Тарихта өзіндік із қалдырған қайраткер
Жұма, 8 наурыз 2013 7:33
Боливарлық Венесуэла Республикасының президенті Уго Чавес қайтыс болды. Бұл ел ғана емес, бүкіл Латын Америкасы бұл қазаны аза тұтып жатыр. Әлемнің барлық жерінде де оның жарқын бейнесін қадірлейтін жұртшылық бар екеніне куә болып отырмыз.
Жұма, 8 наурыз 2013 7:33
Боливарлық Венесуэла Республикасының президенті Уго Чавес қайтыс болды. Бұл ел ғана емес, бүкіл Латын Америкасы бұл қазаны аза тұтып жатыр. Әлемнің барлық жерінде де оның жарқын бейнесін қадірлейтін жұртшылық бар екеніне куә болып отырмыз.
Ол біраз ауырды. Оның денсаулығын бүкіл әлем қадағалап отырды десе болады. Немен ауырды, қалай емделді, аяғы неге соқтырды – бұл жайында жүйелі айтылды, жүйелі жазылды. Венесуэла халқы оның жанында болды десек ләзім. Өмірден бүкіл халықтың сүйіспеншілігіне бөленген қайраткер өтті.
Мұндай сүйіспеншілік жайдан-жай келмейді. Оның сырын әлемдік ақпарат құралдары да айтып жатыр. Әсіресе, америкалық, британдық, испандық басылымдар бұл қайраткердің кембағал халық үшін өз елінің орасан байлығын оңды-солды шашып жұмсағанына, Америка Құрама Штаттарындай алып империяға қасқайып қарсы тұрған саясат жүргізгеніне айрықша мән беріп отыр.
Уго Чавес өн бойы қайшылыққа толы қайраткер болды. Мұнай қоры жөнінен әлемдегі ең бай ел саналатын Венесуэла Республикасында билік тізгінін 14 жыл ұстаған ол ашық та батыл саясат жүргізді. Өз елінің алпауыт елдерге тәуелді болмауы жолында түрлі қадамдарға барды. Парасат биігінен қарағанда, оның сол кейбір қадамдарын құптауға да болмайтындай еді. Ол жөнінде кезінде басқалармен жарысып біз де жазғанбыз және дәл қазір онымыз орынсыз болған екен де демейміз. Әр нәрсенің өз бағасы бар.
Венесуэла президентінің ұстанған саясатының басты бағыты АҚШ жүргізіп отырған саясатқа қарсылық еді. Оның достары да, дұшпандары да негізінен осыған орай іріктелді. Ол АҚШ ықпалындағы елдерден қолдау тапқан жоқ. Оның есесіне АҚШ-қа қарсылар оған құшағын айқара ашты. Ол осылайша Ресей Федерациясымен, оның басшыларымен жақын араласты. Ресей өзінің әскери техникасын, қару-жарағын бұл елден аяған жоқ, бірігіп әскери жаттығулар да өткізді. Венесуэла Ресейдің Латын Америкасындағы тірегіне айналды. Антиамерикалық саясат аясында ол Иран президенті Махмұт Ахмадинежадпен, Белоруссия президенті Александр Лукашенкомен, Солтүстік Корея басшылығымен достасты.
Ол өз халқының әлеуметтік жағдайын жақсарту жолында батыл шараларды жүзеге асырды. Ауруханалар салды, мектептер ашып, сауатсыздықты жоюға байланысты курстарды ұйымдастырды. Кедей жұртшылықтың жағдайын көтерді. Өзі билік тізгінін ұстаған кезде осындай бағытта 27 бағдарламаны жүзеге асырыпты. Оны халық сол үшін сүйді.
Өз елінде ғана емес, бүкіл Латын Америкасында оның орны үңірейіп қалды десек болады. Жұрт оны іздейтін болады. Мұның өзі онымен қоштасу кезінде де аңғарылды. Бірақ оның ісі, өнегесінің халыққа қызмет ететіні анық. Кезінде Боливарды халық қалай сыйласа, Чавесті де солай сыйлайтыны заңдылық. Чавес – айрықша тұлға. Оның достары көп болса, дұшпандары да аз болған жоқ. Алда да ол жалғасады. Бірақ елдің есінде жақсы ісі қалады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Уго Чавестің Венесуэланы жан-жақты дамытуға және халықтың жағдайын жақсартуға сіңірген ерен еңбегі тарихта өшпес із қалдырды. Оның жарқын бейнесі біздің есімізде әрқашан сақталатынына сенімдімін» деген көңіл айту жеделхатындағы сөздері осынау әлемдік қайраткердің тұлғасын шынайы сипаттайды.
Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».