­дірушілер мүлдем жоқ­тың қасы. Қазір Зеренді бағы­тын­дағы саяжайларда 10 коопе­ративтің құзырына жататын саяжайларға су беріліп тұр екен. 18 кооператив суды ұң­ғыма құдығы арқылы алады. Ал саяжай ішіндегі жолды жөндеу әзірге мүмкін емес. Оған көп қаражат қажет. Қала әкімшілігі бірнеше бағытта автобус жүргізуге ықпал етіп отыр. Күзет мәселесін әр коо­ператив өздері шешсе, жер­гілікті полиция тарапынан қойылған салт атты полиция күзеті маусымда ғана жұмыс істейді. 

– Саяжай үшін ең бас­ты­ мәселе – су, – дейді қа­ла тұрғыны Кенжебай Пішен­­баев, – су жаз бойы ап­тасы­на бір-ақ рет беріледі. Кей­де тіпті ол да болмай қала­ды. Қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта апталап суарылмаған соң азын-аулақ көкөніс күйіп кетеді. Талай рет солай болды да. Кімге барып мұңыңды айтарсың? Сосын да қорқып, еге алмай отырмыз. 

Қоңыр күзде көл-көсір болмағанымен, қоңторғай күй­ді көп-көрім жақсартып, бала-шағаның ерінін көкөніс­ке тигізетін саяжай мәселесі қордаланып қалған. Ең бастысы су және электр қуатымен қамтамасыз етіп, бос қалған саяжайлардың жаңа иелерін тапса, бұл бағыттағы жұмыс та жөнге келіп қалар еді. Көкөнісі қат Көкшетау тәрізді өңірде базардағы баға қай кез­де болсын күйіп тұрғанда, аз да болса ырыс, нәпақа емес пе?!

Сөз соңында бұл іске қала әкімдігінің араласуы керек деген пікірдеміз. Әйтпесе әр кооператив өз бетінше ауа жайылып, берекеге бастайтын істі қожыратып отыр.

 
КӨКШЕТАУ