Жиынға АҚШ-тың «Салық және инвестициялар» халықаралық орталығының президенті Даниэль Вит, Атлант кеңесінің жоғары ғылыми қызметкері Ариэль Коэн, The Jamestown Foundation аға ғылыми қызметкері Владимир Сокор, Нью-Мексико университетінің профессоры Грегори Глисон, Атлант кеңесінің мүшесі Ричард Вайтц және БАҚ өкілдері қатысты.
«6-9 маусым аралығында біздің байқаушылар делегациясы президенттіктен үміткер барлық 7 кандидатпен және олардың орталық штабтарымен кездесті. Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының жұмыстарымен де таныс болдық. Біз сайлау барысында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы және Ақмола облысындағы 61 сайлау учаскесіне бардық. Әр учаскедегі дауыс беру жұмыстары біздің бақылауымызда болды. Учаскелердегі дауыс берушілермен тілдескенімізде олар сайлау кезінде ешқандай кедергілер болмағанын айтты», деді «Салық және инвестициялар» халықаралық орталығының президенті Даниэль Вит.
«Біз сайлау учаскелерінен жергілікті партиялардың байқаушыларын көрдік. Олар сайлауға қатысты қандай да бір құқық бұзушылық әрекеттер болмағанын және ешқандай қысымсыз еркін жұмыс істеп жатқандарын жеткізді. Сайлау ашық әрі қалыпты жағдайда өтті. Десе де біз сайлауға қатысты техникалық қателіктерді байқадық. Біздің ойымызша, бұл жағдай кездейсоқ болған оқиға», деді Атлант кеңесінің жоғары ғылыми қызметкері Ариэль Коэн.