Саясат • 09 Маусым, 2019

Шымкент сайлауға республикалық маңызы бар қала мәртебесінде қатысты

646 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шымкент қаласы ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына алғаш рет республикалық маңызы бар қала мәртебесінде қатысты. 1 миллионнан астам, дәлірегі 1 014 013 тұрғыны бар Шымкентте 600 мыңға жуық сайлаушы тұрады. Саяси науқанға орай Шымкент қаласындағы 260 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Олардың 19-ы жабық сайлау учаскесі саналса, қалған 25 сайлау учаскесі жаңадан ашылған екен. Осы 260 сайлау учаскесіне 568 794 сайлаушы тіркелген.

Шымкент сайлауға республикалық маңызы бар қала мәртебесінде қатысты

Сайлауға дауыс беруге ерте барған азаматтардың қатарында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов та болды. Ол №1 А.С.Пушкин мектебінде орналасқан №92 сайлау учаскесінде таңдау жасап, барша қалалықтарды елдегі маңызды саяси науқанға белсене қатысуға шақырды.

«Бүгінгі күн - мемлекетіміздің болашағын айқындайтын аса маңызды тариxи сәт. Бүгін біз ортақ болашағымыз - өркендеу мен даму үшін дауыс береміз. Алдымызда мемлекетімізді алға одан әрі жетелейтін ауқымды міндеттер тұр. Қазақстан дамудың даңғыл жолымен үлкен қадам жасарына сенімдімін. Баршаңызды сайлау учаскелеріне барып, дауыстарыңызды өз кандидатыңызға беруге шақырамын. Бұл саяси іс-шара - еліміз үшін өте маңызды. Ең бірінші болып, әріптестеріммен бірге келіп дауыс беруді ұйғардым. Бұл - болашағымды таңдау. Барша қала тұрғындарын өз Конституциялық құқығын пайдаланып, дауыс беруге шақырамын. Бәрінде өз таңдау құқығы бар», - деді Ғ.Әбдірахымов.

Шымкент қалалық сайлау комиссиясының мәлімдеуінше Шымшаһардағы сайлау барысын қадағалауға 24 халықаралық бақылаушы тіркелген. Олардың дені ТМД аумағын келген азаматтар.

«Бұл 2016 жылдың 20 наурызындағы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауындағы сайлаушылар санынан 1,5 еседей артық», дейді Шымкент қалалық сайлау комиссиясының хатшысы Қайырбек Құнанбаев мәлімдеді.

Айта кетерлігі, Шымкентте 9 маусым – Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауына қоғамдық көліктер жолаушыларды тегін тасымалдады. Бүгінде Шымкентте 27 көлік компаниясына қарайтын 80 бағыт бар. Осы бағыттарда 1155 көлік жолаушыларға қызмет көрсетеді. Сол көліктердің барлығы да сайлау күні жолаушыларды тегін тасымалдады.

Шымкент қаласындағы Жастар ресурстық орталығында орналасқан №99 сайлау учаскесінде 2402 адам тіркелген. Оның ішінде 3-і мүмкіндігі шектеулі жандар. Мұнда келушілердің саяси додаға бір кісідей атсалысуы үшін бар жағдай жасалған. Қала тұрғындарының да, ел іргесін ұстар жастардың да белсенділігі ерекше. «Аманат» азаматтық платформасының да сайлаудағы бақылау жұмыстары жоғары деңгейде.

«Таңертеңнен әрбір келген сайлаушыларымыз өзінің қалаған кандидаттарына дауыс беріп жатыр. Дауыс беруге құқылы әр азамат сайлауда өз таңдауын жасауы тиіс. Олар осындай кезеңде бейтарап қалмауы керек», - дейді сайлаудың бақылаушылар.

«Шымкент тұрғындарының белсенділігі жоғары. Сағат 18:00 ге дейінгі мәлімет бойынша Шымқалада 362 мыңнан астам тұрғын сайлау учаскелеріне барып өз таңдауын жасады. Бұл жалпы сайлаушылардың 63 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш 20:00-ге дейін арта түседі», дейді  қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Ерлан Дауылбаев.