Аймақтар • 10 Маусым, 2019

Оқырман оқушылар

592 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордадағы №73 мектеп-лицейі жыл қорытындысына арналған басқосу өткізіп, жүзден жүйрік шыққан озаттардың білім жарысында, ғылыми жобаларда, пән олимпиадаларында, өнер бәйгелерінде жеткен жетістіктерімен таныстырды.

Оқырман оқушылар

Ерекше атап өтер бір үлгіні бөле-жара айтуды жөн көрдік. Білім орда­сының кіре берісінде «Үздік оқыр­ман­ға сыйлық» деген жазу қойылған үш велосипед тұрды. Міне, осы үш велосипед иелері анықталған сәт ерекше есте қалды. Олар оқуға тиіс жүз кітапты еңсергендер екен. Алды 30 кітапты оқыпты. Үш жүлдегер қатарында сегі­зінші сынып оқушысы – Мөлдір Құр­банбай, бесінші сынып оқушысы – Сымбат Мұратжанқызы, төртінші сынып оқушысы – Аяла Сайлау болды. Құндылыққа ден қойғандар өздері таң­даған шығармаларды оқып қана қой­май, мазмұнын сыныптастарына, ұстаз­дарына, ата-аналарына айтып беру­ді дағдыға айналдырыпты.

– Мен бұрын телефон мен теле­дидардан көз алмайтын едім. Мекте­бі­­­мізде кітап оқуға құлшыныс бас­­тал­ғаннан бері одан тыйылдым де­се де болғандай. Мұхтар Әуе­зов­тің, Бейімбет Майлиннің, Бер­ді­бек Соқпақбаевтың, Мұқағали Мақа­таев­тың, өзге де авторлардың туын­дыларын оқыдым. Соның нәти­жесінде ой-өрісім өсіп, жүйелі сөй­леу­ге, сауатты жазуға, ізет-ина­бат­­тың қандай болатынын біле бастағандаймын. Әсіресе, үлкенді, ата-ананы сыйлаудың ұлттық үлгісін танып-білгенім анық. Біз қазір отбасымыз бойынша кітап оқуды дәстүрге айналдырдық. Бұрын кітап дүкені дегенді біле қоймайтын едім. Енді жиі барамын. Әттең, қазақ кітаптарының бағасы өте қымбат, арзандатуға бол­май ма екен? Тағы бір айтарым, балаларға арналған қазақ кітаптары аз кездеседі. Есесіне Мәскеуден шыққан орысша кітаптар өте көп, – дейді же­ңім­­паз оқушының бірі Сымбат.

Ал мектеп директоры Құралай Байтәжікованың айтуынша, заманауи техникалық құралдарды меңгеруге еш қарсылық жоқ, бірақ ұлттық, әлем­дік рухани құндылықтардың жөні бөлек. Біз құндылықтың басы кітап деп шештік. Осыны әр ата-ана қолдаса дейміз. Ең бастысы, ұл-қызымыздың денсаулығы қым­бат екені анық. Әртүрлі заманауи құралдар оқушының көзіне, құлағына, ойлау жүйесіне кері әсер ете бастағанын ғалымдар дәлелдеп отыр. Оны пайдаланып, бүгін тыныш отырған баланың ертең жүйкесі сыр берсе, әлгі тыныштық бұзылмай қоймайды. Тіпті азабы мен тозабын ата-аналар көруі мүмкін. Оның кейбір кері әсерлерін көріп те, естіп те жүрміз. Басты мақсатымыз – бірінші сыныптан кітап оқуға баулу. Әр сыныптан кітап бұрышын ашып қойдық, кітапхана жабдықтадық. Дәліздерге де кітап қою дәстүрін қалыптастырып келеміз. Әр аптаның сәрсенбі, сенбі күндерін кітап оқу күні деп белгіледік. Оған бәріміз қатысамыз. Бұл бас­тама орнықты деуге болады. Биыл 2000 оқушының ішінен ондаған оқушы үздік деп танылса, үш үміткер жүлдегер атанып отыр. Велосипедтің оқушы денсаулығына пайдалы екенін де ескердік. Бұл бастамамыз жалғаса береді. Оның түрлі жолдарын ойлас­тырудамыз. Оқушыны ынталан­ды­ру жолдары да қарастырылу үс­тін­де. Қолдаушыларымыз да, демеу­ші­ле­рі­міз де табылып жатыр, – дейді мектеп бас­шысы.

Шынында, бұл үлгі үйренер үрдіс екені сөзсіз. Бұл басқа білім ұяларында да жалғасын тауып жатса, нұр үстіне нұр. Тіпті осы игілікті істі жүзеге асы­ру жа­йын алқалы жиында қозғап, бас­тамашылар тәжі­рибе алмасса, ата-аналар ілти­пат танытса, барымызды баға­лап, жоғымызды түгендер едік. Ең бас­ты­сы, ұрпағымызды телефонға тел­міруден құтқарар едік.