Саясат • 07 Маусым, 2019

ТМД байқаушылары Қазақстанның барлық аймақтарында жұмыс істейді

1090 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрлігінде сыртқы саясат ведомствосының басшысы Бейбіт Атамқұловтың Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында ТМД-дан Байқаушылар миссиясының басшысы, ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы - Атқарушы хатшысы Сергей Лебедевпен кездесуі өтті. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

ТМД байқаушылары Қазақстанның барлық аймақтарында жұмыс істейді

Кездесу барысында қатысушылар алдағы президенттік сайлауға дайындықты талқылады. Қазақстан халықаралық стандарттарға сәйкес сайлауды ашық және адал өткізуге үлкен мән беретіні атап өтілді. Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына сәйкес халықаралық бақылаушылардың тиімді жұмысы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалды.

Сайлау процесінің мониторингі үшін Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп бірқатар мемлекеттер мен тиісті халықаралық ұйымдардан халықаралық бақылаушылар шақырылды. Халықаралық бақылаушылардың ең көп саны ТМД Миссиясынан – Достастықтың 8 мемлекетін білдіретін 432 бақылаушы тіркелген.

Сыртқы саясат ведомствосының басшысы алдағы сайлау сәтті өтетініне және ТМД миссиясы тарапынан объективті баға беретініне сенім білдірді.

ТМД байқаушылар миссиясының жетекшісі С. Лебедев сайлауға сапалы дайындықты атап өтіп, Достастық өкілдері Қазақстанның барлық аймақтарында байқаушылар ретінде жұмыс істейтінін хабарлады. «Біздің басты ұстанымымыз мемлекеттің ұлттық заңнамасын құрметтеу және ішкі істерге араласпау», - деді ТМД Атқарушы хатшысы.

Тараптар сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі, Достастық шеңберіндегі ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерінің кең ауқымын талқылады.

Кездесу соңында СІМ басшысы ТМД байқаушыларына алдағы сайлауда өтетін байқауға қатысқаны үшін алғыс айтып, одан әрі жемісті ынтымақтастыққа сенім білдірді.