09 Маусым, 2019

Солтүстік Қазақстан сайлаушылары өз таңдауын жасауда

577 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміз үшін аса маңызды саяси оқиға – Президент сайлауына солтүстікқазақстандықтар да үлкен ұйымшылдықпен қатысып, өз таңдауларын жасады.

Солтүстік Қазақстан сайлаушылары өз таңдауын жасауда

Аумақта 663 сайлау учаскесі құрылса, 93-і облыс орталығында орналасқан. Таңғы сағат жетіде Нұрсұлтан Назарбаев көшесі бойында қатар орналасқан үш сайлау учаскесі өз есіктерін айқара ашып, жас сайлаушыларға, туған күн иелеріне сый-сияпаттарын ұсынды. Олардың арасында еңбек ардагерлері де, жастар  да болды. 

"Бірде-бір сайлаудан қалып көрген емеспін. Қазақстанның келешегі, немерелерімнің болашағы өзгелер секілді мені де бейжай қалдырмайды. Бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың  достығы, бірлігі үшін дауыс бердім" дейді сексеннен асса да саяси ерік-жігері мұқалмаған Мария Васильева. № 23 мектепте құрылған № 637 және №638 сайлау учаскелері бойынша үш мыңға жуық сайлаушы тіркеліп, өз құқықтарын пайдаланып қалуға асыққаны олардың қалың қарасынан бірден аңғарылады. Біз осы жерде «Аманат» азаматтық платформасының өкілі Рүстем Армановты, Жалпыхалықтық социал-демократиялық партия атынан байқаушы ретінде келген Людмила Ризованы жолықтырды. Олар белсенділіктің жоғары екенін, сайлау заң талаптары шеңберінде өтіп жатқанын жеткізді. Біз Ұлттық ұлан әскери институтына келгенде № 946 сайлау  учаскесінде тіркелген 946  сайлаушының үштен бірі өз таңдауларын жасаған екен. Өзін Бауыржан Рәшев деген таныстырған жас жігіт әкесі екеуі  «Ұлт тағдыры» қозғалысы  атынан өкілдік алғандарын, ұйымдастыру шаралары қанағаттандыратынын, әзірге заң бұзушылық орын алмағанын жеткізді.

Балалар шығармашылығы орталығында орналасқан № 595 сайлау учаскесінде аймақ басшысы Құмар Ақсақалов пен 73-ші Канн кинофестивалінде «Үздік әйел рөлі» аталымының жеңімпазы, белгілі актриса Самал Еслямова дауыс берді. Бұл сайлау учаскесінде 1416 адам тіркелсе, біреуі соғыс ардагері, 20-ы  тыл еңбеккері. 56 адам бірінші рет дауыс бермек. Мүмкіндігі шектеулі 4 адамға арнайы кабина жабдықталған. Құмар Іргебайұлы журналистерге берген сұхбатында Президент сайлауы азаматтық ұстанымды бiлдiрудiң, болашаққа таңдау жасаудың айқын жолы екенін атап көрсетті. "Еліміз дамудың жаңа кезеңіне өтті. Бiз таңдаған конституциялық реформа, экономикалық және қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламалары айқын. Мемлекеттің, атқарушы биліктiң халық алдындағы есептiлiгi, ашықтығы секілді үдерістерге тұрғындар белсенділілікпен атсалысып, шет қалмауы тиіс. Ел болып бiріккенде ғана үлкен жетістіктерге жете аламыз", - деді өз сөзінде.

Облыстық Сайлау комиссиясының төрағасы Ерболат Бекшенов республикалық, аймақтық БАҚ өкілдерімен өткізген брифингте сайлаушыларға барлық жағдай жасалғанын, сайлау барысын қадағалауға Ресейден - 48, ТМД-дан - 25, ОБСЕ тарапынан 16 байқаушының келгенін, үш сағат ішінде 402 мың сайлаушының 14,2 проценті өз таңдауларын жасағанын мәлімдеді. Сайлау өтетін орындар мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болу үшін пандустармен және арнайы дауыс беретін кабиналармен жабдықталған. Алдын ала тапсырыстармен инватакси жұмыс істейді. Әскери және медициналық мекемелерде 12 жабық сайлау учаскесі құрылған. Ол «Біз біргеміз» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, бірінші топтағы мүгедек Сергей Сапконың бұған дейін үйінде дауыс беріп келсе, бұл жолы сайлау учаскесіне өзі келіп, таңдауын айқындағанын мысалға келтірді.

Шал ақын аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Жанат Әміржановпен хабарласқанымызда, Түмен облысы қазақтары мәдени автономиясының жетекшісі Есенғали  Ибраев бастаған байқаушылар тобы елді мекендерді аралап жүргенін айтты. 

Біз Ресейден келген тәжірибелі халықаралық байқаушы Игорь Халинмен телефон арқылы тілдескенімізде сайлау процесіне көзқарасын былай білдірді. 

– Қазақстан халқы Президент, Парламент сайлауларында әрдайым жоғары ұйымшылдық пен бірліктің үлгісін көрсетіп жүр. Бүгін де республика жұртшылығынының жоғары деңгейде қатысатынына, саяси науқанның әділ өтетініне сенімдімін.

Облыстық Сайлау комиссиясы берген ақпарат бойынша сағат 12-де барлық сайлаушылардың үштен бірі өз таңдауларын жасады.