АҚШ Қытайды айыптап отыр
Бейсенбі, 21 ақпан 2013 7:10
«Apple» корпорациясы өзінің ішкі желісіне хакерлік шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Шабуыл кезінде хакерлер бағдарламалық қамтамасыз ету қызметін пайдаланған. Аталған компанияға шабуыл осыдан шамалы уақыт бұрын жасалған басқа да америкалық компанияларға шабуылдармен байланыстырылып отыр.
Бейсенбі, 21 ақпан 2013 7:10
«Apple» корпорациясы өзінің ішкі желісіне хакерлік шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Шабуыл кезінде хакерлер бағдарламалық қамтамасыз ету қызметін пайдаланған. Аталған компанияға шабуыл осыдан шамалы уақыт бұрын жасалған басқа да америкалық компанияларға шабуылдармен байланыстырылып отыр.
Америка Құрама Штаттары кибершабуылдардың көпшілігі АҚШ компанияларына бағытталып отырғанын хабарлады. Шабулдаушылар Қытайдың Шанхай қаласының төңірегіндегі базада орналасқан секілді. АҚШ тарапы хакерлерді Қытайдың ұлт-азаттық армиясымен байланысы болуы ықтимал екенін көлденең тартады. Өйткені, шабуылдар негізінен жаңа технологияларға бағытталып отырған көрінеді. Қытай жағы өздерінің кінәсіздігін айтып, ақталуда.
Жемқорлық зардабы айтарлықтай
Ресейдегі жемқорлық қылмыстан келген шығын өткен жылы 21 миллиард рубльді құраған. Бұл туралы Мемдумадағы «Парламент сағатында» Ресейдің бас прокуроры Юрий Чайка мәлімдеді.
Ю.Чайканың айтуынша, 49 мыңнан астам жемқорлық әрекеттері анықталса, бұл 2011 жылмен салыстырғанда 25 пайызға көп. Мұндай қылмысқа барған адамдар саны да 13 пайызға артқан. Ал ірі және аса ірі шығын әкелген қылмыстар саны бұдан да асып, 80 пайызды құраған. Мемлекеттік тапсырыс саласында бас прокуратура бір жылда 83 мың заң бұзушылықтарды анықтаса, 343 қылмыстық іс қозғалған. Мемдумадағы отырысқа қатысқан тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкиннің сөзіне қарағанда, жемқорлық бағыттағы анықталған қылмыстар саны айтарлықтай өсіп, 50 мыңға жеткен.
Әскери қызметімен қош айтысты
Америка генералы, НАТО күштерінің Еуропадағы қолбасшылығына бұрынғы кандидат Джон Аллен әскери қызметімен қош айтысты. Бұл туралы АҚШ президенті Барак Обама хабарлады. Ауғанстандағы халықаралық күштердің қолбасшылығы қызметінен кеткен 60 жастағы генерал кезекті тағайындауға қатысты ойлануға уақыт берілуін сұраған еді.
Генерал отставкасының формальді себебі ретінде Ауғанстанда өткізген 19 айлық қызметінен кейін оның отбасымен болғысы келетіні көлденең тартылады. Сонымен бір мезгілде, Дж.Аллен өзінің отставкасы қорғаныс министрлігінің қызметкері Джилл Келли ханыммен хат жазысып тұрғанына орай тексеру басталғандығымен байланысты болуы ықтимал екенін теріске шығарды. Ал АҚШ президенті генералдың кандидатурасын НАТО күштерінің Еуропадағы қолбасшылығы қызметіне өткен жылдың қазанында ұсынған болатын.
Зергерлік дүкенін үптегендер кім?
Қарулы қылмыскерлер Париждегі зергерлік дүкеніне шабуыл жасап, құны 3 миллион еуро тұратын зергерлік бұйымдарды үптеп кеткен. Тонаушылар тапаншамен қаруланыпты және өздері екі адам екен. Мұны жергілікті полиция өкілдері мәлімдеді.
