Чавесті көрсетуді талап етті
Сейсенбі, 5 наурыз 2013 7:16
Оппозиция жағындағылар бұрнағы күні Венесуэла астанасы Каракас қаласында президент Уго Чавестің денсаулығынан толық ақпарат берілуін талап етіп, шеру өткізді. Жүздеген демонстрант қолдарына «Бізге шындық керек!», «Өтірікті доғарыңдар!» деген плакаттар ұстап шықты.
Сейсенбі, 5 наурыз 2013 7:16
Оппозиция жағындағылар бұрнағы күні Венесуэла астанасы Каракас қаласында президент Уго Чавестің денсаулығынан толық ақпарат берілуін талап етіп, шеру өткізді. Жүздеген демонстрант қолдарына «Бізге шындық керек!», «Өтірікті доғарыңдар!» деген плакаттар ұстап шықты.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Чавес соңғы екі аптадан бері Каракастағы әскери госпитальде жатыр. Ол онда қатерлі ісікті алып тастау бойынша ота жасалғаннан кейін оңалту курсынан өтуде. Үкімет өкілдерінің сөздеріне қарағанда, қалпына келу күрделіліктермен өтіп жатыр, бірақ президенттің жағдайы біртіндеп жақсара түсу үстінде. Ауруханада Чавестің мемлекеттік іспен шұғылданып жатқаны да атап көрсетілген.
Әр қызметкер үшін – 2 млн.
Ресейдің федералды қауіпсіздік қызметі шетелде бір қызметкерін ұстау үшін әрқайсысына жылына кем дегенде 2 млн. рубль шығындайтын болады. Бұл жөнінде жаңа заң жобасында айтылады. Бұл – достас елдерге тұрақты жұмысқа баратын қызметкерлер үшін бюджеттен төленетін қаржы.
Құжатқа сәйкес, қазіргі кезде барлығы 15 адам қарастырылыпты. Олар Абхазияға, Оңтүстік Осетияға және Қырғызстанға тұрақты түрде жұмыс істеуге баратындар болып табылады. Заң жобасының авторлары оны қабылдау халықаралық қылмыспен тиімдірек күресуге мүмкіндік береді дейді. Жақын арада жоғарыдағы тізімді кеңейту жоспарланып отырса керек.
Бөлек автобуспен жүретін болды
Израильде Батыс жағалаудан елдің орталық бөлігіне жұмыс істеу үшін баратын палестиналықтар үшін арнайы автобус маршруттары ашылды. Бұған дейін палестиналықтар израильдік қоғамдық көлікті пайдаланатын. Үкіметтегілер жаңа маршруттардың ашылуын қауіпсіздік үшін жасалған шаралар деп түсіндіреді.
Бұған дейін автобуста палестиналықтар мен израильдіктер бір-бірімен оқтын-оқтын шекісіп қалады екен. 3 наурыздан бері жаңа автобустар Палестинаның Калькилия қаласындағы бақылау-тексеру бекетінен жүре бастаған. Ресми мәлімет бойынша, Израильде жұмыс істейтін 29 мың палестиналық бар көрінеді. Олар кей жағдайда екі аралықты жаяу жүріп өтсе, кей жағдайда такси жалдауға мәжбүр болып келіпті.
Көше сыпырушыларға – 150 $
Душанбе мэриясы қаланы дамытуға үлес қосқан әйелдерді ынталандырған жөн деп шешті. Осы мақсатта қала мэрі Махмадсаид Убайдуллоев резервтік қордан 1,8 млн. сомони (380 мың доллар шамасында) бөлуді бұйырды. Бұл соманың басым бөлігі – 1,7 млн. сомониі көше сыпырушыларға берілмек. Олардың әрқайсысы 700 сомониден (шамамен 150 доллар) алатын болады.
Әйел ардагерлерге 600 сомониден тисе, қала құрылымдарының қызметкер әйелдері 100 доллардан алады екен. Ақшалай сыйлықтар Тәжікстанда 8 наурызда атап өтілетін Ана күні мерекесіне орай берілгелі отыр. Бұл аздаған ақша Наурыз мейрамына берілетін сыйақы есебіне де енеді екен. Ал бұл сыйақылар қала мэрінің тапсырмасына сәйкес наурыздан бастап салтанатты жағдайда тапсырылып жатыр.
Жұмсарту үшін шарт қойды
Украина президенті Виктор Янукович бұрынғы үкімет басшысы Юлия Тимошенконың жазасын жұмсарту үшін оған шарт қойды. 1 наурыз күні болған баспасөз мәслихатында президент жаңа қылмыстық-процессуалдық кодекс экономикалық баптарға байланысты жазаларды «гуманизациялауға» мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бұл қандай гуманизация болмақ? В.Януковичтің мәлімдеуінше, егер сотталған адам мемлекетке келтірген шығынының орнын толтыратын болса, онда жазасын жеңілдетуге мүмкіндік бар. «Міне, ол (Тимошенко) осыны ойлауы тиіс», деп атап көрсеткен президент. Экс-премьер Ресеймен газ келісім-шарттарын жасасуда қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыппен 7 жылға бас бостандығынан айырылғаны белгілі.
Әйелдерге 40 манаттан сыйлайды
Түркіменстан әйелдері 8 наурыз мейрамына орай мемлекет басшысы Гурбангулы Бердымұхамедовтен сыйлық ретінде 40 манаттан (14 АҚШ доллары шамасында) алатын болады. Мұндай жарлыққа президент өткен жұма күні үкімет мәжілісінде қол қойды. Мемлекет басшысының атынан ақшалай сыйлық жасы мен жұмыс орнына қарамастан, елдің барлық әйелдеріне беріледі.
Әйелдер мейрамына орай мемлекет басшысының атынан ақша беру бірінші президент Сапармұрат Ниязовтың кезінде пайда болған-тын. Бірақ ол Халықаралық әйелдер күнін 2001 жылы алып тастаған еді. Содан кейін әйелдер күні мен Наурыз мейрамын біріктірген мереке 20, 21 және 22 наурыз күндері атап өтілетін. Мемлекет басына Г.Бердымұхамедов келгелі, яғни 2008 жылдан бері 8 наурыз – әйелдер күні қайтадан атап өтіліп келеді.
Қысқа қайырып айтқанда:
*Иранда 200 мың және 500 мың купюралық риалдар айналымға шығарылады деген жоспар бар. Өйткені, Еуроодақ пен АҚШ Иранның мұнайына эмбарго жариялағалы бері риалдың құны тым түсіп кеткен еді. Бүгінде «қара» базарда 1 доллар 40 мың риалға тең.
*Мысырда дінаралық негіздегі қақтығыстар жалғасып жатыр. Шерулер Әл-Мансұр қаласында қайтадан бұрқ етті. Бейбіт басталған акция кейін тәртіпсіздерге ұласты. Зардап шеккендер бар. Полиция шерушілерге қарсы көзден жас ағызатын газ қолдануда.
*Ресейдің «Ростехнология» корпорациясының құрамына кіретін «Ф.Коротков атындағы «Темп» ААҚ-тың бас директоры 21 млн. рубльден астам ақшаны ұрлады деп айыпталып отыр. Кәсіпорынға тінту жүргізіліп, бухгалтерлік және басқа да құжаттамалар тексеріліп жатыр.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.