Шарайна
Сенбі, 23 ақпан 2013 7:15
Қалың қар құрсауында қалды
Қарлы боран АҚШ-тың бірқатар штаттарын қалың қарға бөктіріп, проблемалар туындатты. Америкалық БАҚ-тардың ақпараттарына қарағанда, қалың қар мен мұзды жауын Колорадо, Иллинойс, Миссури, Канзас, Арканзас, Айова штаттарын құрсауға алған.
Сенбі, 23 ақпан 2013 7:15
Қалың қар құрсауында қалды
Қарлы боран АҚШ-тың бірқатар штаттарын қалың қарға бөктіріп, проблемалар туындатты. Америкалық БАҚ-тардың ақпараттарына қарағанда, қалың қар мен мұзды жауын Колорадо, Иллинойс, Миссури, Канзас, Арканзас, Айова штаттарын құрсауға алған.
Осы штаттардың бірқатарында қардың қалыңдығы 40 сантиметрден асқан көрінеді. Ауа райының қиындығына байланысты мектеп оқушылары сабақтан босатылған, біраз штаттарда мемлекеттік мекемелер уақытша жұмыс істемей тұр. Автокөлік магистральдарында да көлік қозғалысына шектеу қойылған. Жүздеген авиарейстердің ұшуы кейінге қалдырылды. Бірнеше адам қаза тапты деген деректер бар.
Бейбіт тұрғындар қаза таптыҮндістанның оңтүстігіндегі
Хайдарабад қаласында болған екі террорлық әрекет салдарынан 20 адам опат болып, 82 адам жараланды. Жергілікті полицияның мәліметтері бойынша, жарылыстар батыстың ірі компанияларының офистері орналасқан әкімшілік орталығында жасалған.
Куәгерлердің айтуынша, алғашқы жарылыс кино көрсетілімі бітіп, көрермендер кинотеатр есігінен шыға бастағанда болған. Ал жарылғыш зат қойылған екінші қондырғы кинотеатрға жақын маңдағы автобус аялдамасында іске қосылыпты. Полицейлердің хабарлауынша, жарылғыш қондырғылары көшеде қалдырылған велосипедтерге орнатылған екен. Билік өкілдері мұны террористік әрекет деп мәлімдеді.
Парламентке келуден неге бас тартты?
АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Майкл Макфол өзінің Максим Кузьминнің өліміне байланысты жағдайды талқылауға шақырған Мемлекеттік думаға келуден бас тартқанын түсіндірді.
Елші өзінің парақшасында келуден бас тарту себебіне қатысты «АҚШ елшісі әлемде шетел парламентарийлері алдында ешқашан түсінік бермейді, егер ол сол үшін парламентке шақыртылса да» деп жазған. Сондай-ақ дипломат өзінің жағдайды талқылауға кез келген адаммен, оның ішінде Мемдума депутаттарымен кездесуге дайын екенін мәлімдеген. Атап өтейік, М.Макфолды Мемдуманың отбасы мәселелері жөніндегі комитетінің төрайымы Е.Мизулина шақырған еді.
Түсінік беруді талап етті
Әзербайжан президентінің әкімшілігі басшысының орынбасары Новруз Мамедов екінші мерзімге президенттікке сайланған Армения басшысы Серж Саргсянға құттықтау жолдағаны үшін Түркия президенті Абдулла Гүл өзінің көзқарасын білдіруі тиіс, деп мәлімдеді. Бұл жөнінде әзербайжандық ақпарат агенттіктері хабарлады.
«Маған баспасөзден белгілі болғанындай, Түркия президенті Абдулла Гүл Серж Саргсянға құттықтау хат жолдаған, – деп атап өтіпті ол. – Бұл жөнінде менде нақты ақпарат жоқ. Менің білуімше, Түркия мен Армения арасында дипломатиялық қатынас әлі орнамаған». Түркия басшысы Армения президентіне 20 ақпанда құттықтау жолдаған көрінеді. Түркия Арменияның тәуелсіздігін 1991 жылы ресми түрде таныған. Бірақ екі ел арасында әлі күнге дейін дипломатиялық қатынас орнаған жоқ. Оның үстіне 1993 жылдан бері бұл мемлекеттердің шекаралары жабық тұр.
Египетте тағы да сайлау өтеді
Египет президенті Мохаммед Мурси елдегі парламенттік сайлау 27 сәуірде басталатынын жариялады. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, парламенттің төменгі палатасының сайлауы төрт кезеңде өтеді. Әр кезеңде ел аумағындағы жекелеген аймақтардың сайлаушылары дауыс береді.
Парламенттік сайлау маусым айында аяқталады, ал парламенттің жаңа құрамының отырысы 6 шілдеде өтуі тиіс. Осының алдындағы парламенттік сайлау 2011 жылдың қарашасынан 2012 жылдың қаңтарына дейін созылған еді. Парламенттің жоғарғы палатасы – консультативтік кеңес 21 ақпанда сайлау туралы заңға енгізілген өзгерістерді мақұлдады. Енді оны 25 ақпанға дейін ел президенті бекітуі қажет.
Чавестің денсаулығы жақсармай тұр
«Рейтер» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, осыдан екі айға жуық бұрын Кубада операция жасатқан Венесуэла президенті Уго Чавестің денсаулық жағдайы әлі де жақсы емес. Тыныс алуында проблема бар.
«Президенттің тыныс алуы қалыпты емес. Бұл операциядан кейінгі асқынуға байланысты. Әлі де емделуді қажет етеді», делінген Венесуэла үкіметінің ресми мәлімдемесінде. Уго Чавес 18 ақпанда Кубадан өз еліне оралған болатын. Операция жасар алдында ол өзінің мұрагері ретінде вице-президент Николас Мадуроны атаған еді. Эквадор президенті Р.Корреа «егер Чавес президенттік міндетті қоятын болса, елді басқаруға вице-президенттің шамасы толық жетеді» деген көрінеді.
Қысқа қайырып айтқанда:
*Қытай үкіметі су үстінде жүретін атом энергетикалық қондырғысы бар кеме жасау бағдарламасын ресми түрде бекітті. Онда ядролық реактордың жаңа түрі орналастырылады.
*Кеше Тбилисиде біреулер спорт және жастар ісі министрлігінің қызметкері Дэви Сирадзені атып кеткен. Оқиға бұрынғы спорт министрінің пәтерінде болған.
*Лондон соты тоғыз британдықты террорлық әрекет жасауға дайындалған деп таныды. Олар 2011 жылы қыркүйекте ұсталған еді.
*Кубаның Ресейге жалпы көлемі 30 миллиард доллардан асатын қарызын Ресей біртіндеп жоятын болды. Бұл жөнінде Ресейдің сауда және өнеркәсіп министрі Д.Мантуров мәлімдеді.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.