Руханият • 11 Маусым, 2019

Арда азаматты ардақтады

566 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Арда азаматымыздың біре­гейі Ербол Шаймерден­ұлы мына фәни дүниеден бақи дүниеге аттанғалы да жеті жылға таяп қалыпты. Бірақ артында Абай айт­қандай, өлмейтін сөзі, өшпейтін көзі қалды.

Арда азаматты ардақтады

Сонымен Ербол Шаймер­ден­ұлындай таланттың артын­да қалған мұрасын кейінгі бу­ынға жеткізу, атын жаңғырту жұ­мыстары соңғы кезде қолға алына бастады. Өзін балапандай баулып, қырандай түлеткен қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы ҚазҰУ-да дәрісханасы ашылды. Кіндік қаны тамған, алыптар елі Қызылжар өңірінде бәрекелді дегізер жұмыстар жалғасын табуда. Жақында сондай қайырлы қадамдарға куә болып қайттық. Оның біріншісі, М.Қозыбаев атын­дағы Солтүстік Қазақстан мем­лекеттік университетінде «Ақын жүректі қайраткер» атты дөң­гелек үстел еді. Оған қарымды қа­ламгерлер Ж.Сүлейменов, Қ.Жиен­­бай, журналист-сазгер Қ.Ағыбаев, профессорлар Қ.Тұр­сы­нов, А.Ыбыраева,З.Тай­­­­­шы­бай, Ж.Қадыров, мектеп мұ­ғалімі Ә.Құлыбекова, өзге де зия­лы қауым өкілдері қатысып, Ербол Шаймерденұлының артында қалған ұшан-теңіз мұра­сына жан-жақты талдау жасап, ол алдымен жыр дүлдүлі Тұ­манб­ай Молдағалиев айтқан ақын­дықтың әулие құсын қолына қондырғанын дәйектейтін өрнекті өлең жолдарымен алға тартты. Сол секілді қазақ көркем публицистикасында да өз қолтаңбасын қалыптастырғанынан, әнге сөз жазуда ұлттық үлгіні қатаң ұс­тан­ғанынан, аударма саласында да қыруар шаруа бітіргенінен, оған әлем ойшылдары мен фи­ло­софтарының қанатты қағи­даларының қадірін кетірмей жұртымыздың кемел тілінде керемет сөйлеткенінен мысалдар келтірді. Шашау шықпасын деген ниетпен жиырма бес ғасырлық, бағзы заманнан бүгінге дейінгі даналық дарақтарын жинап «Қа­зақ афоризмдері» деген көлемді жинақты тұңғыш рет жарыққа шығарғанына, ондағы дара да дана ұлыларымыздың, яғни б.з.д.V ғасырдағы Анақарыс, Тоқсары, Тоныкөк, Білге қаған, Күлтегіннен бас­тап, Сағат Әшімбаевқа дейінгі ұлт жақсыларының айтқан ой орамдарына да кеңінен тоқталды. 

Дөңгелек үстелден кейін оған қатысушыларды об­лыс әкімі Құ­мар Ақсақалов қа­былдап, еңселі азаматқа құр­мет көрсету абырой екенін атап, шығармашылығымен де, қай­­­раткерлігімен де хал­қы­­на шынайы қызмет еткен Ер­­бол Шаймерденұлына деген іл­ти­патын жеткізді. 

Екінші шара мемлекеттік рәміздер күніне орай, «Тұң­ғыш рәмізтанушы Ербол Шаймер­денұлы» тақырыбындағы оқушылар конкурсы облыстың Жамбыл ауданындағы Қожа­берген жырау атындағы мектепте болды. Сайыс басталар алдында елдің еңсесін тіктейтін ұлт рәміздерін тұңғыш рет халыққа жеткізу, «Бұл төңіректегі асқар таудай қиын шаруаның бәрі жас қаламгер Ербол Шаймерденовтің мойнына жүктелді. Ол нағыз байқатпай жүріп ел мүддесіне еңбек ете білетін шын бейнет­қорлық мінезін танытты. Ол мі­незі жас тәуелсіздігіміздің тәй-тәй басқан алғашқы жылда­рында әбден көрінді», деп сөз зергері, ақыл данагөйі Әбіш Ке­кілбайұлы айтқандай, Ербол ұлт жұмысын ақаусыз атқарып, ел тану ілімін қалыптастырғаны туралы ақиқат алға тартылды. Оқушылар арасындағы бұл са­йыс төрт бағытта, нақтылай түссек 5-11-сынып оқушылары Отан, ел, жер, рәміздеріміз туралы патриоттық әндер айтып, өлең шығарып, сурет салып, эссе жазудан бақтарын сынады. Барлық қатысушыларға сертификаттар мен алғыс хаттар, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тапсырылды. Осы арада Ғ.Мүсі­репов атындағы орта мектеп­тің 8-сынып оқушылары А.Бұ­ғасов пен Ж.Тасқожин Ер­бол Шаймерденұлының шығар­машылығы бойынша «Қаламгер мұрасы бізге өнеге» деген тақы­рыпта ғылыми жұмыс жазып, облыста жүлделі орынға ие бол­­ғанын айта кетелік. Осын­дай ғылыми ізденісте жүр­ген оқу­шыларға Күләш Шаймер­денова арнайы сыйлық табыс етті. 

Ерболдың атажұртында отыр­ғандар мектептен оған арнап шағын бұрыш ашыпты. 95 жастағы алғашқы ұстазы Шарбан Хә­кімқызы балалық шағынан ес­те қаларлықтай естеліктер айтты. Алдағы уақытта мәдениет үйі­­нен музей жасақтау ниетінде екен. 

Сөз түйініне келер болсақ, сан қырлы саңлақ, жұрт руханиятына өзіндік үлес қосқан қайраткер азамат Ербол Шаймерденұлына алдағы уақытта да осындай құр­мет көрсетуді жалғастыра берсек жарасары хақ. Ендігі жерде өзі салған үлгі­мен тұңғыш рәмізтанушы, алғаш рет қа­зақ афоризмін жүйе­леуші, Ел­ба­сының бірінші баспасөз хат­шысы, қайраткер қазақ Ер­бол Шаймерденұлы атын­да­ғы іс-шаралар қатарында Ота­ны­мызда аталып өтілетін Мем­ле­кеттік рәміздер күніне орай, «Тұңғыш рәмізтанушы Ербол Шаймерденұлы» деген тақы­рыпта республикалық кон­курс­тар ұйымдастыруды қол­ға алсақ, ұтылмас едік. Біз атаған ұсыныс киелі Қызылжар өңірінде басталып та кетті. Енді ол байтақ еліміз бо­йынша жалғасын табарына сеніміміз мол.