Экс-премьерді қайтаруды сұрады
Сейсенбі, 19 ақпан 2013 7:17
Экс-премьерді қайтаруды сұрады
Тәжікстанның бас прокуратурасы ресми Киевке елдің бұрынғы премьер-министрі Абдумалик Абдуллоджоновты экстрадициялауға қатысты құжаттар жолдады. Құжаттарда экс-премьерге тағылған айыптар көрсетілген.
Сейсенбі, 19 ақпан 2013 7:17
Экс-премьерді қайтаруды сұрады
Тәжікстанның бас прокуратурасы ресми Киевке елдің бұрынғы премьер-министрі Абдумалик Абдуллоджоновты экстрадициялауға қатысты құжаттар жолдады. Құжаттарда экс-премьерге тағылған айыптар көрсетілген.
Халықаралық іздеу жарияланған экс-премьер 5 ақпанда Борисполь әуежайында ұсталып, сот шешімімен 40 тәулікке қамауға алынған болатын. Тәжікстан бұрынғы премьерді президент Эмомали Рахмонға 1997 жылы қастандық жасауды ұйымдастырды деп айыптайды. Сондай-ақ, оған 1998 жылы Согди облысында ондаған адам қаза тапқан тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген кінә тағады. Оның үстіне ол премьер болған кезде аса ірі көлемде мемлекет мүлкін талан-таражға салған деген күдік келтіреді. Кезінде экс-премьер президенттік сайлауға қатысып, қазіргі президенттен жеңіліс тапқан еді.
«Шұбаркөл метеориті» деген атауға ие болады
Ресей ғалымдары 15 ақпан күні Челябі облысындағы Шұбаркөл көлінің аумағына құлаған метеориттің қалдықтарын тапты. «Новости» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, қалдықтар Урал федералды университетінің «Нанотех» ғылыми зертханасына тапсырылған.
Жүргізілген талдау-зерттеу көрсеткеніндей, метеорит кәдімгі хондриттер класына жатады, оның құрамында 10 пайызға жуық темір бар. Университет ғалымы Виктор Гороховскийдің айтуынша, бұл жаңа метеорит халықаралық каталогқа «Шұбаркөл метеориті» деген атаумен енуі мүмкін. Ресейлік мамандардың жасаған болжамына қарағанда, метеорит атмосфераға сағатына 54 мың шақырым жылдамдықпен кіріп, жерден 30-50 шақырымдай биіктікте жарылған.
Президенттік сайлау басталды
Кеше Арменияда президенттік сайлау басталды. Елдің аумағындағы сайлау учаскесінде 1988 сайлаушы дауыс беріп жатыр. Бұл жөнінде «Интерфакс» ақпарат агенттігі хабарлады.
Елдің сайлау заңнамаларына сәйкес сайлаушылар тек ел аумағында ғана дауыс берулері тиіс. Дипломатиялық миссиялардың қызметкерлеріне және олардың отбасыларына елден тыс жерлерде дауыс беруге құқық берілген. Олардың жалпы саны – 243 адам. Бұлар үшін электронды дауыс беру ұйымдастырылған. Президенттікке жеті кандидат: елдің қазіргі басшысы, Республикалық партияның төрағасы С.Саргсян, «Бостандық» партиясының жетекшісі Г.Багратян, «Мирас» партиясының басшысы Р.Овоннисян, Ұлттық өзін өзі айқындау партиясының төрағасы П.Айрикян, Таулы Қарабақтың бұрынғы сыртқы істер министрі А.Меликян және саясаттанушы А.Гукасян бар.
37 бейбіт тұрғын мерт болды
«Ассошейтед пресс» агенттігінің хабарлауынша, Бағдадта болған бірнеше жарылыс салдарынан 37 адам мерт болып, 130-дан астам адам жараланған. Жарылыстар негізінен мұсылман шииттер басым қоныстанған ауданда жасалған.
Жергілікті полиция органдарының деректеріне қарағанда, бұл аумақта жарылғыш заттар қойылған бес автокөлік бірінен соң бірі жарылған. Полицейлер жарылғыш қондырғылар орнатылған екі автомашинаны залалсыздандырып үлгеріпті. Қазірге жарылыс жауапкершілігін ешкім мойнына алған жоқ. Жарылысты сүннит экстремистері жасады деген болжам айтылуда.
Евкуров отставкаға кетуі мүмкін
Ингушетия басшысы Юнус-Бек Евкуров жақында отставкаға кетуі мүмкін. Ресейлік кейбір ақпарат агенттіктерінің жазуына қарағанда, қазіргі кезде Кремль оның орнына адам іздестіріп жатқан сияқты. Оның кім екені құпия сақталып отыр.
Жоспар бойынша Ингушетияда сайлау осы жылдың қыркүйегінде өтуі тиіс. Дерек көздері бойынша Евкуров Ингушетия үшін қатал басшы емес сияқты. «Ведомости» басылымының жазуынша, республиканың жаңа басшылығына Мурад Зязиков келіп қалуы ықтимал. Ол бұған дейін де Ингушетияға басшылық еткен. Биылғы жылдың қаңтарында Ресей президенті Владимир Путин Дағыстан республикасының басшысы Магомедсалам Магомаевтың отставкасын қабылдаған болатын.
Бірінші турдың нәтижесін шығарды
Кипр жексенбі күні президенттік сайлаудың бірінші турының нәтижесін шығарды. «Франс-пресс» агенттігінің ақпараттары бойынша сайлаудың екінші турына ДИСИ партиясынан ұсынылған кандидат Никос Анастасиадис пен АИЭЛ коммунистік партиясынан кандидат Ставрос Малас шыққан.
Анастасиадис сайлаушылар дауысының 45 пайызына, Малас 27 пайызына ие болған. Сайлау учаскесіне сайлаушылардың 83 пайызы келіп, өз таңдауларын жасапты. Президенттік сайлаудың екінші туры 24 ақпанда өтеді. Кипр 2011 жылдан бері қаржы дағдарысын айтарлықтай көріп келеді. Бұл аз болғандай, өткен жылы ірі рейтингтік агенттіктер Кипрдің кредиттік рейтингін бірнеше сатыға төмендеткен болатын. Ал сайлаушылар Никос Анастасиадисқа сенім артатын сияқты.
Қысқа қайырып айтқанда:
* Түркіменстанда саяси белсенділер А.Аманклычев пен С.Хаджиев бостандыққа шықты. Олар өздерінің саяси көзқарастары үшін 2006 жылдан бері түрмеде отырған болатын.
* Израиль премьер-министрі Б.Нетаньяху Сирия босқындарының ел аумағынан тек төлқұжатты көрсету арқылы өте алатынын мәлімдеді. Бұл қауіпсіздік үшін қажет.
* Биылғы жылы Ресейде миллиардерлер саны осы ел тарихында рекордтық көрсеткішке жетіп, 131 адамды құрады.
* Жексенбі күні өткен президенттік сайлауда Эквадор президенті Рафаэль Корреа жеңіске жетіп, екінші мерзімге сайланды.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.