Балалар үйінен соң алдымен Алматыдағы педучилищеден білім алды. Шу аудандық комсомол комитетінде істеп, осы жердегі аудандық газеттің жауапты хатшысы болған. 1944-1947 жылдары Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» (қазіргі«Ақ жол») газетінде де жауапты хатшылық қызметін атқарған.
Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы екі жылдық партия мектебін бітірген соң қазіргі Тұрар Рысқұлов аупарткомының насихат және үгіт бөлімін басқарып, Көктерек (қазіргі Мойынқұм) аудандық партия комитетінің хатшысы, одан кейін Жамбыл облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды.
Ал 1953-1956 жылдары Мәскеудегі жоғарғы партия мектебінде оқыған. Мәскеуден Жамбыл облысына қайта оралып, бес жыл бойы Жамбыл қалалық кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарып, төрт жыл Көктерек аудандық атқару комитетінің төрағасы, Шу аудандық партия комитетінің хатшысы болады. Сол сияқты он жыл Жамбыл облыстық атқару комитетінің әлеуметтік қамсыздандыру бөлімін басқарған. Міне, Тұрсынбала апайды халқымыздың білімді де білікті қайраткер қызының бірі деуіміздің сыры осында.
Тұрсынбала апамыздың ері, марқұм Әбдіқұл да бірқатар лауазымды қызметтің басын ұстаған ұлтжанды азамат еді. Екеуі мемлекеттік істердің бел ортасында жүріп, Мария, Сәуле, Зәуре есімді үш қыз тәрбиелеп өсірген, олардан бірнеше немере, шөбере сүйіп отыр. Дәл осы тұста үлкен күйеу баласының белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, академик Болат Көмеков екенін айтқанымыздың да еш айыбы болмас.
– Мен осы ұзақ ғұмырымда, – дейді Тұрсынбала Қасенқызы, – адамгершілігі жоғары, адал, әділ, қоғамшыл, алдымен өзін емес, елін ойлайтын талай жайсаң жанды жақсы адамдармен бірге жүрдім, араластым. Мәселен, әйгілі Жұмабай Шаяхметовтың қамқорлығын, көмегін көргенімді айрықша атап өткім келеді. Сол сияқты қызметтес болған Ізмұхамед Еділбаев, Асанбай Асқаров, Екейбай Қашағановты қалай ұмытайын! Ол кісілердің азбайтын ақылын алдым, керемет кеңесін тыңдадым, үлкен үлгісін ұстандым.
Мына 1952 жылы Алматыда түсірілген суретте Жамбыл облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Тұрсынбала Әбдіраманова (түрегеп тұрған) мен Қарағанды облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Фатима Даненова және Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Мақпуза Нұрымбаева бейнеленген.
...Бұл кезде апамыз 29 жаста екен. Ұшқыр уақытта тоқтау жоқ қой. Содан бері жылжып жылдар, сырғып айлар өтіпті. Жаңа дәуір туып, жаңа заман келді. Қазақ елі тәуелсіздік алып, кемел келешекке батыл беттеп барады.
– Құдайға шүкір,осы күнге дейін жеттім, – дейді апамыз. – Ендігі бар тілегім – ел аман, жұрт тыныш болсын!
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
журналист