Саясат • 11 Маусым, 2019

Әр алуан пікір – біртұтас ұлт

744 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президент сайлауынан кейін, яғни 10 маусым күні Ақордада шетелдік және отандық журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Сұхбат барысында Мемлекет басшысы алдымен өзіне қолдау білдірген сайлаушыларға алғысын білдіріп, БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауап берді.

Әр алуан пікір – біртұтас ұлт

– Ең алдымен маған дауыс берген Қазақстан азаматтарына алғысымды айтқым келеді. Бұл – үлкен жауапкер­ші­лік. Жауапкерші­лік­ті орындау – мен үшін үлкен міндет. Бұл – халықтың сенімі. Сайлау жоғары деңгейде, әділ және ашық өтті. Сайлау барысын мыңнан астам халықаралық байқаушы қадағалады. Әлемнің 40 елінен келген 350-ге жуық шетелдік журналист дүние жүзіне хабар таратты, – деді Мемлекет басшысы. 

Бұдан кейін бұқаралық ақпа­рат құралдары өкілдері Мем­ле­кет басшысына өздерін толған­дырған сұрақтарын қоя бастады.

Бірінші кезекте сайлаудағы бәсекелес үміткерлердің сайлауалды бағдарламаларында қамтылған өзекті мәселелер Қазақстан Президентінің алдағы жұмысы барысында назарға алына ма деген мазмұнда сауал қойылды. Сұраққа орай Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудың ең басты ерекшелігі үміткерлер санының көп болуында екенін жеткізді. Оның айтуынша, жеті үміткер өз бағдарламасын жариялап, үгіт-насихат жүргізу ісінде тең мүмкіндікке ие болды. «Бұл сайлау қызық әрі ашық өтті деп айтуға болады. Олардың ұсыныстарын өте орынды деп есептеймін. Ең пайдалы тұстары жұмыс барысында назарға алынады», деді Мемлекет басшысы.

Сайлау күні Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы рұқсат етілмеген митингілерге қатысқан азаматтар туралы сұраққа да тұщымды жауап берілді. Осы орайда Президент Қазақстан Респуб­ликасының Заңына сәй­кес Бас прокуратураның ескер­туіне қарамастан наразы­­лық та­ныт­­қан­дардың әрекеті құ­қық бұзуға жататынын айтты. Кейбір азаматтардың аран­­дату­шылыққа барғанын, поли­ция қызмет­кер­лерінің жұ­мысына кедергі кел­тіргені туралы факті­лердің тір­келгенін мә­лім­­деді. Ондай құ­қық бұзу­шы­лық­қа тиісті шара­лардың қол­да­ны­латы­нын ескертті. «Олар басқа тұр­ғындардың қауіп­сізді­гіне нұқ­сан келтірді. Үш қыз­ме­т­кер ауруханаға түсті. Полиция қыз­мет­керлері тиісті шараларды қол­данды. Осы орайда оларға өз жұмысында кәсі­билік танытып, мәселені дер кезінде шешкені үшін алғысымды айтамын», деді Президент. 

Сондай-ақ Қ.Тоқаев құқық қорғау органдарына мейлінше сабырлы болуды тапсырғанын, олар келешекте де осы қалпында қалатынына сенімді екенін айта келіп, «Мен наразылық шеруіне шыққандарға диалог форматын ұсыну қажет деп санаймын. 

Бұған дейін Қоғамдық сенім ко­ми­теті құрылатынын айтқан едім, оның құрамына қоғамымыздың түрлі топтарының өкілдері кіреді, онда пікір алмасатын боламыз. Менің ойымша, әр­түрлі көзқарастың болуы заңды, бірақ біз – бір халықпыз. Сан пікір – біртұтас ұлт», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерде кейбір мәселелер әлі де шешімін күтіп тұрғанын айтты. «Сайлау науқаны кезінде мен аймақтардың барлығын аралап шықтым. Әрбір аймақтың өз ерекшелігі бар және еліміздің дамуына өз үлесін қосып отыр. Ал шынына келсек, елімізде түйіні шешіл­меген мәселелер бар. Мен оларды жақсы білемін, сіздер де жақсы білесіздер. Бұл – медицинаның сапасы, жалақының төмендігі, экология, ауыз сумен қам­тамасыз ету. Сондықтан өзекті мәселе­лерді басты назарға аламыз», деді Мемлекет басшысы. 

