Өз кезегінде «Парасаттылық елшілері» парасат, адалдық секілді құндылықтардың ел арасында таралып, насихатталуына ықпал ететін амбассадорлар болмақ. Жалпы, парасаттылық елшісі, яғни амбассадор болу оңай шаруа емес екен. Ол үшін сөзі мен ісі келіскен, өзіндік ортасында әділ, еңбекқор азамат ретінде бейнесін қалыптастырған тұлға болудың маңызы жоғары. Яғни,салаға енгізілгелі отырған амбассадор ұғымы – парасаттылық пен адалдық құзіреттерінің ең биік өлшемі болмақ.
Мемлекеттік қызметшілер қоғамда моральдық құндылықтарды жан-жақты қалыптастырып, басқа адамдарға адалдық пен парасаттылық үлгісін көрсетулері керек. Тек осылай ғана интеллектуалды және парасатты қоғам құруға қол жеткізе аламыз- дейді Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев.
Осылайша, парасаттылық елшілері арқылы жалпы қоғамдық сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мен адалдық, адамгершілік және әділдік, ар-ұждан сияқты бір-бірімен парапар ұстанымдарға жол ашылмақ.
Қазір Алматы облысындағы жиырма аудан мен қалада сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы мониторингтеу топтары, «Жетісу – адалдық алаңы» жобасының аясындағы лекторлық топтар құрылған. Бұдан бөлек, 762 мектепте «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары мен 60 колледж бен 3 жоғарғы оқу орнында «Саналы ұрпақ» клубтары мен кеңселері жұмыс жасауда.