Сайлау • 11 Маусым, 2019

Сайлау науқанын саралады

1057 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Көптен бері ел аузында жүрген Президент сайлауы мәресіне жетті. Кеше елордада «Сайлау-2019: қорытындысы мен маңызы» атты конференция өтіп, онда қазақстандық сарапшыларға қоса шетелдерден келген саясаттанушылар сайлау науқаны жөнінде өз көзқарастарын білдірді.

Сайлау науқанын саралады

Қазақстан саяси ғылымдар қауым­д­астығы өткізген келелі кеңесте сарап­шылар тобы екі тақырыптың төңі­регінде пікір алмасты. «Сайлау нау­қанының сабақ­тары» атты алғаш­қы бөлімде қазақ­стандық сарапшылар халықтың саяси бел­сен­ділігі арт­қанын, сайлау әділ әрі бә­се­келі бол­ғанын айтып, еліміздің ал­дағы даму бағдары турасында сөз қозғады.

Алдымен «Transparency Kazakhstan» қоғамдық қоры қамқор­шы­лық кеңесінің төр­ағасы Марат Шибутов сайлау нау­қаны­ның қоры­тындысына тоқталып, экзит-пул­дың нәтижесі Қазақстанның сая­си алаңына өзгеріс енгенінің көрінісі екенін айтты.

«Біріншіден, Әміржан Қосановтың сайлаушылардың 15 пайыздан аса дауысын жинағанын айтуға болады. Бұл – ел тарихындағы жалпы оппозиция атынан түскен кандидаттардың ішінде ең жоғары көрсеткіш. Бұған дейін тек Серікболсын Әбділдин ғана 12 пайыздан көп дауыс жинаған. Екін­шіден, билік тарапынан әлеуетті кан­дидат ретінде сайлауға алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаев қатыспады. Үшіншіден, сайлауға түскен алғашқы әйел кандидаттың 5 пайыз да­уыс жинағанын да ерекше атап өткен жөн. Бұрын тек облыстық көлемде танылып келген Дания Еспаева үшін бұл жақсы нәтиже. Ал жалпы сайлаушылардың 77,4 пайызының дауыс бергенін орташа деңгейде, ел дамуының бағдарын айқындауға жеткілікті деп ойлаймын. Сондай-ақ ел өңірлерінің белсенділігі­не де мән беру керек. Әрине бұлардың ішінде үш мегаполистің көрсеткіші ерекшеленеді. Бұдан біздің ақырындап саяси шындықтың жаңа сатысына көшіп жатқанымыз байқалады. Елордада өтіп жатқан қарсылық митингісі туралы айтып өтсек, онда жиналған жұртпен диалогқа келу өте қиын. Өйткені олардың арасында көшбасшы жоқ, бір идеологияға тоғыспаған, әрқайсысының өз айтарлары бар. Бұл мәселені тек кең ауқымды саяси реформа ғана реттей алады. Халықтың жай-күйін жете түсінетін, солардың тілінде сөйлесе алатын саясаткерлердің дәуірі келе жатыр», деді Марат Шибутов.

Ал Қазақстан саяси зерттеулер қауымдастығының вице-президенті Айдос Сарым: «Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеңетініне күмәнім болған жоқ. Бір жағынан оның жеңісі заңды болғанын мойындау керек. Бұл сайлауды Қазақстан қоғамы мен әлемдік қоғамдастық мойындаса, болашақта үлкен саяси науқандарға жол ашылады. Елдің демократиялануын, қоғамның өзгергенін айқын, анық көрдік. Кейбір сайлау учаскелерінде Әміржан Қосановтың басым дауысқа ие болуы көп нәрсені аңғартады. Қоғам Әміржан Қосанов үшін ғана емес, өзгерістер үшін дауыс беріп жатыр. Халық осылайша жүйеге қозғау салу үшін үн қосты. Осыдан дұрыс қорытынды шығару атқарушы биліктің басты бағыты болу керек. Тоқаевтың өзі дауыс беріп шыққаннан кейін өзгеріс керектігін мақұлдап, оппозицияны, өзге ұстанымда жүрген азаматтарды диалогқа шақыратынын жеткізді. Алдағы сайлаулар жаңа тәртіппен, жаңа үрдіспен өтіп, күмән-күдіктердің санын азайту қажет», деді.

Сөз кезегі «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботаревке келгенде, ол сайлау кезінде партиялардың белсенділігіне қатысты әңгіме өрбітті.

