12 Ақпан, 2013

Шарайна

313 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шарайна

Сейсенбі, 12 ақпан 2013 7:13

Содырлар партизандық соғыс тәсіліне көшуде

Содырлар Малиде соғыс қимылдарын жүргізудің партизандық тәсіліне көшіп, Гао қаласын өз бақылауына алудың аз-ақ алдында қалған. Малидің үкіметтік әскерлері француздардың көмегімен ғана шабуылдың бетін қайтарған көрінеді.

 

Сейсенбі, 12 ақпан 2013 7:13

Содырлар партизандық соғыс тәсіліне көшуде

Содырлар Малиде соғыс қимылдарын жүргізудің партизандық тәсіліне көшіп, Гао қаласын өз бақылауына алудың аз-ақ алдында қалған. Малидің үкіметтік әскерлері француздардың көмегімен ғана шабуылдың бетін қайтарған көрінеді.

Куәгерлердің айтуларына қарағанда, атыс қалада жексенбінің екінші жартысында басталған. Автоматтардан, ірі калибрлі пулеметтер мен гранатометтерден оқ жаудырылған кезде жергілікті тұрғындар үйлеріне тығылуға мәжбүр болған. Сол кезде малилік әскерилер жақын жерде орналасқан француз әскерлерінен көмек сұраған. Сарапшылар Малидегі оқиға жаңа сатыға көшіп отыр деп санайды. Содырлар жақсы қаруланған француз әскерімен бетпе-бет келуден әдейі жалтарып, партизандық тәсілмен ұрыс жүргізуге көшкен. Олар жергілікті тұрғындар арасында сіңіп кетіп, әскерилер үшін оңайлықпен қолға түспейтін күшке айналуда.

 

Вокзалдағы қайғылы оқиға

Үндістанның Аллахабад қаласындағы вокзалда халықтың сығылысып, бір-бірін таптап кетуі салдарынан отыз алты адам қаза тапқан. Олар индуистердің Кумба-мела атты мейрамына бара жатқандар көрінеді.

Зардап шеккен ондаған адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаларға жеткізілген. Қайғылы оқиға орын алған сәтте темір жол вокзалында барлығы 4 миллионнан астам адам болған көрінеді. Алдын ала алынған ақпарат бойынша, стансада жер асты жолының төбесі опырылып түскен. Оның сыртында полицияның адамдарды сыртқа шығармай вокзалда ұзақ уақыт бойы ұстауы да жағдайды ушықтырып жіберген. Штаттың үкіметі оқиға себептерін анықтауға кірісті. Өкіметтің есебіне қарағанда, биыл Кумбаха-мела мейрамына 30 миллионнан астам адам жиналған көрінеді.

 

Обама қарусыздану жолын таңдайды

АҚШ президенті Барак Обама ядролық арсеналды айтарлықтай қысқарту жөнінде ұсыныс жасамақ ниетте, деп жазады «Нью-Йорк таймс» газеті.

12 ақпанда Обама конгреске «Елдегі жағдай туралы» өзінің жыл сайынға жолдауын жолдамақ. Ұсы­нылатын қысқартулардың нақты санының айтылуы екіталай, дегенмен Ақ үйде ядролық оқтұмсықтардың санын бір мыңнан азайту мүмкіндіктері қарастырылуда көрінеді. Қазіргі уақытта АҚШ-та 1700 ядролық зарядтар бар. Ресеймен арадағы келісім-шарт бо­йынша 2018 жылға қарай олардың саны 1550-ге дейін қысқаруға тиіс. Америкалық БАҚ-тар АҚШ-тың оқтұмсықтарды 1000-1100 бірлікке дейін қысқарту туралы Ресеймен келіссөздерге баруға дайын екендігін хабарлап отыр.

 

Ауғанстандағы әскерді жаңа қолбасшы басқарады

НАТО бас хатшысы Андрес Расмуссен кеше АҚШ әуе күштері генералы Джозеф Данфордтың Ауғанстандағы қауіпсіздікке ықпал ету жөніндегі халықаралық күштердің командашысы қызметіне кіріскенін хабарлады.

Сонымен бірге, ол НАТО-ның Ауғанстандағы күштерінің бұрынғы қолбасшысы, бұдан былай НАТО-ның Еуропадағы күштеріне басшылық жасайтын Джон Аленге алғыс айтқан. Ол тамаша басшылық үлгісін көрсетті, АҚШ сенаты оның кандидатурасын бекіткен кезде оның НАТО-ның Еуропадағы бірлескен күштерінің бас қолбасшысы ретінде де өз ісін дәл сондай берілгендікпен атқаратынына менің сенімім мол, деп атап өткен Солтүстікатлантикалық альянстың бас хатшысы.

 

Ұлыбритания құрамынан шықпауға шақырды

Ұлыбритания үкіметі Шотландияның тәуелсіздігі туралы дайындалып жатқан референдумға қатысты егер дауыс беру оң шешілер болса, Шотландияны экономикалық апаттар күтіп тұр, деп үрейлендіруде.

Айта кету керек, Шотландияның тәуелсіздігі туралы референдум 2014 жылға белгіленген болатын. Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Шотландия халқына Ұлыбритания құрамынан шықпау жөнінде үндеу тастады. Егер қарапайым ақылға салар болсақ, Британия жұмыс істеуде және жақсы жұмыс істеуде, оны күйретудің қажеті қанша, деп атап көрсеткен үкімет басшысы өз үндеуінде. Сонымен бірге, Кэмерон өңірлік биліктің өкілеттігін бұрынғыдан да гөрі кеңейте түсуге дайын екенін де мәлімдеп отыр.

 

Оппозиция Асадпен үнқатысуға дайын

Сириялық оппозиция ел президенті Башар Асадтың режімімен үнқатысуға дайын екендігін хабарлады. Бұл туралы Сирия ұлттық коалициясының өкілі Муаз Әл-Хатиб мәлімдеген.

Ресми мәлімдемеде Әл-Хатиб кездесу үшін елдің солтүстігіндегі көтерілісшілер басып алған жердің белгіленіп отырғанын хабарлаған. Онда Б.Асадтың үлкен қантөгіске бармай билікті өз еркімен беру жоспары талқыланбақ. Бірақ оған Б.Асад келісе ме, әлде келіспей ме, ең маңызды мәселе осы, деп атап көрсеткен М.Әл-Хатиб. Айта кету керек, бұған дейін де оппозициялық ұйымдардың Сирия үкіметін келіссөздерге шақырған жағдайлары болған. Бірақ олардың бір де бірі мәселе ретінде нақты қаралған емес.

 

Бразилияда карнавал басталды

Бразилияда 8 ақпанда басталған карнавал бес күнге созылмақ. Ол елдің тек ірі қалаларында ғана емес, сонымен бірге шағын елді мекендерде де өтетін болады.

Карнавал Рио-де-Жанейродағы салтанатты рәсімнен бастау алды. Рио қаласының префекті Эдуардо Паес карнавалдың көш бастаушысы – «Момо короліне» қала кілтін тапсыра отырып, карнавалдық шерудің басталғанын жеткізген. Мереке күндері Рио қаласының орталығымен 492 карнавалдық арба өтпек. Риодағы мерекеге алты миллиондай адам келеді деп күтілуде. Ол өткен жылғыдан 700 мың адамға көп. Мұның Рио-де-Жанейро үшін жаңа рекорд болуы да мүмкін. Көрермендер қауіпсіздігін 14,5 мың полицей қадағалайтын болады.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.