Тонаушылар Франция астанасының орталығындағы «De Beers» компаниясының бутигін кешкісін шабуылдаған. Қымбат бұйымдарды екі сөреден ұрлап, ғимаратты жасырын есік арқылы тастап шыққан. Тонау барысында қылмыскерлер қару жұмсамаған, сондықтан зардап шеккен ешкім жоқ. Аталған компания алмастар мен гауһар тастар өндіріп сатудан әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылады. Корпорацияның Африкадағы кеніштерінде бүкіл әлемдегі алмастардың 40 пайызы өндіріледі.
Болгария үкіметі отставкаға кетті
Болгария премьер-министрі Бойко Борисов өз үкіметінің отставкаға кететінін мәлімдеді. Ол мәлімдемесін электр қуатына жоғары баға туындатқан көп күндік наразылық акциялары барысында жасады. Және де өтпелі кабинетте де қалмайтынын жария етті.
Наразылық акциялары бірнеше күннен бері ел астанасы Софияда және елдің басқа да бірқатар қалаларында өтіп жатыр. Демонстранттар электр қуатына бағаны төмендетумен қатар, Б.Борисовтың отставкасын да талап еткен болатын. Ал отставкасының алдында ол электр қуатына бағаны төмендетуге уәде берген еді. Еуроодақтағы ең кедей ел саналатын Болгарияда электр қуатына тариф екі еседен астамға өсірілген болатын. Елдегі зейнетақының орташа көлемі 138 еуроны құраса, электр қуатының құны одан да асып кеткен.
Пираттар алты теңізшіні ұрлады
Теңіз қарақшылары Нигерия жағалауларында алты теңізшіні – бір ресейлікті, екі украиналықты және екі Үндістан азаматын ұрлап кеткен. Бұл туралы Африка елдері қауіпсіздік қызметінің дерек көздеріне сілтеме жасай отырып, «Рейтер» агенттігі хабарлады. Теңізшілер ұрланған кеме Малайзия компаниясының иелігінде жұмыс істейді екен.
Жалпы, Нигерия жағалауларында соңғы кездері мұнай өндіру белсенді жүргізілсе, кемелерге шабуыл жасап, адам ұрлау үдерістері де жиілей түскен. Теңіз қарақшылары өздері ұрлаған теңізшілер үшін ақша талап етеді. Теңіздегі осындай шабуылдар соңғы рет ақпанның 7-сі және 10-ы күндері жасалған екен. Қарақшылар ұрланғандарды кейін босатып жібереді. Бірақ төлем алған-алмағандарын айтпайды.
Қысқа қайырып айтқанда:
*Ресейдің Мурманск облыстық думасының депутаты Дмитрий Гавриковқа іздеу жарияланды. Оған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен энергетика саласында 1,5 миллиард рубль ұрлады деген күдік келтіріліп отыр. Іске қатысы бар деп шешілген, аттары аталмайтын екі адам ұсталған.
* Мәскеуде тәжік оппозиционері, саясаттанушы Бахтиер Сатториге шабуыл жасалған. Ол бұрын Тәжікстан миграция қызметінің өкілдігінде баспасөз хатшысы болып жұмыс істеген. Бұл қызметінен кеткеннен кейін Мәскеуде тұратын тәжік оппозицияшыларының қатарына қосылған. Б.Сатториге 18 жерден пышақ салыныпты. Жағдайы өте ауыр көрінеді.
* Әскери қызметшілер 2013-2015 жылдар аралығында енгізілетін Ресей армиясының жаңа формасын сынға алды. Қоғамдық палата жүргізген сұрау салулар негізінде 200 сарапшы бірнеше әскери бөлімдерде болып, әскерилердің жаңа формаға көңілдері толмайтынын анықтаған. Олардың пікірлерінше, форманы жасаушылар материалдан үнемдеген.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.