Саясат • 11 Маусым, 2019

Түркі әлемінің зиялы қауымы сайлауға қатысты ойымен бөлісті

658 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Түркі әлеміндегі белгілі талдау орталықтарының беделді сарапшылары, зерттеушілер, қоғам қайраткерлер мен саясаткерлер еліміздегі кезектен тыс Президент сайлауы туралы, жаңа сайланған Мемлекет басшысы туралы өз ойларымен бөлісті.

Түркі әлемінің зиялы қауымы сайлауға қатысты ойымен бөлісті

Қайратбек ЖАМАНҚҰЛОВ, Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясы әлеуметтік зерттеулер орталығының ғылыми хатшысы:

– Биыл Қазақстан саясатында үлкен өзгерістер болғанына барлығымыз куәміз. Әлбетте, бұл – Қазақстанның мемлекет ретінде кемелденіп, өсіп жатқанының белгісі. Дегенмен, осы жолда тоқтап қалмай одан да үлкен межелерге ұмтылуы керек деп ойлаймын. Халықтың жағдайы мен ел экономикасын дамыту жолында жақсы бағдарламалар мен бастамалар қолға алынғаны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің тапсырмасы еді. Ол бір елдің тарихын толықтай өзгертті. Бұл еңбегі еш ұмытылмайтынына сенімдімін.

Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық Кеңеске өтініш білдіргенде алда өзгерістер орын алуы мүмкін деп болжағанымызды жасырмаймын. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаев – алдағыны болжай алатын, халқының қамын ойлайтын көреген басшы, сарабдал саясаткер. Ал Nur Otan пратиясының Төрағасы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынуы оның бұл лауазымға сай келетін сенімді адам екенін айғақтайды.

Қасым-Жомарт Тоқаевты білгір дипломат ретінде танимын. Ол әрдайым көпвекторлы саясат жүргізуге тырысатын. Бұдан кейін де Елбасының саясаты жалғасын табатынына сенімдімін. Nur Otan партиясының съезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасының ұсынылуының өзі елдегі демократияға жақсы дәлел болғаны анық. Сондықтан, Қазақстан Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен алдағы уақыттарда да үлкен жетістіктерге жетеді деп ойлаймын.


Фарид ШАФИЕВ, Халықаралық қатынастар талдау орталығының басқарма төрағасы:

– Қазақстан мен Әзербайжан – бауырлас мемлекеттер. Мәдениетімізді айтпағанда, дәстүріміз де, тарихымыз да, стратегиямыз да ұқсас. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі Әзербайжан үшін қашанда маңызды болмақ. Яғни, біздің ынтымақтастығымыз үшін ішкі саясат мәселелері де үлкен рөл атқарады.

Осы орайда, Қазақстан билігінің бейбіт жолмен ауысуы жақсы үлгі екенін айта аламын. Биліктің ауысуы – заңдылық, ал оның осы жолмен ауысуы қай елге болса да үздік үлгі.

Алдағы өзгерістер елдегі тұрақтылықты бекемдей түседі ғой деп ойлаймын. Қазақстанның геосаяси жағдайын ескере келгенде биліктің бейбіт жағдайда ауысуы қуантады. Бір жағынан Ресеймен, бір жағынан Қытаймен шектесетін мемлекетте биліктің тұрақты болуы үлкен стратегияны қажет етеді.

Ал Президенттің ауысуы Қазақстанның халықаралық аренадағы қарым-қатынасына, жалпы халықаралық ынтымақтастыққа бір өзгеріс алып келеді деп ойламаймын. Менің пайымымша, мұның барлығы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салып берген даңғыл жолымен жалғасады. Қазақстанның ішкі саясаты да, сыртқы саясаты да сол жолдан ауытқымайды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттіктен кетуі Әзербайжан халқы үшін тосын оқиға болды. Дегенмен, Елбасының өз еркімен мемлекет басшылығынан кетуі – оның дана саясаткер екенінің көрінісі. Өткен президенттік сайлау Қазақстан Республикасына тек жақсылық алып келеді деп сенемін. Бауырлас Қазақ елі мен халқына тұрақтылық пен өркендеу тілеймін.

Мехмет Сейфеттин ЭРОЛ, ANKASAM стратегиялық зерттеулер институтының директоры:

– Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстанның болашағы үшін ең сенімді кандидат болды. Ол – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті салған жолды жалғастыра алатын тәжірибелі саясаткер. Жаңа Президенттің халықаралық аренада, ел ішінде танымал болуы үлкен рөл атқарады. Ел үшін үлкен еңбек сіңірген, Тұңғыш Президентпен қатар жұмыс істеген адам ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттігінен үлкен үміт күтемін.

Негізі, халықаралық саясатта, әлбетте, Нұрсұлтан Назарбаевтан кейін ел тізгініне кім келетіні, оның қандай бағыт ұстанатыны кім-кімді де ойландырғаны анық. Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасы ұсынылғанда бұл мәселе бірден күн тәртібінен түсіп қалды ғой деп ойлаймын. Ал партия съезінде Тоқаевтың партия атынан ұсынылғаны бірінші кезекте Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаткер екенін, демократия жақтаушысы екенін көрсетті. Осылайша тағы бір рет өз ұстанымына берік екеніне көз жеткіздік. Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаттағы мансабы мығым кезде, халықаралық деңгейде жан-жақты танылған шағында президенттіктен кетуі кемел саясаткер екенінің тағы бір дәлелі болды. Бұл халқының оған деген үміті мен сенімін тағы да еселей түсті деп ойлаймын. Өз басым Қазақстан  одан әрі қарай да демократиялық жолдан таймай, тұрақты саясаты жалғастыра ала ма деген сауалға нақты жауап алғандай болдым.


Муса ГУЛИЕВ, Әзербайжан Республикасы Ұлттық Мәжілісінің депутаты, әлеуметтанушы:

– Кез келген елде биліктің ауысуы қалыпты жағдай болып көрінетіні мәлім. Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының құрылуында, дамуында орасан зор еңбегі бар. Ол мемлекеттің бүгінгі деңгейге көтерілуі үшін аянбай еңбек етіп, көп жұмыс атқарды, тер төкті. Қазақ халқының оған деген махаббаты мен құрметін Елбасы деген атақ беруінен-ақ анық көреміз.

Нұрсұлтан Назарбаев тек өз елі үшін емес, күллі түркі жұрты үшін де аз жұмыс істеген жоқ. Ортақ тарихымыздың қалыптасуына, ынтымақтастыққа, серіктестікке қосқан үлесі зор. Әзербайжан Республикасында да Нұрсұлтан Назарбаев – үлкен құрметке ие саясаткер. Ол – Түркі әлемінің ақсақалы, түркі интеграциясының архитекторы.

Nur Otan партиясының съезіндегі шешім туралы айтар болсам, Тұңғыш Президент елі мен халқы үшін ойланбаған шешім қабылдамағаны күмәнсіз. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті атануға толық сай келетін, тәжірибесі мол саясаткер деп санаймын. Бұл шешім – барша Қазақстан халқы үшін де жақсы шешім болуымен ерекшеленеді. Мұндай қадамға құрметпен қарауымыз керек екенін кешегі өткен сайлау толығымен дәлелдеді. Қ.Тоқаев үлкен басымдықпен жеңіске жетті.

Менің ойымша, қазіргі Қазақстан саясаты дұрыс жолда. Қазақстан – Еуразия құрлығында да, түркі әлемінде де өзін көрсете білген, дәлелдей алған мемлекет. Сондықтан Қазақстандықтарды жаңа белеске қадам басуымен құттықтаймын.