Шарайна
Сенбі, 2 наурыз 2013 8:19
Рим папасы қасиетті тағымен қоштасты
Рим папасы Бенедикт ХVІ қасиетті тағынан кетті. Енді ол өмірінің соңына дейін «құрметті понтифик» деген лауазыммен жүреді.
Сенбі, 2 наурыз 2013 8:19
Рим папасы қасиетті тағымен қоштасты
Рим папасы Бенедикт ХVІ қасиетті тағынан кетті. Енді ол өмірінің соңына дейін «құрметті понтифик» деген лауазыммен жүреді.
«Рейтер» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, жергілікті уақыт бойынша сағат 20.00-де Рим қаласының жанындағы Кастель Гандольфо аталатын папа сарайының алдында тұратын швейцариялық ұландар (гвардия) қарауылы резиденцияны қалдырып, Ватиканға оралған. Бұл понтифик өкілеттігінің аяқталғанын білдіреді. Осыған байланысты бірнеше ресми рәсім жасалды. 28 ақпанда ертеңгілік Бенедикт ХVІ папа ретінде соңғы рет Ватиканда 100-ден астам кардиналдармен кездесті. Одан кейін ол ұшақпен Кастель Гандольфо сарайына келді. Понтифик енді осында тұратын болады.
Дұрысы қайсы, бұрысы қайсы?
Венесуэланың вице-президенті Николас Мадуро президент Уго Чавес өз денсаулығын ел халқының әл-ауқатын жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істегеніне байланысты ауырлатты деп мәлімдеді. Бұл жөнінде «Франс-пресс» агенттігі хабарлады.
Мадуроның мәлімдемесіне қарағанда, У.Чавес ұзақ уақыт бойы өзінің денсаулығын ойламаған, «ол өзінің денесі мен жанын елді дамытуға арнады». Николас Мадуро, сондай-ақ, Чавестің қазіргі кездегі жағдайын да атап өткен. Оның айтуынша, президент өзінің өмірімен күресу үстінде, оған көмек көрсетіліп жатыр. Оның бұл мәлімдемесі Панама елшісі Г.Кочестің мәлімдемесіне қатысты жасалса керек. Өйткені, 27 ақпанда елші Уго Чавес хал үстінде жатыр деп мәлімдеген болатын.
Қалқымалы мейрамхана суға батып кетті
«Франс-пресс» агенттігінің таратқан ақпараттарына қарағанда, кеше түнде Бағдад қаласының орталығында Тигр өзеніндегі қалқымалы мейрамхана суға батып кеткен.
Бағдад әкімшілігінің мәліметтері бойынша, мейрамхана бортында 150-дей адам болған. Олардың көпшілігі Ирак азаматтары көрінеді. Оқиға кезінде бес адам қаза болды деген дерек бар. Ал кувейттік KUNA ақпарат агенттігі 15 адам қаза тапты деген мәлімет келтіреді. Мейрамхананың не себептен суға батып кеткені қазірге белгісіз. Жергілікті билік оның диверсиялық әрекет екенін жоққа шығарып отыр.
Қысқа қайырып айтқанда:
Юлия Тимощенконың қорғаушысы, «Батькивщина» партиясынан Украинаның Жоғарғы радасына сайланған Сергей Власенконы депутаттық мандаттан айырды.
Кеше Жапония соты америкалық екі теңізшінің бірін 10 жылға, екіншісін 9 жылға түрмеге отыру жазасына кесті. Олар Окинава аралының 27 жастағы тұрғынын тонады және зорлады деп айыпталған болатын.
Италияның бұрынғы премьер-министрі С.Берлускониге сыбайлас жемқорлық күдігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол сенатор Серджо де Грегорионы 3 миллион евро төлеп, «сатып алған» көрінеді.
Мемлекеттік хатшы Д.Керри АҚШ Сирияның көтерілісшілеріне 60 миллион доллар көлемінде көмек беретінін мәлімдеді.
Көліктен де, күзеттен де бас тартты
Грузия президенті Михаил Саакашвили президентке арналған бронды автомобильді пайдаланудан бас тартты. Осыған қатысты мемлекет басшысының әкімшілігі мәлімдеме жасаған.
«Новости Грузия» агенттігінің хабарлауынша, президент бронды автомобильден де, күзет қызметінен де бас тартып отыр. Енді ол өзінің жеке автокөлігімен жүретін болады. Мәлімдемеде сондай-ақ «президент әкімшілігінің гаражынан брондалған машиналарды алып кетулеріне болатыны» да айтылған. Саакашвилидің мемлекеттік күзет қызметінен бас тартқаны жөніндегі ақпарат бұдан үш-төрт күн бұрын шыққан болатын. Күзет қызметінің штатында 350 адам бар екен, ал оның бюджеті 4,2 миллион доллар көрінеді.
Жаңа заң жобасын ұсынды
Кеше Ресей президенті Владимир Путин Мемлекеттік думаға парламенттің төменгі палатасына аралас сайлау жүйесін енгізуге қатысты заң жобасын ұсынды. Бұл жөнінде Кремльдің сайты хабарлады.
Заң жобасына сәйкес 225 депутат партиялық тізім бойынша, ал тағы 225 депутат бір мандатты округтер бойынша сайланатын болады. Кандидаттыққа саяси партиялармен қатар, өзін өзі ұсыну жағы да қарастырылған. Федералдық тізімге бір мандатты округтер бойынша партиялар ұсынған кандидаттар да енгізілуі мүмкін. Өзін өзі ұсынатындар жалпы сайлаушылардың кем дегенде 0,5 пайыз қолын жинауы қажет. Егер округте 100 мыңнан кем емес сайлаушы тұратын болса, жиналған қол саны 500-ден кем болмауы тиіс. Ресейде мұндай сайлау жүйесі бұрын да болған.
Германия да әскер жіберетін болды
Германия парламенті 350 әскери қызметшіні Малиге жіберу жөніндегі жоспарды мақұлдады. Оның 180-і Еуроодақтың жедел топтарымен бірге Мали армиясының әскерлерін үйретуге қатысады. Тағы 150 әскери қызметші әуе тасымалы және жанармай құю жұмыстарын атқарады.
Неміс әскерилері соғыс қимылдарына қатыспайды. Қаңтар айының ортасында Малиге екі әскери-көлік ұшағын жіберген еді. Бұдан бөлек гуманитарлық көмек ретінде африкалық осы елге 1 миллиондай евро бөлген болатын. Германия бүгінге дейін Малиге әскери қимылдарға қатысатын әскерлер жіберуден бас тартып келген-ді.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.