Аймақтар • 12 Маусым, 2019

Құрттардың көмегімен таза тыңайтқыш алады

680 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбелік кәсіпкер Гайк Тертерян құрт өсіруге бекем бел буып, көздеген мақсатын іске асыру үшін Алға ауданындағы Бестамақ ауылынан арнайы ферма құрыпты.

Құрттардың көмегімен таза тыңайтқыш алады

Тіпті мұнда 30 отбасына арналған жатақхана да салынды. Бүгінде фермада құрттардың көмегімен малдың қиын толықтай қайта өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Осы арқылы тезекті тап-таза гумусқа, яғни пайдасы өте көп қарашірікке айналдыру технологиясы қолға алынды. Сирек кездесетін кәсіп иесінің айтуынша, мұндай тәсілмен екі апта уақыт ішінде 300-350 килодай қалдықты гумусқа, яғни таптырмас тыңайтқышқа айналдыруға болатын көрінеді.

Бұдан әрі құрттарды кептіріп ұнтақтаса, одан табиғи протейн алуға болады. Осы арада кәсіпкер күніне бір тоннадай протейн өндіруді мақсат тұтып отырғанын жеткізді. Кейінгі жылдары әлемнің көптеген елінде жауын құрттарын өндіруге көңіл бөлініп келеді. Интернет көздерінен алынған деректер бұл кәсіп Батыс пен Шығыс Еуропада, АҚШ пен Жапонияда және Оңтүстік Шығыс пен Азия елдерінде кеңі­нен таралғанын көрсетеді. Бұл өнімдер аталған елдерде өсімдік пен бау-бақша шаруашылығында қолданылады екен.

Ал ТМД елдері арасында құрт өсіру органикалық қалдықтарды пайдаға асырудың таптырмас тәсілі екенін дәлелдеп жүрген ақтөбелік кәсіпкер Гайк Тертерян мен осы сирек кәсіп саласындағы технолог-маман Михайл Красовский десек қателесе қоймаспыз.

Қазіргі кезде Гайк Тертерянның шаруашылығында 3 млн-нан астам құрт бар екен. Бір қарағанда қомақты секілді болып көрінгенімен, оның айтуынша бұл өндірістік популяция деңгейіне жету үшін тым аздық ететін көрінеді. Сондықтан да сирек кәсіп иелері алдағы жылы құрт санын жүз миллионға жеткізуді жоспарлап отыр. Бүгінде олар осы істі кәсіби жолға қоя білген елдердің тәжірибесімен танысып, біліктілігін жетілдірмек.

Әдетте органикалық заттардың шіру үдерісі ұзақ жылдарға созылатыны белгілі. Жауын құрттары осы уақытты бірнеше есе жылдамдата алады. Сөйтіп аз уақыттың ішінде кәдімгі қара қи мен тезекті таза да қарапайым әдіспен аса бағалы қара шірінді тыңайтқышқа айналдыруды мақсат еткен ақтөбелік кәсіпкер Гайк Тертерянның кәсібі қолдауға әбден лайықты.

 

Ақтөбе облысы,

Алға ауданы,

Бестамақ ауылы