Аймақтар • 07 Маусым, 2019

Қарағанды облысында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді

1021 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысындағы Абай қаласында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Спорттық нысанның ашылу қуанышына облыс әкімі Ерлан Қошанов пен ҚР МСМ-нің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев қатысты.

Қарағанды облысында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді

Салтанатты жиында өңір басшысы Абай ауданындағы Топар елді мекенінің әйелдер волейбол командасына және «Жігер» стадионының футбол ұжымына спорттық жабдықтар жиынтығын тарту етті. 

Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев те жерлестерін жаңа спорттық нысанның ашылуымен құттықтады. 

– Мұндай ғажап спорттық ғимараттар жастарды спортпен айналысуға ынталандырады. Кезінде мен спорттық мектеп ретінде қайта жабдықталған қарапайым орта мектепте оқыған едім. Қазір жағдай жақсы жаққа қарай өзгерген. Балалардың кең де замануи залдарда жаттығуға мүмкіндігі бар, – деді С.Сәпиев.

Ішінде  жаттығу, күрес, волейбол, баскетбол және шағын футболға арналған залдары бар жаңа кешенде бір мезгілде 600 адамға дейін жаттыға алады.  Сондай-ақ, мұнда 320 орындық көрермен залы да бар. Бұл жерде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін үстел теннисі, волейбол және жеңіл атлетика үйірмелері ұйымдастырылған.

 Абайдағы жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде 20 бапкер мен 30 техникалық және әкімшілік қызметкер жұмыспен қамтамасыз етілді.