Әлем • 10 Маусым, 2019

Грузияның НАТО-ға мүше болу мүмкіндігі зор

447 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Грузия мен Солтүстік атлантикалық келісім ұйымының (НАТО) байланысы жыл өткен сайын нығайып келе жатыр. Әйткенмен әлеуетті әскери-саяси одақтың құрамына осы елдің қосылу процесі тым созылып кетті. Бірақ қазіргі таңда екіжақты ынтымақтастық аясында атқарылып жатқан іс-шаралар Грузияның альянсқа мүше болатын күнін жақындата түскендей.

Грузияның НАТО-ға  мүше болу мүмкіндігі зор

 Қара теңізге ашылған қақпа

Жақында Грузия билігінің Қа­ра теңізде альянстың кемелерін қабыл­дауға дайын екендігі аян бол­ды. Грузия порттары арқылы НАТО кемелерінің Қара теңізге кіру қар­қыны күшейе түспек. 2018-2020 жыл­дардың жұмыс жоспары туралы үкіметтік есепте биыл сәуір айында грузин портында НАТО-ның екінші тұрақты әскери-теңіз құрамасының мүшелері болғаны мәлімделген. Олар Грузияның жағалау қызметі департаментінің қызметкерлерімен бірге оқу-жаттығулар өткізген. Іс-шараға америкалық тараптан сый­ға тартылған «Диоскурия» мен «Очамчире» және НАТО-ның «HNLMS Evertsen», «TCG Yildirim», «BGS DRAZKI», «ROS Regele Ferdinand» атты төрт кемесі қатысқан. Бұған қоса аталған құжатта НАТО қарамағындағы нысандардың Грузияның аумақтық сулары мен порттарына кіруін жеңілдету үшін заң жобасы әзірленгені көрсетілген. Бұл әрекетімен Грузия Қара теңіздегі қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз етуге маңызды үлесін қосқысы келетінін айтады.

Сонымен қатар биыл 18-29­ нау­рыз аралығында Грузияда НАТО­-ның мүшелері мен әріптес­терінің қатысуымен «NATO-GEO EXERCISE 2019» бірлескен командалық-штабтық оқу-жатты­ғулары өтті. Грузияның Қорғаныс министрі Леван Изория Тбилиси мен альянстың бұл іс-шарасы, жалпы ынтымақтастығы қандай да бір елге қарсы бағытталмағанына сен­дірді. Осымен екінші рет ұйым­дастырылған жаттығу жиыны бұ­рын­ғыдан қарағанда ауқымды бол­­­­ды. Бұл жолы 24 елден 350-ге жуық әскери қызметші қатысты. Оған алғаш рет елдің Қарулы күш­тері басшылық жасады. Сондай-ақ бұл жаттығуға бақылаушы ретін­де халық­аралық гуманитарлық ұйым­дар – Халықаралық қызыл крест комитеті (ICRC), БҰҰ бейбітшілікті қолдау жөніндегі операциялар де­пар­­таменті (DPKO), Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (WHO) қатысты. Жаттығудың мақсаты – Грузияның, альянстың және әріптес елдердің өзара үйлесімділігін арттыру және Грузия қарулы күштерін басқару мен бақылау мүмкіндіктерін күшейту.

Аталған іс-шаралардың барлы­ғы Грузияның әскери-саяси одақ­тың құрамына кіруді ілгерілету мақса­тында ұйымдастырылып келеді. Жалпы, Грузия мен НАТО-ның байланысы 1992 жылдан басталған. Ал 1994 жылы екі тараптың инсти­туцио­налдық ынтымақтастығы бас­талып, Грузия «Бейбітшілік үшін әріптестік» келісіміне қол қой­­ды. Раушан төңкерісінен кейін 2004 жылы Грузия мен НАТО қа­рым-қатынасы қарқын алды. Сон­дай-ақ 2008 жылғы Грузияның Аб­хазия және Оңтүстік Осетиямен қа­рулы қақтығысы НАТО-мен өзара ықпалдастықты күшейтуге сеп болды. 2008 жылы Бухаресте өт­кен НАТО саммитінде Грузия стан­дарттарға сәйкес келген жағдайда альян­стың мүшесі болуы мүмкін екені расталды. Ал 2014 жылдың қыр­күйегінде Уэльсте өткен саммит барысында Грузияның альянсқа мүшелікке ұмтылуына ықпал ететін шаралар пакеті бекітілді. Осы маңызды пакеттің шеңберінде 2015 жылы тамызда Грузия Қорғаныс министрлігінің «Крцаниси» ұлттық оқу орталығы аумағында Грузия мен НАТО-ның бірлескен жаттығу және бағалау орталығы ашылды. Басында айтылған оқу-жаттығулар осы аймақта өткізілуде.

Альянсқа мүшеліктің ауылы алыс емес

Биыл қаңтар айында NDI ұлт­тық-демократиялық институты 2018 жылдың 6 қарашасы мен 2018 жылдың 20 желтоқсаны аралы­ғында жүргізілген әлеуметтік сауал­наманың қорытындысын жария­лады. Бұл сауалнамаға 2,2 мың адам қатысып, оның басым бөлігі НАТО мен Еуроодаққа қосылуды құп­тайтындарын жеткізген. Нақтырақ айтқанда, халықтың 83 пайызы ЕО-ға, 78 пайызы НАТО-ға мүше болуды қолдаған. Грузия билігі мен хал­қының бірауыздан альянспен ықпалдасуға бейілді екенін, оған НАТО тарапынан жасалып жатқан қарқынды келісімдерді қоса ескерсек, мүшеліктің межелі мерзімі көп ұзамай белгілі болып қалар.

Жоғарыда айтылған нау­рыз­­да өткен оқу-жаттығу ая­сын­­­­­­да Тби­­­лисиге ресми сапармен келген НАТО-ның бас хатшы­сы Йенс Столтенберг Грузия еуроатлан­ти­калық интеграция жолында үлкен табысқа жеткенін және міндетті түрде альянстың мү­шесі болатынын мәлімдеді. Бі­­рақ оның қай күні жүзеге асатынын нақтылап айтпады. Бұған қоса НАТО-ның бас хатшысы Грузияның аумақтық тұтастығы мен егемендігін растап, Ресейді Абхазия мен Оңтүстік Осетия аймақтарының тәуелсіздігін мойындаудан бас тартуға шақырды. Және аталған аймақтардағы шиеле­ніскен жағдайдың күрмеуін бейбіт келіссөздер арқылы шешуді қолдай­тынын жеткізді.

Ал Грузия президенті Саломе Зура­бишвили НАТО-мен байланыс бұрын мұншалықты жоғары деңгейде болмағанын, екіжақты ынтымақтастық одан әрі дамып, тереңдей беретінін мәлімдеді. Ол альянсқа мүше болу мақсатынан айнымайтындарын айтып, жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін халықаралық әріптестікке белсенді қатысуды жалғастыра беретіндеріне сенім білдірді.