Қоғам • 08 Маусым, 2019

Бейбіт күннің сақшылары 2. Алматы облысындағы әскери базалардан фоторепортаж

3187 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Талдықорған әуе базасының жұмысымен танысқан соң, журналистер тобы десанттық-шабуылдаушы әскеріне қарасты барлаушылар тобының, ертесіне Қапшағай қаласындағы «Жағалау» инженерлік-саперлік бригадасының базасына аттандық.

Бейбіт күннің сақшылары 2. Алматы облысындағы әскери базалардан фоторепортаж

№48386 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Владимир Ульяновтың айтуынша, батальон 11 барлаушылар ротасынан тұрады. «Сұңқар», «Үкі», «Найза», «Орбита» деп аталатын роталардың әрқайсысы әуе, құрлық барлауымен қоса байланыс, жаудың мүмкіндігін анықтау сынды жеке міндеттерге жауап береді. Бөлім 1962 жылдың 1 мамырында құрылған. Жабдықталған оқу-жаттығу кешендерінен бөлек заманауи барлау техникасының үздіктері осы жерден табылады. Атап айтар болсақ, үрлемелі «Ротан» қайығы, «Д-30» артиллерия гаубицасы, «КамАЗ» және «Лэндровер» үстіне орнатылған зениттік қондырғы мен радиостанция, «Василек» минометі, «БТР-80» және «Арлан» брондалған әскери техникалар – десантшылардың иелігінде. Барлаушылар келісімшарт негізінде қызмет етеді екен. Әскери бөлім – Ресейде өткен халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы.

Одан кейін десанттық-шабуылдаушы бригадасы әзірлеген көрінісін тамашалап, жауынгерлердің дайындығына көз жеткіздік. 

Әскери техниканың мүмкіндігін дәлелдеп, журналистерді таңғалдырған тағы бір жайт – Іле өзеніндегі суды тазартып, ішуге жарамды ету. Ол Қапшағай қаласында орналасқан десанттық-шабуылдаушы әскерінің инженерлік бөліміне тиесілі «ВОЗ-4» тазалау стансасы арқылы жүзеге асады. Бұған жауапты қатардағы жауынгер Еламан Егізбаевтың айтуынша, көлік ішіне орнатылған фильтр арқылы 1 сағатта 4 м3, яғни 4 тонна су тазалау мүмкіндігі бар. Бұл құрылғымен біздің жауынгерлер Ирактағы Тигр өзенінің суын тазартып, халқын ауыз сумен қамтамасыз еткен.

Су расымен ішуге жарамды болып шықты. Бөлім қызметкерлерінің айтуынша, құрылғы өзен суы емес батпақтарды да оңай тазартады. 

Одан кейін мина мамандары – саперлердің базасына аттандық. «Жағалау» инженерлік-саперлік бригадасының майоры Асхат Сержанов кинологтардың жұмысымен таныстырды.

Инженерлік-саперлік полк командирі Бақытбек Тәжібаев сапердің қорқуы табиғи нәрсе, қорықпайтын сапер жақсы маман болмайтынын айтады. 

Саперлермен бірге «бельгия төбеті» де болды. Акира атты сенімді серік журналистердің сөмкесіне алдын ала жасырылған жарылғыш типтес затты оңай тауып берді. Сержант Сәрсенбек Оразаевтың айтуынша, ит тек бір адамды ғана тыңдап, иесі санағанның бұйрықтарын орындайды екен. Тапсырмасын сәтті орындаған төбетке иесі ойыншығын беріп, еркелетіп қойды.  

Журналистер қауымы әрі қарай химиялық қару, радиациямен зақымданған әскери техника мен әскерлерді зарарсыздандыру жұмысына куә болдық. Арнайы техника, тазалау құралдарымен ұрыс алаңынан қайтқан көлікті тазалап, жауынгерлерді сабынды сумен жуындырады. Бұл радиацияның тасымалдануын алдын алады. Бір сағатта бір взвод 7-8 көлікті тазарта алады, ал түгел рота жұмылдырылса, бір ауданды тазартып беруге күші жетеді. 

Радиация, химия және биологиялық қорғаныс батальонының командирі А.Назарбаев батальон ядролық жарылыстың алдын алу, радиациялық, химия-биологиялық барлау, осыған байланысты ақпарат жинау, талдаумен де айналысатынын айтып өтті. Батальон бейбіт кезде Төтенше жағдайлар комитетімен де бірлесіп жұмыс істейді екен. «Мобильді батальон 2014 жылы құрылды. Химия – жылдам дамитын, өте арзан қару. Күн санап жаңа түрлері табылып жатады, сондықтан құралдарымызды да үнемі жаңартамыз. Радиацияны тексеру, зарарсыздандыруға қажетті құралдардың барлығы бар. Зарарсыздандырудың толық және жартылай түрі болады» дейді майор.

Көріп келгеніміздей, бейбіт күннің сақшылары үнемі дайындық үстінде. №58012 әскери бөлімі командирінің орынбасары Руслан Жылқыбаев «Тыныштық керек болса, соғысқа дайын болу керек» дейді.

Бұдан бөлек «УР-77» арнайы техникасының минадан тазалау жұмысымен де таныстық.

Осы операцияға жауапты аға лейтенант Б.Шоқанұлы минасыздандыру техникасы бір мезетте 90 метр жерді минадан тазалап беретінін айтады. Халық арасында бұл машинаны «Змей Горыныч» деп атайды. 


Жауынгерлеріміз өнерлі де болып шықты. Пресс-тур соңы концертпен тәмамдалды.