14 Наурыз, 2013

Аумалы-төкпелі әлем

461 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Аумалы-төкпелі әлем

Бейсенбі, 14 наурыз 2013 2:51

АҚШ дағдарыстың тағы бір толқынын күтіп отыр

Дағдарыстың салдары әлемді әлі де біраз сарсаңға салар түрі бар. Мәселен, интернет иірімдеріндегі ақпаратқа сүйенсек, АҚШ экономикасы да қаржылық дағдарыстың құрығына түскен. Айталық, Roubini Global Economics-тің жетекшісі, Американың экономист ғалымы Нуриэль Рубинидің айтуынша, АҚШ-тың келісілмеген фискальдық саясаты елдегі ІЖӨ-нің өсімін 1,5 пайызға дейін тежейтін көрінеді.

Бейсенбі, 14 наурыз 2013 2:51

АҚШ дағдарыстың тағы бір толқынын күтіп отыр

Дағдарыстың салдары әлемді әлі де біраз сарсаңға салар түрі бар. Мәселен, интернет иірімдеріндегі ақпаратқа сүйенсек, АҚШ экономикасы да қаржылық дағдарыстың құрығына түскен. Айталық, Roubini Global Economics-тің жетекшісі, Американың экономист ғалымы Нуриэль Рубинидің айтуынша, АҚШ-тың келісілмеген фискальдық саясаты елдегі ІЖӨ-нің өсімін 1,5 пайызға дейін тежейтін көрінеді. Мұндай жағдайда бөлшек сауда мәселесі апатқа ұшырап, инвесторлар 2013 жылдың аяғындағы есеңгіреу ахуалына дайын болу керек. Нуриэль Рубини мемлекеттік шығындарды қысқарту шараларынан шыға алмай қалған Еуропада жағдай мүлде қиын болатындығын алға тартады. Ол сондай-ақ, кәрі құрлықты шайқалтатын келесі «цунами» Италиядан бастау алатындығын айтыпты.

«Фискальдық құлдыраудан» шығудың әдістерін табудағы Ақ үй мен Конгресс арасындағы келіспеушілік қазірдің өзінде Америка бюджетінің шығыс бөлігін еріксіз қысқартуға, яғни секвестрге ұшыратуға әкеліп соқтырды. Сенаттағы республикашылар мен Ақ үйдегі демократтардың өзара келісімге келе алмауының салдарынан АҚШ қазынасы биыл 85 млрд. долларға азаятын болды. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) болжамы бойынша секвестр салдарынан америкалық экономиканың даму деңгейі болжанған 2 пайыздан 1,5 пайызға дейін төмендейді. Ал Бүкіләлемдік банк бұл көрсеткіш 1,9 пайыз деңгейінде болады дейді.

Нуриэль Рубинидің пікірінше, елдегі тұтыну сұранымының өсу қарқыны қазірдің өзінде құлдырап кеткен. Демократиялық партия мен Обаманың бастамасы бойынша 2013 жылы бір адамға шаққанда 400 мың доллар немесе ерлі-зайыптыларға шаққанда 450 мың доллар табыс табатын нақты тұлғаларға салынатын салық 35 пайыздан 39,6 пайызға дейін өсетін болады. АҚШ салық орталығының есептеулері бойынша ең бай америкалықтарға салынатын 20 пайыз салықты қоса есептегенде салық көлемі 1979 жылы болған ең жоғары деңгейге көтерілетін болады. Рубинидің мәлімдеуінше АҚШ экономикасының дамуы жылжымайтын мүлік рыногындағы өсімге тікелей байланысты. Сонымен бірге, экономист соңғы кезде елдің Федералдық резерв жүйесі қабылдаған шаралардың тиімділігі төмендеп кеткенін, ал жұмыс орындары барған сайын қысқарып бара жатқандығын алға тартады.

Британияда жылжымайтын мүлік қымбаттады

Halifax.co.uk сайтының хабарлауынша, Британияда ақпан айында жылжымайтын мүлікке бағаның өсімі байқалыпты. Бұл қымбатшылық әлі де жалғаса бермек.

Сарапшылардың айтуына қарағанда, баға бір айға шаққанда 0,5 пайызға дейін көтеріліп, 163,6 мың фунт стерлингке жеткен. Ал жылдық көрсеткіштермен есептегенде, 2,1 пайызға артқан.

«Тұрғын үй бағасының бұлайша қымбаттауына соңғы айларда жылжымайтын мүлік рыногы қызметінің біршама жақсаруы әсер етіп отыр дейді, Halifax экономисі Мартин Эллис. Сондай-ақ, ол үстіміздегі 2013 жылда жылжымайтын мүлікке баға әлі де өсетінін болжап отыр. Мартин Эллис сонымен қатар, халықтың табысы азайып және де елдің экономикалық өсімінің төмендеуі тұрғын үй саудасына біршама кері әсерін тигізіп, сұранысты азайтатынын мысалға келтіріпті.

Halifax мәліметтеріне сүйенсек, соңғы үш айда британияда тұрғын үй жылжымайтын мүлігіне баға 1,9 пайызға өскен.

 

Ресейде жұмыссыздық артты

Utro.ru сайты Ресейде де жұмыссыздар саны артқанын хабарлады. Ресейдің Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сүйене отырып, 2013 жылдың 30 қаңтарынан 27 ақпанына дейінгі аралықта нақты жұмыссыздар саны 3,36 пайыз, яғни 35 мың 983 адамға көбейіп 1 миллион 105 мың 645 адамды құрады делінген. Министрлік жұмыссыздар қатарының бұлайша артуына маусымдық фактор әсер етіп отыр деп түсіндіріпті.

Жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жағдайға сәйкес, жұмыссыздықтың өсуі 2013 жылдың ақпан айында Ресейдің 81 өңірінде байқалған. Оның ішінде Ненец автономиялық округінде, Хакасия Республикасында, Тыва Республикасында, Сахалин облысында, Еврей автономиясы аумағында, Саха Республикасында тез өскені белгілі болып отыр.