Қазақстан Президенті осы орайда Үкіметке тиісті тапсырмалар береті­нін баса айтты. «Қазіргі таңда нақты шешімдер қабылдау керек. Халық бізден  осы шешімдерді күтіп отыр. Халық ұзақ сөзден әбден шаршады. Сондықтан мен Президент ретінде осы жұмыспен міндетті түрде шұғыл­данамын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Журналистердің Үкімет құра­мына қатысты сұрағына «Біздің заң­намамызға сәйкес Үкімет таратылмайды. Дегенмен, жекелеген кадр­лық ауысу болады. Бұған дейін атап өт­кенімдей, Үкіметке жаңа тұлға­лар, оның ішінде жастар тартылады. Меніңше, барынша қабілетті жас кадр­ларды тарту қажет» деп жауап берді Мемлекет басшысы. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін кадрлық резерв дайындауға уәде бер­генін еске салды. Президенттің ай­туын­ша, оған еліміздің барлық өңір­лерінен 300 адам кіретін көрінеді. «Біз бұл тізімді жаңартып отырамыз. Бас­ты мақсат – жастарды мемлекетті бас­қаруға тарту. Жалпы айтқанда, Үкімет жұмысына жаңа тыныс, жаңа серпін беру керек. Сондықтан менің талабым өте қатаң болады», деді Президент.

Кездесу барысында Қазақстан аума­ғында атом электр стансасын салу мәселесі күн тәртібіне шыға­рылмайтыны нақты айтылды. «Атом электр стансасының құрылысы біздің күн тәртібімізде жоқ. Егер мұн­дай мәселе көтеріліп жатса, міндетті түр­де халықпен ақылдасамыз. Тіпті қажет болса бұл мәселе бойынша рефе­рен­дум өткіземіз. Себебі бұл – өте жауап­ты, өзекті мәселе», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Ел Президенті еліміздегі негізгі мәсе­лелердің бірі болып саналатын сыбайлас жемқорлықпен күресу тоқ­тамайтынын айтып өтті. «Сыбайлас жемқорлық – өте күрделі құбылыс. Былай айтқанда дерт деп те айтуға болады. Сондықтан бұл дертпен міндетті түрде қоғам болып күресуіміз керек. Біз сыбайлас жемқорлық туралы ашық түрде айтамыз. Елімізде сыбайлас жем­қорлық – өте үлкен проблема. Бұл дерт – біздің қауіпсіздігімізге сын-қатер. Сондықтан менің міндетім – сыбайлас жемқорлықпен күресу. Жақында, биылғы мамыр айында осы мәселеге арналған үлкен жиналыс болды. Кешенді іс-шараларды қолданамыз деп ойлаймын. Бұл жөнінен халыққа есеп береміз», деді Мемлекет басшысы. 

Кездесу кезінде шетелдік және отандық журналистердің халықаралық қатынастар туралы қойған сұрағы­на орай Мемлекет басшысы халық­ара­лық ынтымақтастық үшін барлық қажет шаралар қолданылатынын, бұған дейін қалыптасқан екіжақты, көпжақ­ты және халықаралық ұйым­дар ая­сын­дағы ынтымақтастықтарды ны­ғайта түсетінін айтты. Сонымен қатар Ресей, Қытай, Орталық Азия елдері­мен қарым-қатынасқа басымдық бері­летінін және әлемнің басқа да барлық мемлекеттерімен достық байланыстар сақтала беретінін сөз етті.

Сонымен бірге баспасөз мәсли­хатында Қазақстан Республикасы Прези­дентін ұлықтау рәсімі 12 маусым­да өтетіні мәлім болды. «Егер осы уақытта Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру қорытындысын толықтыру міндетін орындап, есептерін жариялай алса, ұлықтау рәсімін 12 мау­сымда өткізуді жоспарлап отырмыз. Өйткені 14 маусымда Бішкекте, Ду­шанбеде халықаралық шаралар жоспарланған. Бұл шараларға Қазақстан Президенті­нің өкілеттіктерге иелік еткендігі дұ­рысырақ болады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Жолдыбай БАЗАР,

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»