«Бұл сайлауға ұйымдар атынан түс­кен кандидаттарды айтпағанда, төрт пар­тия­ның өкілі қатысты. Партиялардың бел­сен­ділігіне келсек, алдымен олардың көш­бас­шылары қатыспағанын атап өткен жөн. Басты партия Nur Otannyń атынан алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаев емес, оның ізбасары Қасым-Жомарт Тоқаев қа­тыс­ты. Елбасы түспеген сайлаудың дең­гейі де өзгеше болды. Сонымен қатар бұл сайлаудан «Ақ жол» партиясынан Азат Перуашев пен «Ауыл» партиясынан Әли Бектаевты көрген жоқпыз. Ал халық коммунистері атынан шыққан Жамбыл Ахмет­беков бұрынғыға қарағанда бұл сайлауда сылбыр жұмыс істеген сыңай­лы. Егер сайлауға партиялардың бірінші тұл­ғалары түскенде, бәсекенің көрігі қы­зар еді. Мәселен, президенттікке кан­­ди­дат­т­­ардың дебатында Әли Бек­таев­тың әже­птәуір әлеуетін бай­қадық. Деген­мен, Төлеутай Рақым­беков те халық­қа агро­өнеркәсіп сала­сының мәселе­лерін жақсы жеткізді. Соған қарап ал­дағы Парла­мент сайлауларында «Ауыл» партия­сының қуаты артады деп топ­шы­лауға болады. Сондай-ақ «Ақ жолдың» аты­нан түскен Дания Еспаева да жақ­сы нәтиже көрсетті. Алайда басты партия­мен қалғандары барын­ша бәсекелесе алм­аған­дықтан, «Ұлт тағдыры» ұлттық-пат­риоттық қозғалысы атынан кандидат болып тіркелген Әміржан Қосанов екінші орынды иеленді», деді Андрей Чеботарев.

Ал конференцияның екінші бөлімі «Сайлау. Сырттан көзқарас» деп аталып, АҚШ, Израиль, Әзербайжан және Бела­русь елдерінен келген сарапшылар өз ойларын білдірді. Халықаралық сай­лау жүйесін сараптау орталығының прези­денті, израильдік Александр Цинкер:

«Биыл әлемде көптеген сайлау өтіп, әрқайсысы әртүрлі сипатқа ие болды. Мәселен, Армениядағы сайлау бейбіт түрде өтсе, Украинадағы сайлау қатаң болды әрі жастардың белсенділігі артып шоуға айналып кеткендей әсер қалдырды. Ал Қазақстан өз жолынан жаңылмай, Пре­зидент сайлауы дәстүрге сай өтті. Біз мұн­дағы сайлау процесін біраз бақылап, кім­нің алға шығатыны туралы болжам жа­садық және ойлағанымыз дұрыс шық­ты. Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі тұрақ­ты­лық­тың сақталуына кепіл болып, осы күнге дейін Қазақстанда қолға алынған мақ­сат­ты бағ­дарламалардың жүзеге асырылуы одан әрі жалғаса береді деп ойлаймын», деді.

Бұдан кейін әзербайжандық саясаткер Фархад Маммадов Қазақстандағы сайлау науқаны әлемнің назарында болғанын айтып, билік транзитінің Ор­талық Азия елдеріне ықпалы жө­нінде баяндады.

«Қазақстан – аймақтағы маңызы мен салмағы зор мемлекеттердің бірі. Сондықтан осы елде өтіп жатқан кез келген процесс қалай болса да көрші елдерге ықпал ететін болады. Президенттікке кандидаттардың халыққа ұсынған сайлау­алды бағ­дарламаларына ерекше көңіл бөлінді. Әсіресе шетелдік сарапшыларды кан­дидаттардың сыртқы саясат тұр­ғысындағы ұстанымдары қызықтырды деген ойдамын. Бұл мемлекет – тоғыз жолдың торабында тұрған мемлекет. Дәл осы жерде Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытайдың бастамалары түйісіп тұр. Әлбетте, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалар мен жобалар ең бірінші кезекте ел халқы үшін жасалу үстінде. Сондай-ақ бұл елдің алдағы даму бағдарының көрші елдерге де әсері мол», деді Фархад Маммадов.

Сонымен қатар аталған жиында Пре­зи­дент сайлауының ерек­шеліктері тал­қы­ланғанда, жастардың белсен­ділігіне қоса, қазақтілді қоғамның өскені айтылды. Саяси науқандар бұ­қара халықпен мем­лекеттік тілде сөй­лесу арқылы ортақ мә­мі­л­еге келе алатынын, тіл бірлік пен тұ­рақ­тылықтың тірегі екені атап көрсетілді.