Шарайна
Сәрсенбі, 13 наурыз 2013 6:57
Ватиканда конклав басталды
Кеше Астана уақыты бойынша 21.30-да Ватиканда Рим папасын сайлау үдерісінің І туры басталды. Оған отставкаға кеткен Бенедикт ХVІ ұсынған 67 кардинал қатысатын болады. Олардың жасы 80-нен аспаған болуы тиіс. Жалпы, Ватиканда 115 кардинал тіркелген.
Сәрсенбі, 13 наурыз 2013 6:57
Ватиканда конклав басталды
Кеше Астана уақыты бойынша 21.30-да Ватиканда Рим папасын сайлау үдерісінің І туры басталды. Оған отставкаға кеткен Бенедикт ХVІ ұсынған 67 кардинал қатысатын болады. Олардың жасы 80-нен аспаған болуы тиіс. Жалпы, Ватиканда 115 кардинал тіркелген.
Сарапшылар жеңіске жетеді деген адамның атын нақты айта алмай отыр. Сондықтан конклав біршама уақытқа созылуы мүмкін. Дегенмен, жаңа Рим папасы осы жұмадан қалмай сайланады деген де пікірлер бар. Және ол алғаш рет еуропалық болмауы да ықтимал делініп отыр. Бүгінде Италия астанасында адам нөпірі көп. Қонақ үйлерде орын тапшы. Барлығы жаңа папаның сайланып, Ватикан терезесінен көрінуіне куә болмақ.
Таңдау Ұлыбританияға түсті
Фолкленд аралдарының тұрғындары өз аумақтарының Ұлыбританияда қалуы мәртебесін сақтауға дауыс берді. Аралдардың саяси мәртебесін айқындауға байланысты өткізілген екі күндік референдум нәтижесі осыны көрсетті. Дауыс бергендердің 98,8 пайызы Ұлыбританияның қарауында қалғанды жөн көретіндіктерін білдірді.
Қарсы дауыс бергендер 3-ақ адам болды. Дауыс беруге қатысу 92 пайызды құрады. Аралда тұратын дауыс беруге құқылы 1672 сайлаушының референдумға 1517-сі қатысты. Нәтиже жария етілгеннен кейін аралдықтар өздерінің жеңістерін тойлауға кірісіп кетті. Фолкленд аралдарына таласушы екінші жақ – Аргентина тарапы арал тұрғындары арасында жүргізілген референдумның заңды күші жоқ деп санайды.
Ким Чен Ын соққы орнын атады
Оңтүстік Кореямен арада жанжал туындаған жағдайда Солтүстік Корея бірінші кезекте соққыны Сары теңіздегі шағын ғана оңтүстіккореялық Пэннендо аралына береді. Бұл туралы кеше Солтүстік Кореяның басшысы Ким Чен Ын мәлімдеді. Ол КХДР артиллерия әскерлерінің шекара шептеріне барған болатын.
Бұйрық берілгеннен соң артиллерияшылар Пэннендоны отқа орауы тиіс. Ал отқа оранған жау шептері суретке түсіріліп, олар Оңтүстік Кореяның басшылығына жіберілуі керек, деді Ким Чен Ын. Сондай-ақ, ол аралдағы басым нысаналар ретінде радиолокациялық бекеттерді, теңіз кемелеріне қарсы кешендерді, реактивті минометтер мен өздігінен жүретін гаубицаларды атады. Сөйтіп, Корей түбегіндегі жағдай ушыға түсті.
Қысқа қайырып айтқанда:
Бакуде солдаттардың өлімі көбейе түсуіне байланысты наразылық шеруі ұйымдастырылған еді. Оған әскерде қызмет етіп келгендер мен болашақ солдаттар көптеп қатысты. Балалары әскерде көз жұмған ата-аналар да қолдау көрсетті. Шеру полицияның күшімен тоқтатылды.
Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Николас Мадуро өзінің кандидатурасын ресми түрде ел президенттігіне ұсынды. Ол қайтыс болған президент Уго Чавестің ізбасары болып табылады.
Ресей либерал-демократтарының серкесі Владимир Жириновский «Әділетті Ресей» партиясынан депутат Дмитрий Гудковты «отанын сатқан» деп айыптады. Д.Гудков АҚШ-қа сапар жасап, онда Ресейді сынаған тұрғыда сөз сөйлесе керек.
Кремльдегілердің еңбекақысы қанша?
Ресей президенті әкімшілігі мен үкімет аппараты қызметкерлерінің еңбекақысы соңғы бірнеше айда екі еседен астамға өскен. Бұл туралы кеше, яғни 12 наурызда «Форбс» журналында жарияланған мақалада айтылады.
Егер департамент директоры бұған дейін 125 мың рубль (тоқсандық сыйақыны қоспағанда) алып келсе, 1 қаңтардан бастап 300-330 мың рубль алатын болған. Вице-премьердің көмекшісі бұрынғы 70-90 мыңның орнына 190 мың рубль алатын болып отыр. Өзінің әкімшілігі қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру туралы жарлыққа Ресей президенті Владимир Путин үшінші мерзімге сайланысымен қол қойған көрінеді.
Рембрандтың картинасы табылды
Осыдан жеті жыл бұрын ұрланған Рембрандтың «Әке портреті» картинасы Сербиядан табылған. Картинаны 2006 жылы Нови-Саде музейінен екі белгісіз ұрлап кеткен болатын. Енді атақты картина Белградтың түбіндегі Сремск-Митровица қауымдастығынан табылып отыр.
Ұрлыққа қатысы бар деген 4 адам қамауға алынған. Бірақ олардың кімдер екені және оларға айып тағылғаны не тағылмағаны әзірше белгісіз. Кезінде музейден «Әке портретімен» қатар, Рубенстің «Сенеканың өлімі», сондай-ақ, Пьер Франческо Мол мен ХVІ ғасырдағы белгісіз суретшінің картиналары да ұрланған еді. Қалған картиналар әзірше табылмай отыр. Бұл жұмыстардың жалпы бағасы бірнеше миллион еуроға бағаланады. Рембрандт аталған картинасын 1630 жылы жазған болатын.
Сақтық шаралары қолға алынуда
Бішкекте бүгін митинг ұйымдастырылады. Оның бастаушылары оппозиция болып отыр. Шара тәртіпсіздіктер мен зорлық-зомбылыққа және ұрлық-қарлыққа ұласпас үшін алдын ала сақтық шаралары қарастырылып жатыр.
«Біз жұмылдыру шараларын жүзеге асырып жатырмыз. Митинг кезінде Бішкек көшелерін күзетуге 1,5-2 мың дружинник шығатын болады», деп мәлімдеген Бішкек қалалық ішкі істер басқармасының басшылығымен кездесуі кезінде дружиналар көшбасшылары. Милиция тарапынан тәртіп сақтауға шамамен 100 адам шығарылмақ көрінеді. Ал қаладағы жалпы тәртіпті 1,3 мың милиционер сақтайтын болады. Шеру мақсаты – биліктің кетуін талап ету.
Интернет материалдары
негізінде әзірленді.