Президент • 11 Маусым, 2019

Жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 23%-ға ұлғайды — Р. Скляр

359 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2019 жылғы қаңтар-мамыр айларындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр өнеркәсіптік саланың дамуы туралы баяндады. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.

Жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 23%-ға ұлғайды — Р. Скляр

ИИДМ деректері бойынша, жыл басынан бері өнеркәсіптік өнім көлемі 102% құрады, оның ішінде тау-кен өндірісі — 100,7%, өңдеу өнеркәсібі — 103,6%. Тау-кен өндірісі саласында түсті кендерді өндіру көлемі 15,7%-ға артты, темір кенін өндіру көлемі 98% құрады. Жалпы, темір кенін өндіру көлемі бойынша динамика артып келеді және жыл соңына қарай 44,7 млн тоннаны құрайтын болады.

Р. Скляр баяндағандай, көмір мен лигнит өндіру көлемі 95,8% құрады. Негізгі көмір өндіретін кәсіпорындарда көмір өндірудің төмендеуі электр станцияларының көмір өнімдерін тұтынуының азаюымен байланысты. Дегенмен, бүгінгі күні көмір экспорты бойынша оң динамика байқалып отыр, өсім 105,6% немесе 11,3 млн тоннаны құрады.

Өңдеу өнеркәсібінде жеңіл өнеркәсіпте 23%-ға, машинажасауда — 16%-ға, фармацевтика өнеркәсібінде — 11,6%-ға, дайын металл бұйымдар саласында — 9,2%-ға, құрылыс материалдарында — 3,4%-ға өсім байқалып отыр.

Көлік кешені бойынша 2019 жылғы қаңтар-мамыр айларында нақты көлем индексі 105,3% құрады. Жалпы, барлық көлік түрлерінің жүк тасымалдау көлемінің өсімі 3,7% болды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Қазақстан арқылы өтетін контейнерлік тасымалдар 47%-ға өсіп, 240 мың ЖФЭ құрады.

Құрылыс бойынша нақты көлем индексі қаңтар–мамырда 108,8% құрады.  15 өңірде оң қарқын байқалады. Тұрғын үй құрылысы бойынша 5 айдың қорытындысы бойынша 4,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 100,1% құрайды.

«Республика бойынша жалпы 40 546 тұрғын үй берілді. Өткен жылмен салыстырғанда тұрғын үйді пайдалануға беру көлемінің артуы республиканың 15 өңірінде жалғасуда. Жылдық жоспарға қол жеткізу бойынша қабылданған міндеттемелерді орындау үшін облыстардың әкімдіктеріне өздерінің жұмысын жандандыру қажет», — деді Р. Скляр.