Бұл фильм жақында ғана Калифорниядада өткен Mammoth Lakes Film Festival фестивалінде үш бірдей жүлдеге ие болды: «Көрермендер көзайымы» жүлдесі, «Үздік шетелдік фильм» құрметті сыйлығы және Panavision Award жүлдесі. Кинотуынды Данияр есімді жас жігіттің өмірі туралы баяндайды. Көп жылдар өткен соң туған қаласына оралған жігіт бұрынғы жергілікті тұрғындардың әжептәуір өзгергенін байқайды.
Сара Луиз Уилсон американдық сценарист, режиссер әрі продюсер. Сондай-ақ ол бірнеше фильмдерге түскен. Мысалы, «Джелли» атты романтикалық комедияда ол басты рөлді сомдаған (Наташа Лионн және Эд Макмахонмен бірге). Уилсон бұл фильмнің сценарийін де өзі жазған. Одан бөлек ол біраз уақыт Қазақстанда тұрып, ActionLab арт-студиясында режиссерлік шеберліктен дәріс берген.
– «Жол жоқ» фильмінде мен киноға алғаш қадам басқан жас қазақстандық актерлермен жұмыс істедім, олардың бәрі де менің студенттерім, – дейді Уилсон.
«Қазақфильм» киностудиясы енді «Жол жоқ» фильмінің басты идеясын дамыта отырып, халықаралық табысты жобаға айналдырып, телевизиялық сериал түсіруді көздеп отыр.
АЛМАТЫ