Шарайна
Сейсенбі, 26 ақпан 2013 7:37
Рауль Кастро қайта сайланды
Куба Мемлекеттік кеңесінің іс басындағы төрағасы (президент) Рауль Кастро жаңа 5 жылдық мерзімге қайта сайланды. 81 жастағы төрағаның Кубаның ұлттық көсемі Фидель Кастроның інісі екені белгілі. Фидель сырқаттанған соң Рауль оның орнын басқаны тағы мәлім.
Сейсенбі, 26 ақпан 2013 7:37
Рауль Кастро қайта сайланды
Куба Мемлекеттік кеңесінің іс басындағы төрағасы (президент) Рауль Кастро жаңа 5 жылдық мерзімге қайта сайланды. 81 жастағы төрағаның Кубаның ұлттық көсемі Фидель Кастроның інісі екені белгілі. Фидель сырқаттанған соң Рауль оның орнын басқаны тағы мәлім.
Рауль Кастро Мемлекеттік кеңеске 2008 жылы келсе, үшінші мерзімге қалуға ниеті жоқ екенін ашық айтып отыр. Сөйтіп, ол ел конституциясына өзгеріс енгізіп, өзінен кейінгі төрағалардың да екі мерзімнен артық отыруының жолын кеспек. Ал Рауль Кастроның ізбасары кім болмақ дегенге келсек, кейбір байқаушылар 53 жастағы бірінші вице-президент болып сайланған мұның алдындағы білім министрі Мигель Диас-Канель Бермудестің атын атайды.
Әйел президенттің алғашқы инаугурациясы
Оңтүстік Кореяда елдің алғашқы әйел президенті Пак Кын Хенің инаугурациясы болып өтті. Ол бұл жоғары лауазымда Ли Мен Бакты алмастырғаны белгілі. Пак Кын Хенің қызметіне кірісуіне арналған салтанатты шараларға 70 мыңдай адам жиналды.
Жаңа президент өзінің алғашқы сөзінде КХДР-мен өзара қарым-қатынас тақырыбын да қозғап өтті. Солтүстік Корея жақында өз тарихында үшінші ядролық сынағын жасағаны мәлім. Пак Кын Хе сынақтар салдарынан бірінші кезекте Солтүстік Кореяның өзі зардап шегетінін атап айтты. Оңтүстік Кореяның алғашқы әйел-президенті 61 жаста. Әкесі Пак Чон Хи де төңкеріс нәтижесінде билікке келіп, 1963-1979 жылдар аралығында президент болған. Оған 1979 жылы қастандық жасалып, қаза тапқан еді.
Карзайдың талабы күшті
Ауғанстан президенті Хамид Карзай арнайы бағыттағы АҚШ әскерлері екі аптаның ішінде Вардак уәлаятынан шығуы тиіс деген жарлыққа қол қойды. Ауғанстанның аталған провинциясы ел астанасы – Кабул қаласының оңтүстік-батысына қарай орналасқан.
Ауғанстан президентінің жарлығы АҚШ өзінің провинциядағы негізгі әскери күштерінен айырылады дегенді білдіреді. Ал Карзайдың мұндай жарлыққа қол қоюына америкалықтармен ынтымақтасқан жергілікті тұрғындардың зорлық-зомбылықпен және адам өлтірумен айналысулары негізгі себеп болса керек. Кейбір сарапшылар АҚШ тарапы Ауғанстандағы зорлық-зомбылыққа жауап беруі тиіс деп санайды.
Қауіпсіздікке үлкен мән берді
Израиль билігі ел әскерлерін жоғары дайындық жағдайына келтірді. Бұл Палестина тұтқыны Арафат Джарадаттың жерленуіне байланысты орын алды. А.Джарадат Саир елді мекенінің тумасы екен. Сондықтан Израиль әскерилері жерлеу кезінде тәртіпсіздіктер орын алады деп қауіптеніп отыр.
Палестиналықтар тұтқындағы отандастары азаптаулардың салдарынан көз жұмды деп санайды. Осы себепті Хеврон, Рамалла және Вифлеем қалаларында шерулер ұйымдастырған еді. Наразылық білдірушілер Израиль солдаттарына тас атса, олар жауап ретінде көзінен жас ағызатын газ қолданған-тын. 39 жастағы А.Джарадат өткен сенбі күні, яғни 23 ақпанда Израильдің солтүстігіндегі «Мегиддо» түрмесінде көз жұмған еді.
Темекіге қарсы заң қабылданды
Ресей президенті Владимир Путин темекіге қарсы заңға қол қойды. Құжат темекі өнімдерін жарнамалауға, қоғамдық орындарда шылым шегуге тыйым салады. Сондай-ақ, заңнамада темекіге қарсы бағытталған басқа да бірқатар шектеу шаралары белгіленген.
Заң үстіміздегі жылдың 1 маусымынан бастап күшіне енеді. Осы күннен бастап Ресейде қоғамдық орындарда, мәселен, вокзалдар мен автобус аялдамаларында, мектептерде, жоғары оқу орындарында, мемлекеттік билік органдарының ғимараттарында темекі шегуге тыйым салынады. Ал 2014 жылдың маусымынан бастап мейрамханалар мен қонақ үйлерде де темекі шегуге рұқсат берілмейді. ДДҰ-ның деректеріне сүйенсек, Ресей шылым шегетіндер өте көп елдер санатында екен.
Ұшақ 1 тонна алтынмен ұсталды
Ыстамбұлдың халықаралық әуежайында Түркіменстанның «Туркменховаеллары» (Түркіменәуежолдары) әуе компаниясының ұшағы ұсталды. Оның бортында Ашғабадқа жеткізілмекші 1 тоннадан астам алтын құймалары бар екен. Жүктің иесі түріктің «Polimeks» құрылыс компаниясы көрінеді.
Аталған компания ұзақ жылдар бойы Түркіменстанда құрылыс жобаларымен айналысып келген. Құжат бойынша ұшақ бортына сантехника тиелген деп көрсетіліпті. Түркия БАҚ-тарының айтуларынша, Түркіменстанға құпия түрде жеткізілмек болған алтынның жалпы салмағы 1,3 тоннаны құрайды. Құрылыс компаниясы баспасөз парақшасын таратып, бұл істе өздерінің кінәсіз екендіктерін айтып, ақталуда екен.
Қысқа қайырып айтқанда:
Қытайдың Хэнань провинциясындағы Наньян қаласының Ваньчэн ауданында партия хатшысы болып істейтін Лю Сяньчун қызмет көлігімен киноға келген 26 адамды басып кеткен. Зардап шеккендердің екеуі әл үстінде жатыр екен.
Украинаның Полтава облысының Октябрь селосында белгісіз біреулер Владимир Ленин мен оның зайыбы Надежда Крупскаяның ескерткіштерінің басын алып кеткен. Қазіргі кезде кінәлілер іздестіріліп жатқан көрінеді.
Өткен жексенбі күні Пәкстан аумағының басым бөлігі екі сағаттан астам уақыт жарықсыз қалды. Бұған елдегі аса ірі электр стансаларының біріндегі апат себеп болды. Апатқа құрал-жабдықтардың ескіргені алып келгенге ұқсайды.
Геологтар Үнді мұхитының Маврикия ауданында мұхит түбінде жасырынып жатқан көне континенттің ізін тапты. Көне құрлық булкан атқылауы салдарынан су түбіне кеткен секілді. Зерттеулер табылған құрлық осыдан 60-80 миллион жыл бұрын жер бетінде болған дегенді көлденең тартып отыр.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.